Адам
Біз үшін романның басталуы тым тосын сезіледі. Аты-жөндері белгісіз, бірақ ұлы тұлғалардың есімдерімен аталатын жынды жетеудің қараңғылықтан қашып, жарыққа ұмтылысы көз алдымызға елестейді. «Іңірдегі көз байланған шақта жындыханадан қашып шыққан жетеу келесі күні шаңқай түсте таздың басындай тақыр далаға бір-ақ келді. Бұлар – жетеу». Автордың жетеу деп отырғаны олардың Жолбасшысы – Император, Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғысхан, Лир, Клеопатра,Таис Афинская және Қозышақ. Не қылған жетеу? Бұлар неге қашты дерсіз? Оқи келе, жауап та табылады. Олар бір жұмақ мекенді бетке алып кетіп барады. Осы сапар барысында әлгі жетеу әртүрлі қиындықтарға кездеседі, өткен шақтары оларды соңынан қуғандай күй кешеді. Жалпы, адамның өмірі туралы ойлануға бұл кітаптағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері мүмкіндік береді. Жынды жетеу алысқа сапар шегуі адамзаттың бағзыдан бергі сапары, адамның адам болып қалуы үшін жасаған сансыз күресі еске түседі. Иә, кейіпкер жетеу, жеті ықылымнан бері аңыз болып келе жатқан тұлғалардың атымен аталған жетеу.
Кітап
Романдағы қасиетті кітап туралы сана түкпіріне жетер тіпті мифпен ұштасқан эпизодтар бір сәт сені мына әлемнен алыстатып, өзге бір әлемге апарады. Адам да, сөз де, ауа, от та тылсымға айналып, құдіреттің күшімен бәрі сол қасиетті кітаптың ішінде сөйлеп тұрғандай. «Ол кітаптың аты «Қасиетті» деген, жоқ «Қасиетті жер» деген кітап. Есіме түсті, сол жазушы кімде-кім бұл кітапты оқитын болса жындыханаға кетеді, өмір бойы жындыханадан шықпай шіріп өледі деген. Мен оны қайдан білейін?! Кейін байқасам, ол мені алдап соғыпты. Ол шынында да Қасиетті кітап екен». Жындыны бірі Таис Афинскаяның бұл сөзі қасиетті кітап туралы алғашқы түсінікке ие етеді. Ал сол кітапты жаздым деген жазушы «Менің жүрегімнің тең жартысы аспаннан, қалған жартысы жерден жаралған. «Қасиетті кітабымның» алғашқы сөйлемі де аспаннан түскен сөздермен басталады. Мендейлер өлмейді, ғайып болып кетеді. Мен де жақында ғайып болып кетемін. Бір ғана қинайтыны – жындыханадан қайтіп құтылып шығамын...», дейді. Бұл екеуара тайталастан туған сөйлемдер үйіндісі емес, жындылардың кітап туралы пайымы да емес, санадағы жалғыз сәуленің жарқылы дерсіз. Ол сәуле кейде ақауы бар миға өзгеше әсер етеді. «Қасиетті кітаптың» ішіне бәрі сыйып тұр. Жер мен көк, аспан, ауа, жұмыр жер – бәрі-бәрі. Осын кітаптағы жұмбақтың шешімін де соған қатысты адамдар ғана шеше алатынын ұмытпаған жөн.
Тарих
«Жанжазадағы» тағы бір кілт – тарих. Тарихи тұлғалардың есімін «арқалаған» кейіпкерлер солардың іс-әрекеттерін қайталамағанымен, солар іздеген жұмаққа ынтызар һәм асық. «Ол түсінде де Киелі Жерге қарай жол тартып барады, қиялында ғана емес, тұрмысында да сол Киелі Жерге жетсем деп тілейді, тәтті ойларға қанат байлайды... Құдды моншада кірін жуғандай, денесіне жабысқан күнәларынан арылып, өзін мақтаның түбітіндей соншалықты жеңіл сезініп, қиялдарының ұлы толқынында көсіліп бара жатты... Құмды шөлде желе жортқан бозінгендей сызып бара жатты. Император оянды... Ауыр оянды... Ауыр күрсініп, кереуетінен әрең тұрып, жарық түсіп тұрған тор терезенің жанына келді...». Император атты кейіпкердің кітаптағы болмысы осы. Ол түсінде ылғи жылан көреді. Ол не қылған жылан? Қандай жылан екенін автор оқырманға жұмбақ ретінде қалтырады. Кітап жазудың өмірдің жұмбағын шешу емес екенін жақсы білетін жазушы әр кейіпкердің психологиясы арқылы санаға салмақ түсіріп отырады.
Ал Шыңғысханның «кейпі» мынадай: «Кеше түні бір анық түс көрген... Түсінде аспан бетін бермей ұшқан мың сан қарғаларды көрген... Олар қарқылдап ұшпай, құдды бейіт басынан кісі жерлеп келе жатқан адамдардың түнерген кейпіндей, құдды Шыңғысханның сансыз ұлы қолындай сұп-суық қалпында ұшып келе жатып, кенет кісі кейіптеніп: – Келе жатыр... келе жатыр... келе жатыр!.. – деп адамша дауыстап, қарқ-қарқ етісіп, аспан әлемін жауып кетті... Ұшқанда да жай ұшпай, Шыңғысханның үстіне саңғырықтарын сорғалатты... Бір мезет өзін қарғалардың боғына көміліп қалғандай сезінді». Түс. Жай түс емес, сансыз қарғаларды көрген түс. Бұл арада астарлы бірдеңе айтылып тұр ма деген ұзақ ойға қаласыз. Айтылғаны шындық. Ұшып келе жатып, адамша сөйлеген қарғалар ненің символы? Әрине, рухтың азуы, адамның өзін жоғалтуы, ұлттардың теңсіздігі.
Миф
Бұл романдағы оқиғаларды оқып отырып, қаптаған мифтің ортасына түсіп кеттім бе деп те ойлайсыз. Себебі жындылардың істеген қылықтары шындықтан гөрі мифке жақындау. Ал ұлы қағанның өлім алдындағы өсиеті туралы әркім әр саққа жүгіртіп айтып жатады. Ал біз оны миф ретінде қабылдаймыз да. «Жанжазадағы» кейіпкердің әп-сәтте Темучин туралы ойға батуы, ұлы оқиғаларды ой қазанында қайнатуы бізді әрі қарай жетелейді.
«Нояным! Менің сүйегімді дарияның суына жуып, денемді балмен сылап, түйенің жүнінен басылған киізге жеті қабат етіп орарсың, әр ораған сайын арасына жаңғақтың жапырағын, жаңа орылған жас шалғын салып отыр. Жол ұзақ, сүйегімді қояр жер ұзақ... Алдыңа қырық нөкерді сал, қырық атты қос, жеті түйеге ордамдағы жеті сандықты арт, бірақ ол сандықтарды ашпаңдар, онда не бар екенін сен де білмеуің керек. Шарт осындай... Қырық күлік, қырық нөкермен қоса өзің сенетін жеті жендетіңді, бұларға қосып боталы түйені ал... Жеті күн, жеті түн жол жүргеннен кейін сендер тау етегіндегі жалғыз кәрі жаңғаққа жетесіңдер...».
Жыр
Романдағы кейіпкердің бірі Клеопатраның тағдыры тым аянышты. Патшаның ұлы ғашық болған, бірақ қосыла алмаған ол өткен күндерін еске алу үшін үнемі жапон жырын айтудан танбайды. Егер ол жырды ұмытса, өткенін ұмытады. Мұндағы жыр – танымның көкжиегі. Сол арқылы адам өз халін білдіреді. Жындыханада жатқан қыз жапон жырын әуелгі қалпынан ұмытпай айтқан сайын қара киімді адам жындыхананың бас дәрігерін аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, тілдейді. Ал актер деп аталатын кейіпкердің Лир патшаның рөлін ойнаған кезіндегі монологы де назардан тыс қалмайды.
Үміт
«...Киелі Жерге бәріңді алып барамын деген Император жарым жолда жан тапсырды... Ол өзінің өлімімен қоса Киелі Жер туралы сөздің бәрін алып кетті... Осы сөзге еріп, жындылар өлкесінен қашып шыққан алтау енді құм шағылдар арасында жол басшысынан ажырап, қаңырығы түтеп, өлсе – құнсыз, сатса пұлсыз Императордың ақыретке бас бұрып кеткенін түсіне алмай, оның себеп-салдарын да біле алмай аңтарылып қалды. Киелі Жер десе оттай жанған Император енді күлдей өшіп, жансыз жатыр...».
Нүкте
Шығарма соңы сәтті аяқталады. Құм төбешіктері императордың сүйегін өзіне жасырады. Одан кейін толассыз жауын. Құмның өзі оларды азапқа салады. Енді олар үшін азаптың бірі – құмнан құтылу. Императордың «менің өлімім – жыланнан» деуі шындыққа айналады. Жындыханадан бір, жыланнан екі қашқан император үшін бәрі қайғылы күйде аяқталды. Осы сәтте киелі жерге қарай барар жол олар үшін, қалған сапарластар үшін жалғыз нүкте сияқты болып елестейді. Сол нүктеден адаспаса, олар бақытқа жетпек. Сосын олар ұлы шөлде бір нүктеге қадалып «О, Құдай» деген сөзді қайталап айтып тұрды. Ұлы шөлде қоңырау қағылып бара жатты. Бұл – тіршілік қоңырауы.