Қазақстан • 28 Маусым, 2022

Болашағымызға бейқам қарамайық

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, биік мінберлерден болсын немесе алқалы жиындарда: «Болашақ – жастардың қолында», «балалар – жарқын болашағымыздың кепілі», дегендей ұранды сөздерді жиі естіп жатамыз. Ақыры кемел келешегімізді жас ұрпақпен байланыстырады екенбіз, онда олардың озық идеяларын жүзеге асыру мен қолайлы өмір сүру үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр? Алғаш­қы қадамдарын енді жасай баста­ған балалардың қауіпсіздігін толығымен қамти алдық па?

«Ақыл-ойы ұшқыр әрі ізденімпаз, бірақ мінезге келгенде асау, қыңыр балалар болады. Әдетте оларды мектепте жақтырта қоймайды, сондай-ақ болашағына күмән келтіреді. Алайда тәрбиені жолға қойса, дәл сондай балалардан ұлы адамдар шығады». Әйгілі чех педагогі Ян Амос Каменскийдің осы бір сөздері көп нәрсені аңғартқандай. Рас, заман өзгергенімен адамдар сол баяғы қаз-қалпында. Бұрынғы дәуірде актуалды болған мәселелер қазір де өзектілігін жойған жоқ. Бұл жас ұрпақтың болашағы мен қауіпсіздігіне де қатысты.

Мемлекет басшысының пәрменімен 2022 жыл елімізде Балалар жылы деп жарияланған еді. Оның бірінші жарты жылын артқа тас­тап үлгердік. Бұл аралықта не түйдік, нені ескердік?

Қар еріп, айнала жасыл желекке оран­ғанда елімізде балалардың қатысуымен орын алатын оқиғалар жиілеп кетеді. Бұл бір жағымсыз үрдіске айналды. 8-қабаттағы үйдің терезесінен құлауға шақ қалған 3 жастағы сәбиді аман алып қалған Сәбит пен Сағидың ерлігі көпке мәлім. Күмәнсіз, азаматтардың көзсіз батырлығын қанша айтсақ та, мақтауға да, марапаттауға да жарасады. Лайықты бағасын қоғам берді де. Бірақ бұл жерде мәселе ата-ананың жауапкершілігінде болып тұр. Әлбетте, күйбең тірліктің қамымен күн-түн демей еңбек етіп, отбасын асырауға тура келеді. Десе де өз ұрпағыңның қауіпсіздігін құнттай алмасаң ақша табудағы қам-қарекетіңнің барлығы зая кеткенмен бірдей емес пе?

Сондықтан да баланың қауіпсіздігіне келгенде, жауапкершілікті бірінші кезекте ата-ананың өзі арқалауға тиіс.      

Елордадағы жағдай сәтті аяқталса, өкінішке қарай 12 жастағы ақтөбелік оқу­шының өмірін сақтау мүмкін болмады. Нақ­ты айтқанда, оның өмірін сақтап қалуға заң­ның шикілігі кедергі келтірді. Міне, дәл бұл жерде қоғамдық жауапкершілік мәселесі туындайды. Естеріңізде болса, осы айдың басында Ақтөбеде қаңғыған иттер 10 жастан асқан оқушыны талап, алған жарақаттар­дан жас ақтөбелік өмірімен қош айтысты. Ресми ақпараттарға жүгінсек, бұл бірінші рет болған оқиға емес. Бұған дейін де Ақтөбеде 15-ке тарта қаңғыған ит 13 жастағы оқушы қызға тап беріп, шабуылдаған болатын. Абырой болғанда, оны таяу маңнан өтіп бара жатқан тұрғындардың біреуі құтқарып қалған. Оның өзінде қаңғыған жануарлар­дың азу тістері батқаны соншалық, дәрігерлер­ге дене мүшелерінің бірнеше жерін тігуге тура келді.

Өз кезегінде облыстық ветеринария басқармасы бұл жағдайда қауқарсыз екен­дерін жеткізсе керек. Себебі 2 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң күшіне еніпті. Соған сәйкес қараусыз жүрген иттерді тек ұстап, оларды уақытша қарап, зарарсыздандырып, босатуға ғана құқық берілген. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды күтіп ұстауға ақша бөлу үшін шенеуніктерге бірыңғай бюджеттік классификаторға өзгерістер енгізу қажет дейді мамандар. Ал бұл үшін уақыт керек.

Адами капиталға басымдық беру туралы көп айтылғанымен іс жүзіне келгенде барлығы басқаша. Айталық, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр елімізден 32 209 адам басқа елге көшіп кеткен. Оның ішінде 8 584 адамның жоғары білімі бар, бұл 15 жастан асқан эмигранттардың 36%-ын құрайды. Мұны неге айтып отырмыз? Қазір кез келген жастан сұрасаңыз жеткілікті, олар өз болашағын Еуропа немесе АҚШ-пен байланыстырады. Өйткені өркениеттен тыс қалғысы келмейді. Ал сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлаған, меритократия принципі тек формалды түрде көрініс тапқан елде кім өзін бақытты сезіне алады? Жастар ертең емес, бүгін бақытты ғұмыр кешуді қалайтындарын айтты. Осыған «еститін мемлекет» қанығып, тиісті шешімдер қабылдай білсе игі. Себебі болашағымыздың өзгенің уысында кетіп қалу қаупі сейілмей тұр.