Тұрғындардан түскен әр сауал мұқият зерттеліп, 150-ге жуық адам жиналған екі стратегиялық сессия өткізіліпті. Жиында қалалар мен ауылдардан арнайы ат басын бұрған әр жастағы азаматтар төбе көрсетіпті. Тіпті қаңтар оқиғасына қатысқандар да ортадан табылған. Осылайша, көпшіліктің талқылауынан кейін 2022 жылға арналған бағдарламаның мазмұны бекітілген. Соған сәйкес, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 5 мың жасқа жұмыс тауып беру, 12 мың оқушыға бос уақытты тиімді пайдалану үшін ыңғайлы жағдай жасау сияқы шаралар қамтылған. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Мәселен, 25 жастағы баянауылдық Саян әу баста өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатында жүрсе, бүгінде кәсіпкерлік курстарын меңгеріп, жеке шағын бизнесін өрге домалатып отыр. 20 жастағы Маргарита жұмыссыз жүрген еді. Қазір Тереңкөл ауданының әкімдігінде әдіскер болып нәпақа айыруда. Қысқасы, жаңа бағдарлама іске қосылғаннан бері 6 мың павлодарлық тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Межеге қол жеткізу үшін жұмыспен қамту орталықтарының қағидаттары өзгертіліп, мамандар шалғай ауылдарға, адамдар тығыз орналасқан елді мекендерге қатынаған. Жұмыспен қамту мобильді орталықтарының да пайдасы орасан. Жұмыс іздеп әуре болмайсыз. Үйде отырып-ақ екі қолға бір күрек таба алатын мүмкіндік бар. 19 білім беру мекемесінде жастарға арналған орталықтар ашылды. Кәдімгі халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты кеңес беріп, құжаттарды реттеуге, өзге де мәселені шешуге жәрдемдеседі.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, тағдырдың тауқыметін тартып, қиын жағдайда қалған отбасыларды анықтау көзделген. Есте болса, биыл ақпанда Екібастұз қаласында жағымсыз жағдай дүйім елді елең еткізген-ді. Пәтерлердің бірінен күтімсіз қалған төрт балдырған табылған еді. Одан кейін де соған ұқсас оқиға тіркелген болатын. Осы ретте жергілікті билік «Отбасының цифрлы картасы» шеңберінде әлеуметтік әлсіз отбасыларға тиісті төлемақыны алу, құжаттарды реттеу сияқты үлкен қолдау көрсетіп жатқан көрінеді. Мұндай көмек 55 отбасына көрсетілген. Психологиялық қолдауды 12 отбасы сезініп, 39 адам жұмысқа орналасқан. Жалпы, жаңа бағдарламада 10 бағыт бойынша 97 нақты іс-шара қарастырылған.
– Аталған бағдарлама халықтың игілігі үшін жасалғанын көріп отырсыздар. Себебі халықтың өзі оны талқылауға және әзірлеуге қатысты. Ата-бабаларымыз ақсақалдар, билер кеңесін шақырып, құрылтайда бірлесіп шешім қабылдаудың тиімділігі ерекше екенін бұрыннан білген. Оның тағы бір дәлелі – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен халықпен кездесулердің жаңа форматы. Мен, менің орынбасарларым және басқарма басшылары осы уақытқа дейін 100-ге жуық ауылды аралады. Кездесулерде 536 сұрақ қойылды, оның 40 пайызы жедел шешілді. Мұндай шаралардың тиімділігі өте жоғары, себебі кездесуге тұрғындар, аудан, облыс басшылығы, құқық қорғау және басқа органдар өкілдері қатысады. Бірлікпен бірлесіп шешім қабылдау – басты мақсаттың бірі, – деді Ә.Сқақов.
Аймақ басшысы емханалардың жұмысына қатысты тұрғындардан шағым көп түсетінін айтты. Павлодарлықтар көбіне кезекті көп күтетіндерін, медицина қызметкерлерінің дөрекі жауап қайтаратынын, телефонмен хабарласу мүмкін емес екенін жеткізіпті. Мәселені шешу үшін облыс әкімі емханаларды аралап, тиісті орган басшыларымен бірге нақты шаралар қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі уақытта пациенттердің емханаларға қоңырау шалу кезіндегі күту уақыты 4 есеге, медбикелер бекеттерін енгізу есебінен дәрігерлердің жүктемесі 35 пайызға азайған. Емханаларда цифрлы бекеттер орнатылып, call-орталықтардың, тіркеу бөлімдерінің және басқа да құрылымдық бөлімшелердің 385 қызметкері арнайы оқытудан өткен. Өңірде жас мамандарға резидентурада оқу үшін гранттар бөлініп, қолдау көрсетілуде. Мәселен, облыс орталығындағы медициналық колледж жатақханасы қайта жаңғыртылып, жас дәрігерлердің отбасылары үшін көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған.
– Облыста оқушылардың жартысынан көбі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұған өңір бюджетінен тиісті қаржыландыруды ұлғайту әсер етті. Ол 1,8 есеге өсіп, 3,9 млрд теңгені құрады. Бірінші мамырдан бастап өңірдегі барлық үш қалада мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Балаларға арналған спорт инфрақұрылымын кеңейту жоспарлары да ауқымды. Облыста 7 ірі спорт нысаны, 13 шағын футбол алаңы және 63 спорт алаңы салынуда.
– Облыста 7-11 сынып оқушыларына болашақ мамандықтарын табуға кәсіби бағдарлау бағдарламасы оң септігін тигізуде. Қазіргі кезде бағдарлама 20 мың оқушыны қамтыды. Біз 150-ге жуық мектеп кітапханасын жаңғыртып, барлық оқушының музейге тегін баруын ұйымдастырдық. Пікірсайыс қозғалысын дамытып, ақпараттық технологияларға оқытудың үздіксіз жүйесін құрдық және дарынды балаларды «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапаттау арқылы ынталандырамыз, – деді Ә.Сқақов.
Брифинг барысында облыс әкімі журналистердің сауалына толымды жауап берді.
Павлодар облысы