Қоғам • 29 Маусым, 2022

Үздіктер анықталды

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» және «Жылдың үздік сапалы қызмет көрсетушісі» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттады.

Үздіктер анықталды

Мемлекеттік қызметтің беделін нығай­тып, мемлекеттік қызмет­шілер­дің болмысын насихаттауға әрі ынталандыруға бағытталған кон­курс жыл сайын өткізіледі. «Биыл­ғы бәсеке ерекше болды», дейді ұйымдастырушылар. Мара­пат­тау іс-шарасы мемлекеттік тілде өткі­зі­ліп, жылдағы «дәстүрді» артқа тастады. Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жа­зық­баев мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа сын-те­геуріндерді шешуде мемлекеттік қыз­метшінің миссиясы аса зор еке­нін атап өтті. «Басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түр­де жаңғыру қажет. Мемлекеттік қыз­мет­шіге азаматтық сана, елдік сана, мем­ле­кетшілдік сана басты құн­ды­лық болуға тиіс», деді Д.Жазық­баев. Сонымен қатар ол мем­ле­кет­тік қызметке кіргенде қабыл­да­на­тын анттың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік қызметке кіргенде ант берудің мағынасы өте зор. Бұл әдеттегі формальды түрде орындалатын іс-шара болып қал­мауы керек. Ол үлкен жауап­кер­шілікті өзіңнің ар-ожданыңмен жария түрде қабыл алуды білдіреді. Оның сұрауы да үлкен. Әрбір мем­лекеттік қызметші осыны ерекше ес­керуі керек. Антқа берік болу – адам бойындағы қасиеттердің үлкен көрінісі. Антты бұзбау, ант­ты аттамау – біздің халық алдындағы басты парызымыз», деді агенттік төрағасы.

Байқау жеңімпаздарын Арда­гер­лер ұйымының төрағасы Бақты­қожа Ізмұхамбетов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық кеңестің мүшелері Мирболат Жақыпов пен Анас Баққожаев марапаттады. Биылғы конкурс­қа 714 мемлекеттік қызметші қатысқан. Олардың қатарында Қостанай облысы Сарыкөл ауданы әкімдігінің бөлім басшысы­ның орынбасары Арман Вилямов, Алматы қаласы бойынша Мем­лекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Айжан Бекеева, Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі Әли Рустам, Нұр-Сұлтан қаласы Бас көлік прокурорының аға көмекшісі Артур Баймаханов, Павлодар облысы Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Мирас Жұмаділов, Меди­ци­на­лық қызметтер көле­мін бол­жау және жос­парлау басқармасының басшысы Ғазиз Сағит­ұлы, Ақмола облысы Қосшы қаласының бөлім басшысы Айнагүл Қонбай, Қостанай облысы әкімдігінің басқарма бас маманы Аида Бажирова, Ақтөбе облысы әкімдігінің бөлім басшысы Раслана Салманова, Ақтөбе облысы әкімдігінің бөлім басшысы Алмат Махай үздік деп танылды. Ал байқауға белсенді қатысқан және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге агенттік төрағасының Алғысхаты мен Грамотасы табысталды.

Сондай-ақ Мемлекеттік қыз­мет ардагері Ерсұлтан Бектұрғанов пен Агенттіктің мемлекеттік қыз­мет саласындағы бақылау де­пар­таментінің директоры Ерлан Сапаров «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тақты. Орталық және жергілікті органдар арасындағы ықпалдастық­тың нығаюына қосқан үлесі үшін агенттіктің бірқатар қызмет­шісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс­­хатымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара көпшілік алдында сөйлеу, имиджмейкинг, әлеуметтік желілерді жүргізу бо­йынша семинар-тренингтер мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуы туралы сессиялармен жалғасты. Бұған қоса мемлекеттік қызметшілердің интеллектуалдық білімін шыңдау мақсатында мемлекеттік органдар арасында алғаш рет «Не? Қайда? Қашан?» ойыны өткізілді.

Соңғы жаңалықтар