Қоғам • 29 Маусым, 2022

Қалыпты ұйқы – қуат көзі

1154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ «ұйқы – кіші өлім» деген. Күзде қурап жерге сіңіп, көктемде қайта жаңаратын табиғат сынды қалыпты ұйқы бойға бекем қуат дарытады. Ұйқыны өлімге балау, өзге халықтарда да кездесіп жатады. Мәселен, ежелгі грек мифологиясында ұйқы құдайы Гипнос пен өлім құдайы Танатос егіз болған деседі.

Қалыпты ұйқы – қуат көзі

Адам өмірінің үштен бірі ұйқы­мен өтеді. Мәселен, 60 жастың 20 жылы, 75 жастың 25 жылы ұйқы­ға кетеді. Ұйқының адам ден­сау­­лығы үшін маңызы жоғары. Ұйқы режімін дұрыс сақтамаған жағ­­дай­да қант диабеті, жүрек-қан тамыр­ла­ры аурулары, инсульт, қан қы­сы­мы, психологиялық жай-күйдің төм­ен­деуі секілді дерттер пайда болатыны айтылады.

Ұйқыны азайтып, жүйелі еңбек ету жайлы философтар мен өнер адамдары жарыса пікір қалдырған. Тіпті испаниялық суретші Салвадор Дали көп картиналарын түсінде көрген бейнелерді қағазға түсіру арқылы салған. Ал Оноре де Баль­зак, Лев Толстой, Чарльз Дар­вин сынды майталмандар 8 сағат ұйық­таса, Зигмунд Фрейд пен Вла­димир Набоков 6 сағат, Наполеон Бонапарт пен Вольтер 4 сағат ұйық­таған. Бүкіл өмірін білім алу мен жазуға арнаған ғұламалар артық ұйқыны «өлі уақыт» деп санаған. Тіпті өзін 2 минут кешігіп оятқан күзетшісіне А.Эйнштейннің қатаң сөгіс білдіргені бар.

Ал психологтер күндізгі ұйқының ми құрылысына пайдасы мол екенін алға тартады. 1 500 адам­ды тәжірибеден өткізіп, күн­дізгі уақытта 5 минут пен 2 сағат көле­мінде ұйықтаған 300 адамның қал­ған адамдарға қарағанда ши­рақ, сыртқы факторларды жылдам таразылай алатынын, ми жүйе­сі мығым жұмыс істейтінін анық­таған. Сонымен бірге білім алу­ға деген қарқын мен ағзаның қыз­ме­тін жақсартатынын, көңіл күй тұрақ­тылығын сақтайтынын айтқан.

Ұйқы – жеке ғылым. Терең ғы­­лымның ішіне сүңгіп, өз ұйқы мөл­шеріңді анықтау маңызды. Өйт­­ке­­ні адамның ұйқыны қабылдау дең­­­ге­йі гендік, психологиялық тұр­­ғы­­дан әр түрге бөлініп жатады. Біреу­лерге 5 сағат ұйқы аз болса, бас­қа­лар үшін жеткілікті мөлшерге бара-бар. Мамандардың дерегіне сүйенсек, ұйқыға ерте жату үшін дәрігерлердің ақыл-кеңесіне жү­гін­ген жөн. Біріншіден, ұйықтар шақ­та теледидар, телефон сынды экра­ны бар құрылғылардан аулақ бо­лу қажет. Өйткені онда кезігетін кей­бір оғаш, жағымсыз жаңалық­тар сана­ңызға әсер етіп, ұйқыны бұ­зуы ғажап емес, оның үстіне эк­ран­нан таралатын күлгін сәуле маза­сыздыққа жол ашуы мүмкін. Екіншіден, ұйықтайтын жатын бөл­ме қараңғы болуға тиіс. Көздің қабақтары жұқа келетіндіктен, ұйықтап жатқан көз мимен бірге терезеден түскен жарыққа, теледидар сәулелеріне, электронды оятқыш сағаттың сандарына да мазасызданады. Пәтеріңіздегі ұйықтайтын бөлменің тыныш болуы, сырттан ішке ешқандай дыбыстың естілмеуі де өте ма­ңызды. Үшіншіден, мамандар ұйқы режімі бұзылған жағдай­да бас­қа жастайтын жастықтың іші­не «ұйқы келтіретін» лаванда, сәл­бен сынды әртүрлі шөптерді салып қоюға кеңес береді.

№10 қалалық емхананың жал­пы тәжірибе дәрігері Дана Бексейіт: ­«Аз ұйықтаудың адам денсаулы­ғы­на кері әсері көп. Аз ұйықтаған адам ашушаң болып, депрессияға бой алдырады. Жаңа нәрсені есте сақтау, бір нүктеге назар аудару, оқуды қабылдау мен жұмыс жүйесі нашарлайды. Ұйқысыздық – адам­ға берілетін қуатты азайтып, күш-қай­ратынан айырып жатады. Бұл кез­де психикалық аурулар мен се­міз­дік пайда болуын арттырады. Сон­дай-ақ ұйқының қанбауы жү­­рек мәселелерін туғызып, имуни­тет­тің төмендеуіне әкелетіні жай­лы дәлел­дер бар. Тәулігіне қажетті 7-10 сағат ұйықтайтын адамдар­­ға қарағанда аз ұйықтайтындар­дың тұмаумен ауыру қаупі екі есе ­жо­ғары» дейді.

Ал қалыпты ұйқының адам ден­саулығына пайдасы орасан зор. Дененің қажетті демалысына кө­ңіл бөлсек, ол жеміс ағашы секілді бізге жарқын қуат пен жақсы кө­ңіл күй сыйлайды. Ұйқыны тек ты­нығу деп қабылдау дұрыс емес. 1928 жылы ми жүйесінің электрлі белсенділігін өлшейтін құрал ойлап тапқан ғалымдар ұйқының тек денеге емес, ми жұмысына, көз жыл­дамдығына, әр мүшеге жеке әсер ете­тінін анықтаған.

Қорыта айтқанда, жанымызды оятып, тәнімізді тынықтырып отыр­сақ, алынбайтын асу, берілмейтін қамал болмасы анық.