Руханият • 29 Маусым, 2022

Рухани мұралар дін өкілдеріне таныстырылды

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсыл­мандары діни басқар­масының (ҚМДБ) Солтүстік Қазақстан об­­­­лысы өкілдігінің ұйым­­дастыруымен «Қы­­зыл­жар өңірінің рухани мұралары» атты рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған ҚМДБ өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлы конференцияның мақса­ты дін өкілдеріне, имам­­дарға Солтүстік Қа­зақ­стан облысының рухани мұраларын таныстырып және оларды діндар жамағатқа мүмкіндігінше білдіріп отыруды көздейтінін атап өтті.

Рухани мұралар дін өкілдеріне таныстырылды

Конференцияға құттықтау сөз айтқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов кезінде Қызылжар қаласында тоғыз мешіт болғанын, соның бәрінің және облыстың аудандары мен ауылдар мешітінің жалпы саны 49 имамы қуғын-сүргінге ұшырап, көбі атылғанын еске салды. Соның ішінде Мағжан оқыған медресенің ұстазы Бе­гішев те болған. Қуғын-сүр­гін құрбандарын жаппай ақ­тау жөніндегі Президенттің Жар­лығымен құрылған комиссия олардың бәрінің жарқын есімдерін ақтау жолында еңбек етуде, деді ол өзінің сөзінде.  

Баяндамашылар қатарында ҚМДБ «Уағыз және насихат» бөлімінің маманы Ду­ман Сайфуллин, «Ботай» мемле­кеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Қуаныш Шақшақов, М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ профессоры Ақма­рал Ыбыраева, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ұланы әс­кери институтының директоры Жанбатыр Сартаев, «Астана» халықаралық университеті Жоғары өнер мектебінің деканы Саят Ыбырай және т.б. болды.

«Ботай» мәдениеті: өткені мен бүгіні» тақырыбындағы баяндамасында Қуаныш Шақ­шақов осыдан бес мың жыл бұрын адамзаттың жылқыны алғаш рет Солтүстік Қазақстан аумағында қолға үйреткенін және сол кез тұрғындарының тұрмыстық бұйымдары мен шаруашылық құралдарының зерттеліп жатқанын, тұрғы­лықты мекендерінің құрылысы мен ерекшеліктері туралы да көптеген әңгіме айтты.

Ал Ақмарал Ыбыраева  өңір­дің этностық ерекшеліктері туралы баяндады. Бұл жерден кезінде сақ, сармат, массагет тайпалары өткенін, кейін қыпшақ, арғын, керей тайпаларының қоныстанғанын ғылыми дәлелді пікірлермен жеткізді. Сонымен бірге ол Алтын Орда мен «Қы­зыл оба» қорымының тарихына шолу жасады. «Қызыл обаның» маңында басқа да Алтын Орда хандарының бір­неше қорымдарының табылып жатқаны кезінде болған алып империяның орталығы Солтүстік Қазақстан даласы екендігінің дәлелі», – деді ол. 

Әскери институттың директоры Жанбатыр Сартаев Солтүстік Қазақстан өңірінде Ұлы даланың тарихына енген 13 батырдың дүниеге кел­гені дәлелденгенін жеткізді. «Солтүстік Қазақстан және Абылай хан» деген тақырыпта баяндама жасаған осы жолдар­дың авторы қазақтың ұлы ханы­ның Қызылжар қаласымен байланысы тығыз болғаны, қазіргі қаланың аумағында өзіне ағаштан үй салдырғаны, орыс патшалығының ханға босатып отырған астығы мен ақшасының да осы қалада берілгені туралы баяндады. Сонымен бірге біз кезінде Ресейдің батыс облыстары және Украинадан қоныс аударып, Қазақстанға көшіп келген шаруалардың қыстағы мен хуторларының, деревняларының атаулары тегіс христиан дінінің апосталдары, архангелдері, угодниктері және діни мерекелерінің атауы­мен аталғанын жеткіздік. Бұл – қазақ даласына христиан дінін таратудың бір қитұрқы амалы еді. «Әлі күнге біздің аудандарымызда Николаевка, Михайловка, Петровка, Покровка, Рож­дественка, Боголюбово, Спа­совка, Святодуховка, Благо­вещенка және т.б. ауыл-село атаулары самсап тұр. Кей­бірі тіпті бірнешеуден. «Ком­мунистер өз билігінің кезінде дінге қарсымыз, дін – апиын деп мешіттер мен шіркеулерді талқан қылса да өздерінікі болған соң дін атауларын жоймаған. Осы ауыл-селолардың бәрінің де жер-суға байланысты қазақы атаулары бар. Оның үстіне қазір бұл ауылдардың көбінде мұсылман халқы өкілдерінің үлесі басым. Сондықтан хрис­тиан атауларын өзгертуге, елі­міздің ономастикалық саясатына сіздер де үлес қосып, діни уағыздарыңызда осы мәсе­ле­лерді де жамағаттың құлағына жеткізіп отыру­ларыңыз керек» дедік біз өз сөзімізде. 

Конференцияның соңында қатысушыларға Бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлының басшылығымен дайындалған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» жинағы мен ҚМДБ Солтүстік Қазақстандағы өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлының «Уақыт  және сен» атты кітабы таратылды. Ал конференция материалдары жеке жинақ болып шығарылатыны айтылды.

 

Петропавл