Экология • 29 Маусым, 2022

Жастар экология тақырыбын қаузайды

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеуге бағытталған республикалық жоба жүзеге асырылуда. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының хабарлауынша, экобелсенділер еріктілермен бірлесіп, түрлі экоакциялар, конкурстар мен сенбіліктерді ұйымдастыруда.

Жастар экология тақырыбын қаузайды

«Қазіргі уақытта гранттық қаржыландыру аясында біз экологиялық бағытта 2 үлкен жобаны іске асырып жатырмыз. Биыл бұл бағыттағы жобалардың шеңберінде ҮЕҰ-дан 19 өтінім келіп түсті. Бұл басқа тақырыптарға түскен өтінімдер санына қарағанда үш есе артық. Мұндай үрдіс, сондай-ақ біздің қоғамда экологиялық білімнің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. Экобағыттағы жобалар барлық қазақ­стандықтың болашағына әсер етпей қой­май­ды», дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лығы бас­қарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның Экологиялық қоры жастар арасында бейнероликтер байқауының басталғанын хабарлады. Байқау­дың мақсаты – табиғатқа деген қамқорлықты қалып­тастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бай­қауға «Мен суды қалай үнемдеймін?», «Қоқысқа екінші өмір сыйлайық», «Менің аулам – ең таза аула» тақырыптарына бейнероликтер түсірген мектеп оқушылары немесе студенттер қатыса алады.

Сондай-ақ қоғам белсенділері экологиялық акция­лар мен сенбіліктерді, аумақтарды тазалауға, абат­тандыруға бағытталған басқа да іс-шараларды өткіз­бек. Көктемде елордада еліміздің маңызды оқиға­ларына орайластырылған атаулы ағаштар отыр­ғызуға бағытталған «Жасыл челлендж» ұйым­дас­тырылды. Акцияны Нұр-Сұлтан, Маңғыс­тау, Түр­кістан, Пав­лодар облыстарының мектептері қолдады.

«Бүгінгі таңда қоғамда экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан дамыту керек деген ұстаным бар. Егер біз балаларға экомәдениетті жастайынан сіңіретін болсақ, болашақта олардың экологиялық сауаты жоғары болады. Мұнымен қоса жастардың экологиялық білім деңгейін арттыру бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілуге тиіс», дейді жоба жетекшісі Айгүл Абдуалиева.

Ұйымдастырушының айтуына қарағанда, барлық экологиялық акцияға еріктілер тартылады. Олар­дың арасында оқушылар да, қазақстандық колледж­дер мен жоғары оқу орындарының студенттері де бар.

Айта кетейік, «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзір­леу және іске асыру» жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.