Ана жүрегі өлімнен күштірек
Иранда өлім жазасы қолданылады. Оған кесілгендер өмірмен қоштасары өз алдына, жаза көбіне жұрттың көз алдында дарға асу арқылы жүзеге асады. Шариғат заңы соны талап етеді.
Содан да өлім жазасына кесілген Балал деген азаматқа соның қолынан қаза тапқан Абдулла Хусейнзаденің шешесінің кешірім жасағаны бұл елде ғана емес-ау, бүкіл әлемде кеңінен сөз болды. Онда жұрт ананың мейірімімен қоса, бұл елде сот жүйесінің қаталдығын да сөз етті.
Сол өлімге апарған оқиға осыдан жеті жыл бұрын Иранның солтүстік аймағындағы Роян қаласында болған екен. 17 жасар Абдулла жолдастарымен келе жатқанда, онымен құрдас Балал оны қағып кетеді. Өз кезегінде Абдулла оны аяғымен тебеді. Оған қарсы Балал пышақ жұмсап, ол өлімге соқтырады. Шариғат соты оны өлім жазасына кеседі.
Бұл елдің заңы бойынша қылмыскерді дарға асу, екінші сөзбен айтқанда, кек қайтару мүмкіндігі қаза болған адамның жақынына беріледі екен. Бұл жолы оны жүзеге асыру Абдулланың шешесіне жүктеліпті. Ол мойнына дар тұзағы ілінген Балал тұрған орындықты итеріп жіберуі керек. Бірақ ол одан бас тартқан, қылмыскерді шапалақпен бір тартумен шектелген. Ал Абдулланың әкесі Абдулғани өзі барып, Балалдың мойнын дар тұзағынан босатқан.
Бір таңданарлығы осы сот ісінде қаза тапқан Абдулланың әкесі Абдулғани өз баласын өлтірген Балалдың ақтаушысы сияқты көрінеді. Оның өз баласын өлтірмек ойда болмағанын айтады. «Жас, пышақтың өлімге апаратынын да білмеген», деп ара түседі. Сол жерден қашып кетсе, ол да балалығынан деп ақтайды. Ал өлтірген, өлген балалардың шешелері де осы іске қатысқанда, қос мұңдықтай бірге жылап жүреді.
Кешірім жасауға біржола шешім жасауға содан шамалы бұрын қаза болған баланың шешесінің түс көруі себеп болыпты. Бұған дейін де бұлардың бір баласы мотоциклден құлап, қаза болған екен. Сол балалары шешесінің түсіне кіріп, өздерінің жұмақта екенін айтып, Балалға кешірім жасауды өтінеді. Бұдан кейін, бұл қаза қаныпезерліктен тумағанын, балалықтың шалалығының салдары екенін аңғарған Абдулланың ата-анасы кешірім жасауға тоқтайды. Өздері балаларынан айырылғаны аздай, басқаны да сондай қасіретке ұшыратуға олардың дәті бармайды.
Соңғы бір-екі апта көлемінде ақпарат құралдарында тараған осынау оқиғаға орай біраз пікір айтылды. Қылмыс жазалануға тиіс. Бірақ оның әділ болғаны жөн. Зұлымдық пен қателік ажыратылсын. Қаталдықтың да шегі бар. Ана жүрегіне қайғы ортақ. Мейірім кекшілдіктен жоғары. Бұл оқиға осындай ойларға жетелейді.
Әлемнің көп елінде өлім жазасы жойылған. Адам құқын жақтаушылар өлім жазасын айыптайды. Бұл жаза біраз елде, әсіресе, мұсылман елдерінде әлі бар. Тек өткен жылы ғана Иранда 369 адам дарға асылыпты. Құқық қорғаушылар одан көп, 700-ге шамалас дегенді айтады. Солардың біреуін ана жүрегінің мейірімі өлімнен арашалап қалды.
Оңтүстік Судан: қырқысу жолына түскендер
Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым бар. Оның жолында қан төгілсе, оны ешкім айыптамайды. Сепаратизмді құптау қиын. Оңтүстік Суданның халқы соңғы біраз жылда осының екеуін де бастап кешіп, зардабын да тартып отыр.
Оңтүстік Суданның тәуелсіздік алғанын біреу құптаса, біреуге ұнаған жоқ. Мұнайлы өлкесінен Хартумның оңай айырыла салғанына таңданғандар көп болды. Жылдар бойы орталық өкіметке қарсы оңтүстік аймақтың халқы күреске шығып, көп қан төгіліп, ол елдің экономикасына да айтарлықтай теріс ықпал еткені белгілі. Содан құтылғысы келді білем, орталық билік оңтүстігінен іргесін бөлді.
Бірақ, сірә, жеке өмір сүру тәжірибесінің жоқтығынан да болар, оңтүстік аймақ сол тәуелсіздік жауапкершілігін алып жүре алмады. Тәуелсіздікті билік, байлық бөлісу деп ұққан ондағы этнос өкілдері алғашқы күннен қырқысып жатыр.
Африканың ірі елдерінің бірі саналатын Судан халқының 70 пайыздайы мұсылман болса, одан бөлініп шыққан оңтүстігін христиандар мен жергілікті діндегілер құрайды. Тәуелсіздік жолындағы күресте олардың басы біріккендей болса, енді сол тәуелсіздікке қол жеткен соң, өзара қырқысуға шықты. Ең қиыны, мұндағы негізгі екі этнос динка және нуэр сан жағынан шамалас та, бірі жеңіп, бірі қоймай, бірін-бірі құртқанша шайқасатын түрі бар.
Қашанда бәле бастаушылардан болады. Солардан ынтымақ кеткен соң халық та бөлініп, шоқпарға айналады. Негізгі екі этностың басшысы бірден билік тізгінін ұстай алмасы белгілі. Алдымен динканың өкілі Сильва Киир президент болды да, вице-президенттік нуэр өкілі Риек Машар Тениге тиді. Дұрыс-ақ шешім дерсің. Бірақ билік тізгінін ұстаған Киир көп кешікпей, билік маңына өз адамдарын жинай бастағанға ұқсайды. Тенидің айтуы солай. Және ол бұған көнбей, қызметін тастап, қарулы күреске көшеді.
Мәселенің ушыққаны соншалық, сол динка және нуэр нәсілділерден жасақталған елдің қарулы күші де бір-біріне қарама-қарсы екі топқа бөлінеді. Қолдарында қарулары бар. Басқа жерлердегілердей қару іздеп жатпайды. Екі жақ болып шайқасқа шығады. Үлкен қантөгістің бірі осыдан он күн бұрын болды. Өздерін көтерілісшілер санайтын нуэр тайпасының әскері Риек Тенидің басшылығымен Юнити штатының орталығы Бентиу қаласын басып алып, онда жантүршігерлік қатыгездік жасады.
Сол оңтүстік Суданда БҰҰ-ның бітімгершілік күштері бар. Олар араға түсіп те нуэрлерді тоқтата алмаған. Шабуыл жасағандар бейбіт халықты аяусыз қырған. Мешітке, шіркеуге тығылғандарды, тіпті ауруханада жатқандарды да аямаған. Бір ғана мешітте 200 адамды өлтіріп, 400 адамды жаралаған. Шабуылдағандар өздерін батырларша қарсы алмадың деп өз тайпаластарын да өлтірген.
БҰҰ-ның бітімгершілік күштері халықты қырған көтерілісшілерді қатаң жазалауды талап етіп отыр. Сірә, жазалау әрекетін динка тайпасының өкілдері де жүргізер. Қарусыз жатқан елді олар да қырар. Сөйтіп, тәуелсіздікке қолымыз жетті дегендер жойылу жолына бұрылғандай. Үлкен күш араағайындыққа жүрмесе, олар құрдымға кетіп барады.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».