Өнер • 29 Маусым, 2022

Үш үнсіздік

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конфуций үнсіздікті ешқашан сатпайтын адал досқа теңейді. Көпірген көп сөз тыныштықтың берекесін алады. Ал үнсіздікті сейілткіңіз келсе, ақылды әңгіме айтыңыз. Табиғат дүниесі тым-тырыс, меңіреу қалыпта жаныңа жылу құяды. У-шудан жалыққан сәтте самал желмен тербелген ағаш жапырақтарының сыбдырына құлақ түрсеңіз, көңіліңіз гүлдейді. Десе де ұзақ ой үстіндегі қоғамның үнсіздігінен қорқу қажет.

Үш үнсіздік

Жым-жырт ойынын біле­сіз бе? Біреу күліп, не сөй­лесе айыпқа тартады. Жас су­ретші Нұрбол Нұрахметтің «Ас бөлме» картинасындағы кейіп­керлер сол ойынды ойнап отырған секілді. Мұндағы адамдар кешкі ас ішуге емес, Леонардо да Винчидің «Құпия жиынындағыдай» әлдебір жұмбақтың шешімін таппай іштей аласұрып, үн-түнсіз езілуде. Дөңгелене құралған композицияда үстел басында әлдененің күрмеуін шеше алмай отырған ер адамдар бейнеленген. Жас жігіттердің жартылай жалаңаш берілуі жеке кеңістіктің, өздеріне тән шағын әлемінің көрінісі.

Шығармада елдегі аума­лы-төкпелі оқиғаларға қо­ғам­ның жеке көзқарасы сурет­­телген. Авторды тол­ған­­­дырған мәселенің бірі – жай­барақаттылық. Дастарқан басында айтылған әңгіменің еш маңызға ие емес екенін, ас бөлмеде батыр болуға әуес жас­тардың әрекеті анық бай­­қалады. Үш жігіт бір-бірімен үнсіз, бейнебір іштей тіл­десетіндей. Туындыдағы екі кейіпкер артқы жағынан, ту сыртынан алынып жазылса, ал үшіншісі басын төмен иген кейіпте. Бұлардың ешқайсысы көрерменмен диалогқа түс­пейді.

Композициядағы үш жігіт те бір кеңістікте отыр, бірақ әрқайсысы – жалғыз. Үш түрлі көңіл күйдің лебі еседі. Бірінің – іске дайындығы байқалса, бірінің – ноутбук арқылы өзге кеңістіктегі адаммен тілдесу сәті берілген. Үшіншісінің мазасыздығы анық көрініп тұр. Мұны жас жігіт денесінің оғаш орналасуынан-ақ аңдаймыз.

«Ас бөлме» туындысын­дағы бөлменің қара фонында ашық түсті детальдар анық көрінеді. Ал дастарқан үстел үстіне төселмей, ілініп тұрған секілді әсер қалдырады. Әйтсе де жағалай отырған кейіпкерлер қолдарын үстел үс­тіне тіреген. Мұндағы на­тюр­морт элементтеріне қа­таңдық тән. Олар қарапайым әрі символикалы.