Қазақстан • 29 Маусым, 2022

Адалдықтың эталоны еді

308 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Алматыдан біраздан бері хабарласпаған досымыз Зейнеп Ахметова телефон шалды. Әдеттегідей хал-ахуал, отбасының амандығын сұрасып болған соң: «Болат, бүгін маған бір інілерім келіп жолықты. Бақытжан досыңның дүниеден қайтқанына біраз жыл болды ғой. Олар Бақытжан туралы кітап шығарсақ деп жоспарлап жүр екен. «Соған Бақытжан ағамыздың достарының естеліктерін де қоссақ деген ниетіміз бар, осыған қолғабыс етсеңіз», деп өтініштерін білдірді. Ойыма бірден өзің түстің. Қазір қалайсың? Досың туралы естелік жазып беруге жағдайың келе ме?» деп сұрады.

Адалдықтың эталоны еді

Бақытжан туралы естелік жа­зу өзімнің де ойымда бар еді. Сондықтан бірден «жазайын» деп келістім де, ойланып қалдым. Бақытжанмен де, Зейнеппен де өт­кен ғасырдың жетпісінші жыл­­дарының басында танысып, дос­тасқан едік. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ол кездегі достардан бүгінге аман-есен жеткені бірлі-жарымы ғана. Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты сардары, қазақ­тың батыр ұлы Бауыржан Момыш­ұлының есімі әлемге әйгілі, ал Бақыт­жан болса – Баукеңнің жал­ғыз ұлы. Мен Бақытжанның өзін де, өмір жолын да, адамшылық қадір-қасиетін де, шығармашылық талантын, тағдырын да бір адамдай білемін деп айта аламын. Олар, сүйікті жары Зейнеп екеуі біздің шаңырақтың өмірдегі ең жақын достарымыздың бірі еді. Оның үстіне менің шығармаларымның, кітаптарымның барлығының орыс тіліне жалғыз аудармашысы да Бақытжан болатын.

Өмір Бақытжанды жалпақ жұртқа әйгілі батырдың баласы екен деп басынан сипап еркелеткен жоқ, қайта шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап өзінің мейлінше қатал сынақтарынан өткізді. 1941 жылдың 3 қазаны күні Бақытжан дүниеге келгенде әкесі Бауыржан белуардан от кешіп, тізесінен қан кешіп, қанды-қасап қырғын соғыстың нағыз қайнаған ортасында, қан майданда жүрген еді. Бақытжан туғанда майдандағы әкесі де, Алма­тыдағы анасы Бибіжамал да шексіз қуанышқа бөленіп, «ұлы­мыз бақытты болсын» деп атын Бақытжан қойғаны анық.

Қатал тағдыр кіп-кішкентай Бақытжанның алдынан да аяусыз ауыр сынақтарын дайындап тұрыпты. Ол үш айға толар-толмас­та әпкесі Шолпан көтеріп жүріп, қолынан түсіріп алып, Бақытжан оңбай мертігеді, жамбас сүйегі орнынан шығып кетеді. Осы жерде еліміздің тағы бір ардақты ұлы, талантты хирургі, атақты ғалымы, академик Александр Николаевич Сызғановтың кішкентай сәбиге таңғаларлықтай операция жасап, тікелей төнген қатерден арашалап аман алып қалған, жазылып кетуіне бас-көз болған еңбегін де асқан ризалықпен айта кетудің жөні келіп-ақ тұр.

Мен білетін Бақытжан қай тұрғыдан алып қара­саң да адал­дықтың нағыз этало­ны еді. Оның жүрегі өмірге құштар­лық­қа, мейірімге толы бола­тын. Өмі­рінде ешбір жанға қылдай қиянат жасамағанына, үкіметтен де, ешкім­нен де ешнәрсе сұрама­ға­ны­на да кепілдік бере аламын. Сонымен бірге еңбекқорлығы ғажап еді. Қай уақытта барсақ та әуелгіде басу машинкасына (ол кезде компьютер жоқ қой), кейі­нірек компьютерге шұқшиып, жұмыс істеп отырғанын көретінбіз.

Зейнеппен телефон арқылы сөйлескен соң мен Бақытжан екеуі­мен қалай кездесіп, қа­шан танысқанымызды еске түсі­­­ріп, ой­ланып қалдым. Уа­қыт қа­лай тез зымырайды, біз­дер­­дің таныс­қа­нымызға да жар­ты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бәрі есімде. Біз ол кезде жас едік. 1971 жыл бо­ла­тын. Алматыдағы бұрынғы Ленин, қазір­гі Достық даңғылының бойын­дағы партияның Орта­лық Комитеті салдырған бес қабатты, сол кез үшін жұрт қызығатындай, қабырғалары бетон мен плита емес, таза кірпіштен өрілген сәулетті үйдің құрылысы біткен. Сол үйден, жолымыз болып, пар­тия қызметкерлерімен бірге ауыз­дарының салымы бар бірнеше жур­налиске, атап айтқанда, Қал­дарбек Найманбаевқа, Шәрібек Есмұр­заевқа, әйгілі фототілші Нұрғожа Жұбановқа және маған пәтер тиді. Жаңа мекенге келген соң арамызға Бақытжан мен Зейнепті қосып, алдымен бә­рімізді Қалдарбек қонаққа ша­қыр­ды. Дастарқанды Шәрібек бас­қарды. Отырыстың соңына таман ол: «Енді осындай тамаша басқосуларымызды бұдан әрі де жалғастырайық, осыған қа­лай қарайсыздар?» деп сұрады. Көтеріңкі көңіл күйде мәз-мейрам болып отырғандардың бәрі жабыла қостады.

Содан басталған достық айдан-айға, жылдан-жылға қызықты болып жалғаса берді. Содан бастап біз Бақытжан Мо­мыш­ұлының отбасымен де жа­қын қарым-қаты­наста болдық.

Бұл отбасының ерекше қасиеті үйлерінен қонақ үзілмейтін, олар көбіне елден келетін. Және сол қонақ­тардың бәрін Зейнеп те, Ба­қыт­жан да қабақ шытпай қарсы алып, емен-жарқын шығарып салатын. Үйдің ішін таза ұстау, асты дәмді пісіру – Зейнептің қанында бар қасиеттері болса, Бақытжанның өзіндік ерекшеліктері ретінде оның мойымас жігерлігін, ең­бек­қор­лығын, өмірсүйгіш­тігін, еш уақытта сарқылмайтын әзілқой­лығын, сықақшылдығын айтуға болар еді.

Зейнеппен телефон арқылы сөй­лесіп болған соң мен оның бұ­ры­нырақта қолтаңба жазып сый­лаған, Бақытжан туралы жазған «Әзіліңді сағындық» атты кітабын қолыма алып, қайтадан қарай бас­тадым. Көз алдымда Бақытжан досым қайта тіріліп жүре бергендей әсерге бөлендім. Кітаптың аты да, құрылымы да, іші-сыртындағы суреттері де биік, талғамға жауап берерліктей болып өте сәтті шық­қан екен. Қайталап оқи бастадым...

«Әзіліңді сағындық» атты, асыл жары Бақытжан туралы кейін­­гі кітабының алғысөзі сияқты бет­ашар мақалада Зейнептің былай дейтіні бар: «Даңқы жер жарған әкесі болғанымен, Бақытжан тән азабы мен жан азабын қос қа­бат тартып, жығылып-сүрініп жү­ріп өздігінен еңсесін көтерген. Ал­дында ақыл айтар ағасы, тыныс болар інісі жоқ, медет тұтып сүйе­нерге мықты панасы жоқ болса да «тағдырым ауыр болды» деп ешкімге шағынбапты. Өмірдегі басынан өткен талай таршылық-қиыншылықтарда қайыр күтіп, «батырдың баласымын» деп біреу­дің алдына барып есік қағып, тө­мен­­деп аласармады. Жерде қан­ша жатса да, тот баспайтын алтын секіл­ді өзінің тектілігін, бекзат­ты­ғын сақтады. Пешенесіне жаз­ған­­­ның бәрін де төзімділікпен, са­быр-тағатпен жеңе білген, барға да, жоққа да шүкіршілік еткен, бүк­пе қулықтан ада ғажайып таза жан еді...

Бақытжан Момышұлының пейіл-пиғылы қазақтың даласын­дай кең, ниеті жайлаудың аңқыл­даған ауасындай мөлдір еді. Ол әрбір ағарып атқан таңы­на, қызарып батқан күніне риза­шы­лықпен қарап, бағалай білді. Айналасына күлкі сыйлап, өзге­ні жадыратып, өзі жарқырап өтті өмірден» – Зейнептің осы сөзде­рінен Бақытжанның болмыс-бітімі айнадағыдай көрініп тұр емес пе?!

Қазақта: «Әке – балаға сыншы» деген тәмсіл бар. Кітаптан Бау­кеңнің келініне ақыл-кеңес беріп, Бақытжан туралы айтқан сөздерін оқығанда еріксіз ойланып отырып қалдым. Онда былай делініпті: «Бәкеңнің (Бақытжанның – автор) әзіл-оспақтарының үлкен бөлігі менімен байланысты, маған тікелей бағышталып айтылатын. Мақтанғаным емес, қазақы қалжыңдарды бір кісідей мен де айтамын, әзілдескенді ұнатамын. Десе де, соған қарамай, жастау кезімде Бәкеңнің оқыстан айтатын көтеріп-соқпа, ұтқыр да ащы қалжыңдарына төтеп бере алмай, бұртиып өкпелеген шақтарым да, жылаған кездерім де болды. Бір жолы кезекті «соққыдан» көзім суланғанда ата (Бауыржан – автор) маған салмақты да салиқалы сөз арнады.

– Балам, – деді жұмсақ үнмен. – Кейде әзіл де адамды өкпелетеді. Қалжыңға келгенде Бақыттың жатыпатар, жертесер екенін өзің де білесің. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, ол бәрібір қалжыңы мен қағытпасын тастамайды. Әсіресе сен жылаған сайын ол өршелене түседі. Сондықтан оған қарсы қалқан қойғын. Қандай қалқан дейсің ғой? Өзің қосыла күлгін. Сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады. Өзіне-өзі күле алатын адам – ақылды адам. Әрине, ол оңай емес. Ар жағында ашытқы-мәйегі болмаса, кез келгеннің өресі жетіп, шамасы келе бермейді. Сен «кез келген» болмағын. Осыны ойлан! Әйтпесе, ана менің черновигімнің (Баукеңнің ұлы Бақытжанға қой­ған жанама аты – автор) әрбір қыршаңқы сөзіне жылай берсең, не тамтығың қалады?! Білемін, әдептісің, бірақ әдептілік пен жасқаншақтықтың ара салмағы бөлек екенін түсінгің, – деді».

Мен өмірде әрдайым сұсты, қатал көрінетін Бауыржан Момыш­ұлының баласы Бақытжанға деген елжіреген әкелік сезімінің сыртқа шыққан бір ғана сәтіне қалайша куә болғанымды айтайын енді. 1978 жылдың жазында бажам, белгілі ғалым-этнограф Халел Арғынбаев Министрлер Кеңесінің № 4 ауруханасына түсіп қалды. Жұбайым Хаби­бамен бірге бажамыздың көңілін сұрауға келдік. Бір бөлмеде үш төсек екен, біреуінде Халел, екіншісінде Баукеңнің жатқанын көрдім. Баукең «Правданың» жаңа шыққан санын ұстап жатыр екен. Өңінде ризашылық бар.

– Қызым, сен мына газеттегі мақаланы дауыстап оқып берші, мен тыңдайын, – деді Хабибаға. Сөйтсек, сол күні «Правдаға» Ба­қытжанның мақаласы шыққан екен. Хабиба үлкен аудиторияларда лекция оқып дағдыланған үнімен, сыңғырлаған ашық дау­сымен мақаланы оқып берді. Бала­сының газеттегі жазғандары Баукеңе ұнағанын анық білемін.

– Иә, – деді ол риза үнмен, – бүгін мақала, ертең повесть, одан әрі тағысын тағы... – деді масаттана, қиялдай сөйлеп.

Сол жолы мен өмірде сырын сыртқа шаша бермейтін Баукең­нің ұлына деген көңіліндегі ыс­тық сезімдерін де, ұлының болаша­ғынан үлкен үміт күтетінін де ба­рын­ша анық аңғарғандай бол­ған едім. Бақытжан әке үмітін толы­ғынан ақтап шықты. Мектеп­тен кейін Алматы шет тілдер педа­гогикалық институтын бітірді. Жамбыл облысының Жуалы ауданында тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасында редактор болып істеді. Содан кейін творчестволық жұмысқа біржола ауысты. Алғаш балаларға, артынан қалың оқушыларға арнап шығармалар жазумен, аудармалар жасаумен айналысты. Өте өнімді, табысты еңбек етті.

Зейнептің мына кітабында Алма­тыда бірге тұрған шақтарын­дағы әкелі-балалы Бауыржан мен Бақытжанның күнделікті тіршілік-тұрмыстағы мінез-құлықтары, өзара қарым-қатынастары жөнінде барынша шынайы баяндалады. Кітаптың қандай мақсатпен қалай жазылғаны жөніндегі Зейнептің өз сөзіне зейін қояйықшы. Ол жақ­сының жалғасы, тектінің теберігі болған, иісі қазаққа ортақ , қадірлі қара шаңырақты шайқалтпай, түтінін түзу шығарған асыл арысы Бақытжан Момышұлы сынды ерекше жанның рухани биіктігін, кеңдігін, тереңдігін, ешкімге ұқ­са­маған өзгеше өмір жолын аз уақыт ішінде қысқа әңгімелерге сыйғызып баяндаудың мүмкін емесін айтады. «Бұл, Алла ғұмыр берсе, келер күндердің үле­сіндегі үлкен жұмыс» дей келе, асыл жары Бақыт­жанның айналасына шуақ шаша күлдіретін сәттерін көз алдыңызға елестетіп, көтеріңкі көңілмен ес­те­ріне алсын деп, оның табан астында тауып айтқан әзіл-қал­жың, шымшымаларының әзірге қағазға түсіп үлгерген бір парасын оқушылар назарына ұсынып отырғанын жеткізеді көпшілікке.

Кітапты оқығанда, біз Бақыт­жанның өмірдегі өте қиын сәттерде де боркеміктікке салынбағанын, еңсесі түспегенін, қайсарлық, оп­тимистік, өмірсүйгіштік, жігерлі­лік қасиеттерін жоғалтпағанын көреміз. Осы жерде кітаптан бір кішкене үзінді келтірейін: «Бақыт­жанның жамбас сүйегіне жасалған жетінші жолғы операция ауыр болды. Бұрынғылары да жеңіл болмайтын, әрқайсысы екі-үш сағатқа созылатын. Бұл жолғысында асыл металдардың қоспасынан арнайы жасалған, жамбас пен жілікті біріктіру үшін бекітілген бұрандалы шегені (шуруп, болт) алды. Ол бақандай алты жыл денесінде жүрген еді.

Наркоздан кейін есін жиғанда дәрігерлер мені палатасына ертіп апарды. Жуған шүберектей құп-қу болып, көздері мұнарланып бізге қарады. Дәрігердің біреуі аяғынан алынған әлгі бұрандалы, әжептәуір ұзын шеге мен оны бұрайтын тетігін қолына алып:

– Міне, Бәке, аяғыңыздан мыналарды алдық, – деп өзіне көрсетті. Сонда ол назарын аударып қарады да, дауысы әрең шығып:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қалай күн көрер?

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қалай күн көрер?

Шурупы жоқ, болты жоқ,

Бәкең қалай күн көрер? – деп езу тартып әзілдегенде, дәрігер Тел­жанның көзінен жас шығып кетті.»

Зейнеп жазған осы эпизод­тан өмірдегі мықтылардың мық­ты­сы ғана шыдас беретін аса қиын сынақтардан, тағдыр тау­қы­меттерінен Бақытжан досы­мыз­дың сыр бермей, сүрінбей өткені айқын көрініп тұрған жоқ па. Әке бойындағы ақыл, парасат, өжеттік, табандылық, қайсарлық, ерлік, елдік, қажет жерінде орынды әзілді, керекті сөзді дәл тауып айтатын шешендік, тапқырлық сынды қасиеттер Бақытжанның бойына да мирас болып молынан дарығанын аңғаруға болады. Кітапта мұның айқын мысалдары аз емес. Соларға да азды-кем тоқталып өтейікші.

Астананың онжылдық тойына орай Жамбыл облысы Бауыр­жанның келісті етіп жасалған еңселі ескерткішін елорданың өте бір көрікті жеріне әкеліп орнатқаны белгілі. Ол астанамыздың айбынын да, ажарын да арттырып тұр. Кітапта сол ескерткіштің ашылу салтанатына Бақытжан бастаған Бауыржанның тікелей мұрагерлері де келгені, жиналған халықтың мейлінше көп болғаны айтылады. Ертесінде ескерткішті асықпай тағы бір анықтап қарап, жанында суретке түсу үшін Бақытжан өзінің отбасымен оған тағы келеді. Осында жүрген өзінің жамбылдық жерлестерімен кездеседі. Олар да ескерткішті айнала қарап, суретке түсіп жүр екен. Өздері де, сөздері де қуанышты. Солардың бірі:

– Қандай керемет! Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасында ата­мыздың бейнесі қасқиып тұр! – деп желпіне мақтанады. Өзге­лері оның сөзін іліп әкетіп, дуылдаса жөнеледі. Сол жерде теме­кісін шегіп, жайбарақат тұрған Бақыт­жан оларға қарап:

– Неменеге соншама даурығып тұрсыңдар? Аталарыңның үш әйе­лі Арқаның қызы еді, енді, міне, қайын жұртына келіп, «кү­шік күйеу» болып қоқырайып тұр­ған жоқ па! – дегенде оның бұл әзі­ліне сол жерде тұрғандардың бәрі күлген еді».

Әкелі-балалы Момыш­ұлылар бірге тұрған уақытта үл­кен Мо­мыш­ұлы Жазушылар ода­ғын­дағы іс-шараларға барған кезін­де атақты жазушылардың кітап­тарын немересі Ержанның атына қолтаңба жаздырып алып келетін дағдысы бар екен. Бір жолы ол Ілияс Есенберлиннің «Алтын құс», Әнуар Әлімжановтың «Джем­шидова чаша» деген кітаптарын осындай қолтаңбамен әкеліпті де:

– Әрі қарай өздерің жалғас­тырыңдар, Ержик есейгенше әжептәуір қолтаңбалы кітапхана жиналады, – депті ұлы мен келініне. «Біз содан бастап қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын қолтаңбамен жинай бастадық. Автордың барлығы ата атымен байланыстырып тілек жазатын. Бір жолы Қадыр аға Мырзалиевтің өлеңдер жинағына Ержанға ба­ғыш­талған қолтаңба сұрадық. Аға біз әкелген кітапқа ықыластана жаза бергені сол еді, Бәкең кенет ол кісінің қолын шап беріп ұстай алды да:

– Айналайын, Қадеке! «Атаң­дай бол» деп жазбашы! Өзі жалғыз бала, көп қатын алып итімізді шығарып жүрмесін, – деді» деп күлдіріп еске алады Зейнеп.

Жетпісінші жылдардың басында Баукең арнайы шақырумен Семей жаққа барып келгені айтылады кітапта. Сонда баласы:

– Папа, өзің «Балалығың есіңе түссе, нағашыңа бар, жастығың есіңе түссе қайын жұртыңа бар» деп айтушы едің, қайын жұртқа барып, иығың көтеріліп, көңілің толып тұрған секілді, – дейді.

Баукең әдеттегідей көрген-білгенін баптап, мәнерлеп әңгіме­лейді де, сөзін бір қайырып, шай іше бастайды. Арадағы осы үзілісті күтіп отырғандай Бақытжан жы­лам­сыраған дауыспен:

– Қолы жеткен Бауыржан А­р­ғыннан үш әйел алды, қолы қыс­қа Бақытжан Зейнепке қор болып, арманда қалды дегенде ата енді ұрттаған шайына шашалып қалды», – деп еске алады Зейнеп.

«Әке – балаға сыншы» деген сөз бар ғой халқымызда. Жоғарыда біз Бауыржан Момышұлының келіні Зей­непке ақыл айта отырып, өз ұлы Бақытжан туралы:

«Қалжыңға келгенде Бақыттың жатыпатар, жертесер екенін өзің де білесің,» – дегенін айтып өткен едік. Оның ұлына берген осы сипаттамасының қаншалықты дәл екеніне кітапты оқу барысында көзіңіз жете түседі. Тағы бір мысал. Немересі Ержан теледидардан «Золушка» деген киноны көргенін атасына айтып жатыр. «Жаман тәте Золушканы ұрысты, көп-көп жұмыс істетті, тойға апармады, үйге қамап қойды. Содан кейін әйбат сиқыршы келіп, оны арбаға отырғызып, тойға апарды», деп түсінгені мен түйсінгенін кішкене баланың тілімен әңгімелеп берді.

Ержан ойнауға кеткен соң Бақытжан:

– Қызық! – деп басын шайқады. – Бала екеш бала да Золушканы аяп тұр. Әлем халықтарының көбі Золушканы кітапқа жазып, кино түсіріп, мультфильм шығарып ас­пандатады. Сол Золушканың бір ғана өгей шешесі болды. Ал үш бірдей өгей шеше көрген мен кіммін? Мен бейшара үш мәрте Золухпын! – деп мүсәпірсігенде ата шыдамай күліп жіберді. Кейін Бақытжан төртінші мәрте Золух болды», – деп аяқтайды Зейнеп бұл эпизодты.

Тағы бір кішкене үзінді: «...Бір жолы Бақыт әкесінен:

– Папа, осы сенің қазақша жылың не еді? – деп сұрады. Теме­кісін будақтатып бейқам жатқан ата:

– Ит қой, – деді жайбарақат немкетті үнмен.

– Е, бәсе, алдыңа келгеннің бәрін қауып алатының сол екен ғой! – демесі бар ма.

– Пошел вон, идиот! – деп ата басын жастықтан жұлып алды.

– Әне, айттым ғой! – деп Бәкең бөлмеден шығып бара жатты».

Қайтыс боларының алдында Бақытжанның жүрегіне ота жасалып, үш күн жансақтау бөлімінде жатады. Содан кейін ғана өмірлік жары Зейнепке оған кіруге рұқсат беріледі. «Өзімді қанша ұстайын десем де, көзіме жас толып-ақ кетті. Соны байқаған арысым:

– Әй, әй, мамасы, тәубе де! Опе­рациялардың санын онға жеткізіп, юбилей жасап, шүкір­шілік етіп жатырмын, – деп күлім­сіреді. Жеті рет жамбас сүйегіне, оған қоса, соқырішек, қуық, соңғысы жүрекке ота жасалып еді. Өлім мен өмір арпалысқан ажал аузын­да жатып өз халін әзілмен жеткізетін адам көп пе, аз ба, білмеймін...» – деп жазады Зейнеп. «Қас бекзаттың белгісі – қайғысын жұртқа білдірмес» деген нақыл тура Бақытжанға арналғандай көрінеді дегенді қоса айтады.

Кітапты тағы оқып шықтым. Көп жылғы сырласымыз, досымыз Бақытжан көңілімде қайтадан тіріліп жүре берді. 2008 жылы менің жұбайым Хабиба қайтыс болғанда, бұл қазаға Зейнеп екеуінің қабыр­ғасы бірге қайысып, қайғыма ортақтасып, соны жеңілдетейін деп Алматыдан телефон шалғандары, сөйтіп, қиын сәтте демеу, сүйеніш болғаны, бір жылдан кейін жұ­байым туралы кітап шығаруды қолға алғанымда екеуі бірігіп есте­лік жазып жібергендері, оның кітапқа енгені есіме түсті. Ол есте­лікте Бақытжан мен Зейнеп біз­дердің ұзақ жылдардағы шынайы достығымызды еске түсіре оты­рып, менің құлазыған көңіліме сүйемел, дәру болатын сөздерді де дәл тауып айта білген еді.

Мен білетін Бақытжан алдынан шыққан сынақтарға, қиындықтарға ешқашан жігері жасып, еңсесі түспей, асқақ рухын төмендетпей өмірден өтті. Артында қазақ әде­бие­тіне үлес болып қосылған көп­теген сүбелі шығармасы, повесі, романы, аудармасы қалды.

Зейнеп Ахметоваға атасы Бауыр­­жан Момышұлы туралы жаз­­­ған «Шуақты күндер» атты, жан жары Бақытжан Момышұлы туралы жазған «Әзіліңді сағын­дық» атты кітаптары, басқа да жаз­ған әдеби дүниелері үшін биыл Қазақстан Жазушылар ода­ғының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Ерлі-зайып­-
ты Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметованың әдеби мұ­ра­лары халқымызға келешекте де қалтқысыз қызмет ете береді.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты