Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ауырмайтын адам жоқ. Жуырда біздің де дәрігерлердің алдында бір «домалап» шығуымызға тура келді. Әңгіме Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласында орналасқан Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеулер орталығы жайында болмақ. Осы орталықта жаны жайсаң ақ желеңді жандардың арқасында жүрек ауруын емдетіп, жазылып, қатарға қосылған соң, ризашылық сезіммен осы жолдарды жазып отырған жайымыз бар.
1977 жылы құрылған Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты 2001 жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылған көп бейінді клиника болды. Мұнда істейтін дәрігерлердің барлығы дерлік өз мамандықтарын жақсы меңгерген майталмандар екен. Институтта елімізде, алыс және жақын шетелдерде білім алған 12 медицина ғылымының докторы, 2 PhD, 24 медицина ғылымының кандидаты, 8 денсаулық сақтау магистрі – барлығы 101 дәрігер жұмыс істейді.
Қазір «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ еліміздің барлық өңірінен ауыр және күрделі аурулары бар пациенттерге жоғары білікті, мамандандырылған, жоғары технологиялық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсететін Қазақстандағы кардиологиялық, кардиохирургиялық және терапевтік қызметтердің көшбасшысы ретінде танымал. Институт 2021 жылы (тамыз) медицина саласындағы халықаралық «Алтын стандарт» саналатын JCJ аккредиттеуінен өтсе, сол жылдың қазан айында институтқа Ұлттық аккредитацияның жоғары санаты берілді.
Институтта жүрек ауруларының барлық түрі бойынша емдеу шаралары жүргізіледі. 188 орындық стационарда 2021 жылы 6 971 пациент емделіп шықса, 30 085 амбулаторлық қызмет көрсетіліп, күндізгі стационар жағдайында 1 898 пациент ем алған.
Институт ғалымдарының көпшілігі ғылыми жұмыстармен айналысып, жүректі емдеудің әдістері мен тәсілдерін жетілдіре түсу мәселелерімен шұғылданады. Ғалым-медиктер республикалық, халықаралық бірнеше ғылыми жобаға қатысады; елімізде, халықаралық деңгейде өтіп жатқан түрлі симпозиумдар мен конференцияларда баяндамалар жасап, зерттеу нәтижелерін скопус журналдарында жариялап жүр.
Ғылыми ізденістердің барысында шетелдік әріптестерімен шығармашылық байланыстар орнаған. Стратегиялық серіктестік шеңберінде институт Томскінің (Ресей) кардиология ғылыми-зерттеу институтымен, В. Алмазов атындағы «Ұлттық медициналық зерттеу орталығымен», Новосібірдің (Ресей) академик Е.Мешалкин атындағы ҰМЗО-мен, Каунастың (Литва) «Дағдарыстарды зерттеу орталығымен», Сеул (Корей Республикасы) ұлттық университет госпиталімен, Бэер-Шева (Израиль) медицина орталығымен, Милан (Италия) университетінің клиникасымен, т.б. бірсыпыра халықаралық клиникалық орталықтармен, жақын және алыс шетел университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Сондай-ақ Тәжікстанның Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық жүрек-тамыр хирургиясы орталығымен, Өзбекстанның академик В.Вахидов атындағы Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан.
Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев – Ресейдегі ірі медициналық орталықтардың біріне саналатын Новосібір медицина институтының түлегі; осында жүрек ауруларынан кандидаттық диссертация қорғаған, қазір еліміздегі жетекші кардиохирургтердің бірі. Р.Төлеутаевтың жетекшілігімен бөлім дәрігерлері екі ғылыми жоба бойынша жүрек ауруларының түрлі проблемаларын жан-жақты зерттеп, оң нәтижелерін күнделікті тәжірибеде қолданып жатыр.
Осы жерде Рүстемнің дәрігерлер әулетінен шыққандығын айтпай кетуге болмас. Дәрігерлер династиясының басында қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық орталықтың бас дәрігері болып істейтін Мұхтар Есенжанұлы Төлеутаев тұр. Рүстемнің анасы Гүлнар – кардиолог дәрігер, ағасы Шыңғыс – астанадағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта торакал-хирург (кеуде клеткалары), жұбайы Сәуле педиатр болып жұмыс істейді. Сондай-ақ Рүстемнің әкесі Мұхтармен бір шаңырақтың астында тай-құлындай тебісіп, бірге өскен ағайынды Гүлсара, Гүлнар, Мұхтарғазы, Райхан Төлеутаевтар да шетінен медик. Олардың балалары Әйгерім (клиникалық фармакология), Жанар («Медицина» мамандығы бойынша философия докторы), Айғаным (педиатр), Асхат (отоневролог) династияның дәрігерлік дәстүрін жалғастырса, Гауһар Астана медицина университетінің жалпы медицина факультетін бітірген.
Емделу барысында жақынырақ танысқан кардиохирургия бөліміндегі күн демей, түн демей, атқарып жатқан жұмыстарына куә болып, бір үйдің адамдарындай тату-тәтті еңбек етіп жатқан дәрігерлерге ризашылық білдірдік. Адам жанының арашашысы болып, сөзімен де, ісімен де емделушілердің құрметіне бөленіп жүрген дәрігерлердің қай-қайсысы болса да мақтан тұтуға тұрарлық. Солай бола тұра, біз осында жемісті еңбек етіп жатқан ұжымның бірнеше мүшесінің еңбек жолдарымен таныстыра кеткенді жөн көрдік.
Осы бөлімнің кардиологі Гүзел Пархатқызы Ысқақбаева мен кардиохирургы Жанар Нұрбайқызының өз ісінің нағыз мамандары, емделушілердің құрметіне бөленген жандар екендігіне көзіміз жетті.
Г.Ысқақбаева 2011 жылы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін дәрігерлік іс мамандығы бойынша бітіріп, интернатураны Қазақ-Ресей медицина университетінде тәмамдаған. Осы алғашқы маманданудан өтіп, Астана қаласындағы Оқу-клиникалық орталығында, Ұлттық кардиохирургия орталығында, Новосібірдегі академик Е.Мешалкин атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығында біліктілігін арттырды. Еңбек жолын 2012 жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында бастаған ол бүгінге дейін осы жерде жемісті еңбек етіп келеді. Қазір осында кардиолог дәрігер болып жұмыс істейді. Клиникалық қызмет атқара жүріп, медицина саласындағы ғылыми жобаларға, клиникалық зерттеулерге белсене қатысады.
Санкт-Петербург мемлекеттік медицина академиясының түлегі, еліміздегі «Жүрек, қан және эндокринология орталығының» аспирантурасын бітірген, жоғары санатты дәрігер кардиохирург Жанар Нұрбайқызы жастығына қарамастан, өз мамандығының нағыз майталманы десе де боларлық. Түрлі республикалық, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасап, шетелдік танымал медициналық орталықтарда, оның ішінде атақты Тель-Авивтегі (Израиль) «Кардиохирургия мен кардиореаблитациядағы жаңа технологиялар» орталығында тағылымдамадан өтіп келген Жанар Нұрбай – жүрек қақпақшаларын ауыстырудың қыр-сырларын жете меңгерген дәрігер. Ол – «Аневризма жағдайындағы аорта мен аорта клапанын ауыстырудың жаңашыл тәсілдері» ғылыми жобасын орындаушылардың бірі. Отандық, халықаралық ғылыми журналдарда 15-тен астам мақалалары жарық көрген, халықаралық конгрестерде баяндамалар жасаған.
Кардиология және оңалту бөлімінің меңгерушісі Әмина Ғалымжанқызы Рақышева Алматыдағы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін үздік бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс істей жүріп, Каунастың медицина университетінде (Литва, 2007), Нагасаки префектурасындағы медицина орталығында (Жапония, 2012) тағылымдамадан өтіп, 2018 жылы жүректің созылмалы ауруларының пайда болуын анықтау жолдары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтындағы дәрігерлік этикет, ем алушылармен қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылуы кез келген емделушінің жанын жадыратады. Осы жерде Гиппократтың «ауруды дәрігердің дәрісі емес, сөзі емдейді» деген сөзінің шындығына көзіңіз жеткендей болады. Дәрігерлер жасаған түрлі ем-доммен бірге олар айтқан әрбір жылы сөз психологиялық тұрғыдан емделушілердің жүрегіне тікелей оң әсер етіп, олардың тезірек сауығып кетулеріне барынша оңтайлы жағдай туғызып жатады.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор