Қоғам • 29 Маусым, 2022

Мыңнан астам алматылық жаңа кәсіпті меңгерді

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік астанада осыдан үш жыл бұрын ашылған «Бақытты отбасы» орталық­тарының саны бүгінде тоғызға жетті. Әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешіліп, азайғаны қоғамдағы басты мәселелердің бірі дейтін болсақ, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету мақсатында орталық мамандары тарапынан іске асып жатқан жобалар қуантады.

Мыңнан астам алматылық жаңа кәсіпті меңгерді

Бүгінде Алматыда 32 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұратын болса, оның 5 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зуль­фи­я Бай­сақованың айтуынша, қала тұрғын­­дарының бір бөлігі орталықтар кеңе­­сіне жүгіну нәтижесінде жұмыспен қам­тылып, медициналық көмек алу үшін оңалту мекемелеріне жіберілген. Ал мың­­­нан астамына демеушілер тарапынан мате­­риалдық қолдау көрсетілді.

«Көпбалалы отбасыларға қолдау көр­сетуді мақсат ететін орталықта әлеуметтік бағ­дарламалар туралы кеңейтілген ақпа­раттар беріліп, жұмысқа орналасуына қолайлы жағдайлар жасалған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүше­лерінің дамуы мен тұлғалық өсуі де орталық мамандарының отбасылық құнды­лық­тарды дәріптеу аясында үнемі қаперде тұра­тын маңызды мәселе. Ал дәстүрлі қол­өнерді дамыту орталығында мыңдаған адам оқыту курстарынан өтіп, нәзік жандылар тігін шеберханаларын, аспаздық, баспаханаларды, сұлулық студияларын ашып, қайтарымсыз гранттар алған. Isker Ana бағдарламасы бойынша аналар мен олардың отбасылары бейіндік курстардан өтіп, бизнес негіздерін меңгеріп, өз ісін ашуға мүмкіндік алуда», деп атап өтті орталық жетекшісі.

Бұл орталықтарға көпбалалы аналар ғана емес, сонымен қатар домбыра ойнауды, актерлік шеберлік, би, қолөнерді үйренгісі келетін балалардың қатысуына мүмкіндік бар. Сондай-ақ балаларға орыс және ағылшын тілдері, вокал, хореография бойынша курстар да қолжетімді.

«Бақытты отбасы» орталықтарының мамандары халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсете отырып, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, тігін ісі, бизнес-жоспарлау, киім дизайны, кәсіпкерлік, бухгалтерия, аспаздық, киіз басу, визаж, шаштараз қызметтері, SММ-маркетинг, ұялы телефондарды жөндеу, кондитер, аспаз және басқа да кәсіптерді игеруге қолдау көрсетеді. Жыл басынан бергі аралықта бұл курстарды 1 600-ден астам адам тәмамдаған.

 

АЛМАТЫ