Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлт ұландарының бойындағы қайраткерлігі, еңбекқорлығы, тың бастамалары мен саяси көзқарастары арқылы мемлекет кірпішінің берік қалануына әсер етеді. Тарихтан сабақ алып, өткенге көз жүгірте отырып, кеткен кемшіліктер болса, қайталанбай, болашаққа бағдар алу да маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі күннің бағытын бағамдамас бұрын өткен күнге назар салсақ. Саяси саралаудың да мәні осында емес пе?!
Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстан кеңестік тоталитарлық тәртіптен бас тарта отырып, нарықтық экономикаға көшіп, жаңа демократиялық жолды таңдады. Саяси жүйені түбегейлі өзгерту үшін бізге өз Конституциямыз қажет болды. 1995 жылы 28 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси билік тармақтарының кейбір қарама-қайшылықтарын шешіп берді. Мәселен, президенттік саяси институт кеңестік дәуірде болмады. Тәуелсіздік алған жылдары жетекші рөл Жоғарғы Кеңес қолында сақталды. Президенттің басқа да билік тармақтарын реттейтін механизмнің болмауы саяси жүйенің саябырсып, текетірестер туындауына да алып келді. Республикамызда партиялардың саны өсіп, олардың саяси мәдениетінің төмендігі, құқықтық негіздердің әлсіздігі – саяси процесті күрделендіріп жіберді. Конституция азаматтарымызға саяси плюрализм, тұрақтылық пен сөз бостандығын айқындап берді деуге болады. Әрине, сол кездегі Президенттің мәртебесі, оның ауқымының кеңдігі халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен отандық саясаттанушылар мен ғалымдар тарапынан сыналды. Бұл заман тудырған талап болатын. Айта кету керек, Қазақстанда президент институтын қалыптастыра отырып, мемлекеттілігіміздің дамуында жаңа кезең басталған еді. Референдум нәтижесінде қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс жоғарғы орган ретінде анықталды.
Тарихшы Б.Аяғанның пікірінше, Кеңес Одағының ыдырауы бүгінгі Қазақстан тарихының жаңа бетін ашып, өтпелі кезеңге бастап берді. Осылайша, егемендігін алған Қазақстан үшін тоталитаризм бұғауынан демократиялық қоғамдық құрылысқа өту басты міндет болды. Сонымен Қазақстандағы жаңарулар негізі – тәуелсіздік және егемендік екенін атап айтқан. «Ал қоғамдық құрылысты модернизациялаудың басты өзегі демократиялық реформалар деп тұжырымдауымызға негіз бар. Еліміздегі өзгерістер ерекшелігі – төңкеріс арқылы емес, бейбіт, эволюциялық жолмен жүзеге асты», дейді тарихшы.
Қарап отырсақ, референдум арқылы қабылданған Конституция мемлекетіміздің саяси дамуына жаңа серпін берді. Парламентаризм институтын дамыта отырып, легитимді демократиялық жолмен саяси билікті жүзеге асыра бастағанына тарих куә.
Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Атап айтқанда, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Конституция Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді.
Ал енді бүгінгі күнімізге оралайық. Жақында, еліміздің тарихында 27 жылдан кейінгі үшінші референдум өтті. Яғни 5 маусым қазақстандықтар үшін маңызды тарихи күн болды. Жыл басында болған қаңтар оқиғасы мемлекеттегі қордаланып қалған мәселелердің ашық көрінісі еді. Отыз жыл бойы қалыптасқан саяси жүйеде әлі де кемшіліктер бар екенін көруге болады. Саяси жүйенің солқылдақ тұстары қоғамға соққы болып тигенін саналы адам көре білуі керек. Мемлекет басшысы барлық жағдайды саралай келе, референдум өткізуге шешім шығарды. Халық Ата Заңның өзгерістерін қалап, дауыс берді. Маңызы зор өзгерістердің біршамасына тоқталып өтсек:
- Қазақстан Конституциясына алдағы уақытта енгізілетін өзгерістердің негізгі бастауы – әділеттілік қағидатын іске асыру деп білемін. Өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынды. Енді кез келген азамат өзінің азаматтық құқығын қорғап, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл өзгерістер – азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі.
- Конституцияға сайланбалы органдарды құруға қатысты ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси өміріне бәсекелестік енгізеді. Көп жағдайда пікірлердің плюрализмі мәселеге әртүрлі көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Пікірлердің қиылысуы қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін оңтайлы шығындармен талғампаз, қарапайым шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
- Депутаттық корпусты сайлауда енгізілетін мажоритарлық және пропорционалдық жүйе – мемлекет пен халық арасында тиімді диалог орнатуға көмектеседі. Мажоритарлық жүйеде электорат өзі сайлаған депутат қызметіне көңілі толмаса, онда депутат мандаты кері қайтарылады. Сайланбалы органдардың жұмысы дұрыс құрылса, бір мандатты сайлау округтерінде дауыс беру қайта басталғаннан кейін мәслихаттар мен мәжілістерге жаңа адамдар көбірек келеді. Саяси-демократиялық пікірлер алуандылығы қалыптасады. Бірақ дәл осы жағдай өзекті мәселелердің шешімін табу үшін, ең бастысы, популизмге бармау, депутаттар арасында бәсекелестікке жағдай жасау қажет.
- Жылдар бойы қордаланған жер мәселесіне қатысты түзетулер бар. Бұрын «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігі болып табылады» делінген болса, түзетулер қабылданып, меншік құқығы халыққа өтеді, мұнан кейін барлық заң жаңа жағдайларға сәйкес түзетіледі. Яғни заңдағы түзетулер қазақстандықтарға жаңа құқықтық мемлекет құрудағы алғышарттардың бірі деп білемін.
Саяси өмір де бір орнында тұрмайды. Ол өзгеріп дамып отырады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» арнасына берген сұхбатында саяси қайта құрулар қажет екеніне баса назар аударды. Халықтың азаматтық белсенділігін арттыруды қоғамның өте үлкен сұранысы екенін атап өтті. Президент өз сөзінде 2019 жылы басталған реформаларда халыққа бейбіт жиналыстар өткізуге рұқсат берді. Үкіметте және Парламентте әйелдерге 30 пайыздық квота енгізіліп, жаңа саяси парламенттік реформа басталғанын айтты. Мемлекет басшысы, «алдымен экономика, сосын саясат» деген ескі ереженің маңыздылығы жойылып, дәл қазіргі тұста саяси трансформациялардың қажет екенін айқындады. Саяси өзгерістер бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ұлтымызды ұйытқан Ұлытаудағы құрылтайға 117 мүшесінен тұратын еліміздің қайраткерлері мен белсенділері қатысты. Президенттің бастауымен жаңадан құрылған Ұлытау облысында маңызды мәселелер көтеріліп, әлеумет үшін көкейкесті ұсыныстар талқыланды.
Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың басталғанын хабарлады. Ал біз осы мақсатқа біртіндеп қадам басып келеміз. Халық қалаулылары азаматтармен байланысудың жаңа арналарын тауып, әлеуметтік желілерде барынша белсенді. Аймақты аралап, астанаға оралған тұста көкейде жүрген мәселелерді айтып қана қоймай, оны шешуге атсалысып жүрміз. Халықпен байланыс қолжетімді және түсінікті.
Біз – депутаттар халықпен ынтымақтасып жұмыс істеп, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, жаңа трансформациялық қадамдардың жасалуына күш жұмылдыруымыз керек. Мемлекет басшысы тапсырған тапсырмалардың ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, еліміз әлемдік өркениетпен қатар дамуына даңғыл жол салуына септігімізді тигізуіміз қажет деп білемін.
Қазіргі көтеріліп жатқан өзекті де өткір мәселелер шешімін тауып, ұлтымыздың саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік дамуына жол ашатынына сенімдімін.
Самат АҚЫШЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты