Білім • 30 Маусым, 2022

Оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту ұсынылды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сарапшылар мен кейбір мектеп өкілдері оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту ұсынылды

Бұл 2022-2023 оқу жылындағы білім процесін ұйымдастыру мәселелерін талқылау мақсатында өткен дөңгелек үстелде айтылды.

Оқу жылын ұзартуды ұсынып отырған педагогтер қосымша оқу апталары білім алушылардың күнделікті оқу жүктемесін азайтуға көмектесетіндігін алға тартып отыр. Сонымен қатар оқу жылын ұзарту «күрделі» тақырыптарды аз уақытта игеру мәселесін шешеді. Сондай-ақ жазғы демалыстың ұзақтығын қысқарту білім алушылардың алған білімін жоғалтпауына септігін тигізеді.

«Біздің ел оқу жылындағы апта саны ең қысқа мемлекеттердің бірі – 34 оқу аптасы. Нәтижесінде республикамыздың білім алушылары жылына 130 күннен астам демалады. Бұл әлемдегі ең ұзақ демалыс десек болады. Салыстыратын болсақ: мысалы, Израильде демалыстың ұзақтығы – 84 күн, Оңтүстік Кореяда – 90 күн, Жапонияда – 102 күн. Зерттеулердің нәтижесі, балалар ұзақ үзілістен кейін игерген материалдың 25%-ын ұмытатынын көрсетіп отыр. Сондықтан біз қазақстандық мектептердегі оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынамыз - оқу жылын 15 тамызда бастап, 5 маусымда аяқтауды ұсынамыз. Немесе қыркүйек айында әдеттегідей бастап, 20 маусымға дейін ұзарту керек», деді «BINOM SCHOOL» мектебінің басқарушы директоры Арайлым Мағзұмова.

 

Сарапшылар оқу жылының ұзақтығын арттыру сыныптардағы жүктемені 1-2 сағатқа қысқартуға, кабинет тапшылығын оңтайландыруға, білім алушылардың қосымша білім алуына және педагогтердің өздерін кәсіби дамытуына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беретініне сенімді.

Аяна Тоғанбек