Бұл жоба «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорының «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Статистикалық деректерге қарағанда, ел жастарының 10 пайызы не білім алып, не тұрақты жұмыс істеп жатқан жоқ. Демек бұл орайдағы мәселе шаш етектен. Әсіресе ауыл жастарының біраз бөлігі екі қолға бір күрек таба алмай, қаңтарылып отырғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Қоғамдық қордың президенті Арман Әубәкірдің айтуына қарағанда, жастарға жанашырлық жасауға тиісті осыған ұқсас жоба тұңғыш рет 2018 жылы Батыс Қазақстан өлкесінде атқарылыпты. Жақсы істерге ұйытқы болатын, жалынды жастардың бойындағы қажыр-қайратты ұштап, алға жетелейтін тәжірибе осы кезде қалыптасқан.
Қоғамдық қор президентінің айтуынша, қор әр өңірдегі жастарды жұмысқа орналастыруға талпынуда. Ол үшін белгілі бір істі бастап, сол ісінен нәтиже шығарған жас кәсіпкерлердің талпынысы мен тәжірибесін өнегелі мысал етіп, дәл осындай биікке шығу бұлардың да қолдарынан келетінін айтып, жігерлендіруде. Жастар арасындағы тілдесулер, олардың жеке бизнеспен айналысқысы келетіндіктерін анықтап отыр. Нәтижеге жету үшін, әрине, тәжірибе қалыптастыру қажет. Осы орайда тегін шеберлік сабақтары да ұйымдастырылуда.
«Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің өкілдері жергілікті жұмыспен қамту және Жастар бастамаларын дамыту орталықтарымен бірлесе отырып, adyrna.kz сайтына тіркелу үшін арнайы формалар әзірледі. Енді жастармен тікелей байланыс орнатып, әрқилы іс-шаралар өткізіле бастамақ. Сайып келгенде қолға алынған қыруар жұмыстың барлығы ел жастарының еңсесі көтеріліп, өзін-өзі қамшылап, өзін-өзі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Қазақтілді ортаға, ауыл жастарына шарапаты тиетін жанашыр жобаны жандандыру үшін тасы өрге домалап тұрған кәсіпкерлермен кездесулер өткізілмек. Мұндай түйін түйткілін шешуге ықпал ететін пікіралмасулар барысында өз ісін бастағысы келетін жастар өздерін толғандырып жүрген сан қырлы сауалға толымды жауап алатын болады. Әрі жұмыспен қамту саласының қызметкерлері мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмектің мүмкіндігі туралы айтып бермек.
Көкшетау