Осыдан бір ғасыр бұрын «Ауыл» деген атпен жарық көрген абыз басылымның бастауында қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин мен ұлт әдебиетінің алыбы Бейімбет Майлин тұрған еді. Жиынның кіріспесінде көпшілік газеттің қысқаша шежіресі қамтылған «Дәуір жаршысы» атты деректі фильмді тамашалады. Мерекеге жиналған жұртқа театр ұжымы тарту еткен қысқаша сахналық көрініс те ерекше әсерлі шықты. Бір үзік қойылымда өнерпаздар ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, қос арыс – Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлиннің арасындағы рухани үндестік пен төрттаған сабақтастықты сәтті үйлестіріп, көпшілік қошеметіне бөленді.
Ғасырлық белесін бағындырған газет ұжымын құттықтаушылар легін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастады.
– «Қостанай таңы» – ғұмыры тұнған шежіре, тасқа басылған тарихы бар, қазақтың талай марқасқа қаламгерлері мен қайраткерлері тер төккен, солардың қолтаңбасы қалған қара шаңырақ. 1922 жылы тұңғыш саны жарық көрген басылым қысқа мерзім ішінде «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Басылымның қайнар бастауында тұрған қазақ журналистикасының көшбасшысы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің ақиығы Бейімбет Майлин газетті өңір айнасы етумен қатар, ұлттық-саяси көзқарасты оятты және қазақ журналистикасының ілгері дамуына тың серпін берді. Дәуірдің қилы-қилы кезеңдерінде Qostanaı tańy атауы «Социалды ауыл», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» секілді сегіз рет өзгерген. Осы атауларынан-ақ басылымның саяси ұстанымын байқауға болады. Еліміздің талайлы тағдырын жүз жылдық шежіресі бар газет бірге кешті. ХХ ғасырдың өзгерістерін де, төңкерісті де, қуғын-сүргінді де, қанды қырғынды да, тоқырауды да бірге көрді. Газет тарихындағы ең бір жарқын беттер – сөз жоқ, Тәуелсіздік алған жылдар. Еліміз осы жылдары ілгері даму жолына түсті. Тәуелсіздіктің шырғалаң жылдарында газетіміз әлеуметтік әділдік туын көтеріп, ұлттық мүддені ұран етті. Қостанай-Торғай жылнамасының өрлеу жолдарында редакция ардагерлерінің де еселі еңбегі, айырықша қолтаңбасы жатыр. Қазіргі таңда басылым заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгерткен. Озық технологиямен қайта жаңғырып, мультимедиялық мүмкіндіктері кеңейе түсті. Газетті ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, редакция ұжымына шығармашылық табыс, жетістік, отбастарына бақ-береке, амандық тілеймін! – деді әкім.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінен кейін газет ұжымына 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Еңбек жолын осы басылымда бастап, редакция қабырғасында бірталай жыл жемісті еңбек еткен қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайсар Әлім ағамыз да қолына алғаш қалам ұстатқан қарашаңырағы туралы тебірене сөйлеп, алғашқы ұстаздарының бірі, «Қостанай таңының» ардагері, газетпен бірге жасасып, бүгінде тоқсанның бел ортасынан асып жүзге аяқ басқан қарт майдангер Қасымхан Алдабергеновтың иығына шапан жапты.
Бейімбеттің бай мұрасын көп зерттеген зерделі ғалым, 2013 жылы Троицк қаласында «Айқап» пен «Қазақ» газетіне ескерткіш белгі орнату ісінің басы-қасында болған бейімбеттанушы Серікқали Байменше «Қостанай таңы» газетінің ұжымына Бейімбет аударған Павел Быковтың «Романовтардың соңғы күндері» романының латын қарпіндегі бірнеше бетінің көшірмесін тарту етті.
Жиынды түйіндеген «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбекұлы Тобыл өңірінде қазақ баспасөзінің пайда болу тарихын шолып өтті.
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары билікке соғыс, ашаршылық, қуаңшылық, індеттен күйзелген жұрттың еңсесін көтеру, ортақ іске жұмылдыру керек еді. Бір ғажабы, ол үшін аса қажетті шара – қазақша газет шығару болып шықты. Сенсеңіз, шын мәнінде қазақша сөзге деген зәрулік туған! Алғашқы санынан-ақ басылым мемлекет мүддесімен қатар, ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақында түрлі мәселелер көтерді. Халықтың сөзін сөйледі, мұңын жоқтады. Бұлай болуының бірден-бір себебі, басылымның тұтқасын ұстаған қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинге тікелей байланысты еді. Олар қайнаған тірліктің ортасында жүрген, көсем сөздің шебері болатын. Көзкөргендер: «Бірінші нөмірі бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, елге тарады. Жұрттың бәрі ынтыға оқыды, үйді-үйіне жаздырып алды» деп жазды. Жылнамаға көз жүгіртсек, елдің бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерде «Қостанай таңының» атауы жүз жылдың ішінде 8 рет өзгеріпті. Басым көпшілігінде коммунистік идеологияның сойылын соқты, салт-дәстүр, дініміз бен ділімізден безінуге үндеген материалдар негізін құрады. Сол үшін де қуғын-сүргінге, жазықсыз жазаға ұшыраған арыстардың ұрпақтарынан кешірім сұраймыз. Ғасыр бойы басылымның елге қызметі ұшан-теңіз. Газет қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, саяси-мәдени дүниетанымын жетілдіруге, руханиятын байытуға зор ықпал етті. Сайып келгенде, «Қостанай таңы» – халық газеті. Өңірдің өсіп-өнгенін, ілгері дамуын, тірлік-тіршілігін жазды, жазып жүр, жаза да береді. Той құтты болсын, ағайын! – деді газет басшысы.
«Қостанай таңы» газетінің ғасырлық мерейтойымен қатар, сол күні қазақ көсемсөзінің көшбасшысы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына арналған медиафорум өтті. Форум барысында Серікқали Байменше ағамыз жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап «Ашық диалог: қазақ тілді журналистиканың дамуы туралы» дәріс оқыды.
Ашық әңгіме, емін-еркін сұхбат түрінде өткен кездесу барысында қайраткер журналист «Қостанай таңы» газетінің тарихын да тарқата әңгімелеп берді.
– 1922 жылы М.Сералин Қазаннан арнайы шрифт әкеліп, «Ауыл» газетін ашады. Содан алғашқы нөмірлері шыға бастағаннан-ақ, жағдай болмай тоқтап қалады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен «Ауыл» қайта шыға бастайды. Сол кезден бастап М.Сералин Бейімбетті өзінің орынбасары етіп шақырады. Газеттің бүкіл жұмысын Бейімбет атқарады. Шындығын айтқанда, газетті Бейімбеттің жалғыз өзі шығарады. 1924 жылы газеттің бір жылдығына арналған санында «Ауылдың» жүрегі әм жұлыны» деген мақала бар. Бейімбеттің бүкіл журналистік қызметінің бәрі осы мақалада қамтылған. Ал Бейімбеттің өзі «Сералыұлы» деген мақала жазып, Мұхамеджан Сералиннің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегін жылға жіктей көрсете отырып, жоғары баға берген. Бұл да үлкен құрмет, – деді ғалым.
Қостанай облысы