Медицина • 30 Маусым, 2022

Қымбат ем-дом қолжетімді

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

МӘМС жүйесі толайым бір ізге түскенше, оның айналасындағы түйткілді мәселелер толастамақ емес. Дегенмен бұл Алматы қаласының денсаулық сақтау бюджетін едәуір ұлғайтып отыр. Жыл басынан бері мегаполистегі МӘМС жүйесіне 398 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Қымбат ем-дом қолжетімді

Мысалы, Алматы қаласы бойынша әлеу­меттік медициналық сақтандыру қо­ры­­ның директоры Тілеухан Әбілдаев биылғы төрт айда біткен іске қатысты баспасөз жиынын өткізіп, БАҚ тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере келе, жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру 5,4 млрд теңгеге артып, биыл ЭКО процедураларына 3,2 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.

МӘМС-тің маңыздылығы сонда, пер­зент сүюді аңсаған мыңдаған ерлі-за­­йып­тылардың үмітін үкілеп, ЭКҰ сияқты қым­­­­бат рәсімдерді қаржыландыруды кө­бейтті. Мысалы, осы жылға 3152 қызметке 3,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биылғы 4 айда жалпы сомасы 484 млн теңгеге ЭКҰ-ның 476 рә­сімі өткізілді. Бү­гінде медициналық сақ­­­­тан­­дыру аясында қаланың сегіз мед­и­ци­­н­алық ұйымы экстракорпоралдық ұрық­тандыруды жүзеге асыруда.

Қордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС пакеті аясында медициналық қызметтерді қаржыландыруды жалғас­тырып жатқанын атап өткен жөн.

«МӘМС енгізілгеннен бері Алматы қаласының денсаулық сақтау бюджеті едәуір артты. 2022 жылға нақтыланған бюджет 242,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,3%-ға артық», дейді Т.Әбілдаев.

Биылғы 4 айда қор МӘМС пакетінде Алматы қаласы бойынша медициналық көмекке төлеуге шамамен 54,9 млрд теңге бағыттаған. Қаңтар мен сәуір айлары ара­лығындағы шығындардың басым бөлігі ста­ционарлық медициналық көмекті төлеуге тиесілі, бұл – 28,5 млрд теңгеден астам. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйым­дарға тағы 11,4 млрд теңге төленді. Оның ішінде ең көп сұранысқа ие – КТ және МРТ қызметтері.

Сол сияқты МӘМС жүйесі аясында оңалту көмегіне 3,4 млрд теңге бағыт­тал­ды. Спикер міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесін енгізу меди­циналық оңалтуды қаржыландыруды ұл­ғайтуға және оның қолжетімділігін едә­уір арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Жоғарыда атап өткендей, Алматыда­ғы МӘМС жүйесіне жыл басынан бері 398 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Әлеуметтік медициналық сақтанды­ру қорының Алматы қаласы бойынша дирек­торы қордың 2017 жылдан бері мін­детті медициналық сақтандыруға қара­­жат жи­нақтап келе жатқанын, ал 2018 жыл­дан ­бастап тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шең­берінде, сондай-ақ 2020 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап міндетті медици­налық сақтандыру жүйесі аясында медици­на­лық көмекті стра­тегиялық сатып алушы еке­нін еске салды.

«2022 жылдың 5 айында МӘМС жү­йесіне түсімдер 398,4 млрд теңгені құ­рады. Түсімдердің негізгі үлесін 15 же­ңіл­дік санаты үшін мемлекеттің жарнала­ры құрайды, бұл – 42%-дан астам, жұ­мыс берушілердің аударымдары – 34,7%-дан астам және экономикалық бел­сенді халықтың жарналары – 22,6%», деді Т.Әбілдаев.

Өңірлер бойынша ең көп кірістер Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қара­ғанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Спикер МӘМС-тің енгізілуінің нәти­жесінде, тұрғындар үшін консультация­лық-диагностикалық көмектің қолжетім­ділігі артқанына тоқталды. Сондай-ақ қала тұрғындарына медициналық ұйым­дар тарапынан құқық бұзылған жағдайда кез келген қала тұрғыны пайдалана алатын кері байланыс арналары бар еке­нін жеткізді. Атап айтқанда, Qoldau24/7 мо­бильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы және fms.kz. ресми сайтына келіп түскен барлық өтініш міндетті түрде қарастырылады.

 

АЛМАТЫ