Қоғам • 30 Маусым, 2022

Мектеп асханасында – мейрамхана бағасы...

1906 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің жаңа тарихында енді бұ­рын­ғы Қазақстан, һәм Бірінші Республика бо­лып жазылатын кезеңде кездейсоқ адамдар да «ебін тауып» министр болып тағайындалып, білім саласының да, ғылым саласының да берекесін қа­шыр­ғандықтан, қоғам қайраткерлері, Пар­ламент депутаттары, зиялы қауым өкіл­дері кейінгі кезде Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу қажет деген пікір білдіріп жүрді.

Мектеп асханасында – мейрамхана бағасы...

Шынтуайтында, «Жаңа атаулы – жақсы ұмытылған ескі нәрсе» деп француз заңгер-жазушысы Жак Пеше айтқандай, тарихқа айналған кеңес заманында Қазақстанда Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі болған. Мұндай ведомстволар кейбір көршілес мемлекеттерде сол қалпында сақталып отыр, ал Өзбекстан оларға қоса Мектепке дейінгі білім министрлігін де құрыпты.

Әділін айтсақ, еліміздің білім саласында соңғы жылдары үміт күттірерліктей сапа­лық өзгерістер байқалып, мұғалім мәртебесі биіктей түсті. Алайда ғылым саласында ілге­рілеу шамалы сияқты. Тіпті былтыр ғы­лыми жобаларға республикалық бюджеттен бөлінген 4,4 миллиард теңге игерілмей қалған. Мұның өзі ғалымдар тарапынан жиі айтылып жүрген «елімізде ғылымды дамытуға қаржы аз бөлінеді» деген сыни пікір­дің біржақтылығын аңғартады.

Еліміздің ғылым және білім саласында қалыптасқан осындай ойланарлық жағ­дайлар мен ойсыраған олқылықтар және қоғамда айтылып жүрген орынды ұсыныстар ескерілгендіктен болар, Мемлекет басшы­сының биылғы 11 маусымдағы Жарлығы­мен бұрынғы Білім және ғылым министрлігі екі­ге бөлініп, Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі құ­рылды.

Бұл ретте ғылым мен жоғары білімнің бастары біріктірілгені, ал орта арнаулы білім саласы Оқу-ағарту министрлігіне берілгені қисынды екені даусыз. Сонымен қатар Тіл сая­саты комитетінің Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына қосылғаны көпші­лік үшін тосын шешім болды. Себебі «Тіл саясаты комитетін өңір­лерде құрылымдық бөлімшесі жоқ Ғылым және жоғары білім министрлігіне бергеннен гөрі оны өңірлерде өзіне бағынышты департаменттері бар және әкімдіктердің Білім басқармаларына сөзі өтіп, ықпалы жүретін Оқу-ағарту министрлігі­нің құра­мында қалдырған жөн емес пе еді? Өйткені мемлекеттік тілді балабақшадан бас­тап меңгеруді жолға қою керек қой..» деген кү­мәнді пікір туындап тұр. Әрине, оған «Тіл саясатымен Ғылым және жоғары білім министрлігі айналысқаны жөн. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы министрлікке қарайды. Тіл мәселелерімен осы институт шұғылда­нып, ғылыми негізделген жаңа әдістемелерді жасауға тиісті. Оларды Ғылым және жоға­ры білім министрлігі тіл саясаты жөніндегі уәкілетті орган ретінде барлық ведомствоға, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігіне де міндетті түрде басшылыққа алу үшін ұсына алады», деген уәж де айтылып жатыр.

Қалай болғанда да, ғылым мен білім сала­ларында соны серпіліс туғызатын ма­ңызды қадам жасалғаны анық. Соның нәти­жесінде Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйым­дарындағы өзекті мәселелерге баса көңіл бө­ліп, оларды шешумен табандырақ айналы­са бастаған тәрізді. Мәселен, бұқаралық ақпа­рат құралдарының хабарлауынша, таяу­да атал­ған министрлік аппаратының отырысында оқу­шыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қаралыпты. Онда Оқу-ағарту ми­нистрі Асхат Аймағамбетов мектептер­дің асханаларындағы аспанға шарықтаған бағаға айрықша назар аударып: «Елорда мек­тептерінің өзінде бағаның өсуі бар. 0,5 литр судың бағасы 350 теңге деген – масқара! Бас­қа облыстар да мектеп асханаларындағы ба­ға­ны қараңыздар. Жаңа оқу жылына дейін бұл ­проблема шешілуі керек», деген екен.

Әрине, мектеп асханасындағы мейрамхана бағасын жаңа біліп, көктен түскендей болып қайран қалған министрге ол туралы өз қарамағындағы білім саласына жауапты басшы қызметкерлердің неге баяндамай келгені – түсініксіз жайт. Енді осы білім саласын – әсіресе мемлекеттік сатып алу ісінде былық-шылықтың иісі мүңкіп тұрған «Авгийдің ат қорасын» ғылым мен жоғары білімнің бір нарға жүк болатын мың сан шаруасынан қолы босаған ведомство басшысының өзі таза­лауына тура келері анық.