Шынтуайтында, «Жаңа атаулы – жақсы ұмытылған ескі нәрсе» деп француз заңгер-жазушысы Жак Пеше айтқандай, тарихқа айналған кеңес заманында Қазақстанда Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі болған. Мұндай ведомстволар кейбір көршілес мемлекеттерде сол қалпында сақталып отыр, ал Өзбекстан оларға қоса Мектепке дейінгі білім министрлігін де құрыпты.
Әділін айтсақ, еліміздің білім саласында соңғы жылдары үміт күттірерліктей сапалық өзгерістер байқалып, мұғалім мәртебесі биіктей түсті. Алайда ғылым саласында ілгерілеу шамалы сияқты. Тіпті былтыр ғылыми жобаларға республикалық бюджеттен бөлінген 4,4 миллиард теңге игерілмей қалған. Мұның өзі ғалымдар тарапынан жиі айтылып жүрген «елімізде ғылымды дамытуға қаржы аз бөлінеді» деген сыни пікірдің біржақтылығын аңғартады.
Еліміздің ғылым және білім саласында қалыптасқан осындай ойланарлық жағдайлар мен ойсыраған олқылықтар және қоғамда айтылып жүрген орынды ұсыныстар ескерілгендіктен болар, Мемлекет басшысының биылғы 11 маусымдағы Жарлығымен бұрынғы Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі құрылды.
Бұл ретте ғылым мен жоғары білімнің бастары біріктірілгені, ал орта арнаулы білім саласы Оқу-ағарту министрлігіне берілгені қисынды екені даусыз. Сонымен қатар Тіл саясаты комитетінің Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына қосылғаны көпшілік үшін тосын шешім болды. Себебі «Тіл саясаты комитетін өңірлерде құрылымдық бөлімшесі жоқ Ғылым және жоғары білім министрлігіне бергеннен гөрі оны өңірлерде өзіне бағынышты департаменттері бар және әкімдіктердің Білім басқармаларына сөзі өтіп, ықпалы жүретін Оқу-ағарту министрлігінің құрамында қалдырған жөн емес пе еді? Өйткені мемлекеттік тілді балабақшадан бастап меңгеруді жолға қою керек қой..» деген күмәнді пікір туындап тұр. Әрине, оған «Тіл саясатымен Ғылым және жоғары білім министрлігі айналысқаны жөн. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы министрлікке қарайды. Тіл мәселелерімен осы институт шұғылданып, ғылыми негізделген жаңа әдістемелерді жасауға тиісті. Оларды Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты жөніндегі уәкілетті орган ретінде барлық ведомствоға, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігіне де міндетті түрде басшылыққа алу үшін ұсына алады», деген уәж де айтылып жатыр.
Қалай болғанда да, ғылым мен білім салаларында соны серпіліс туғызатын маңызды қадам жасалғаны анық. Соның нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы өзекті мәселелерге баса көңіл бөліп, оларды шешумен табандырақ айналыса бастаған тәрізді. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, таяуда аталған министрлік аппаратының отырысында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қаралыпты. Онда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептердің асханаларындағы аспанға шарықтаған бағаға айрықша назар аударып: «Елорда мектептерінің өзінде бағаның өсуі бар. 0,5 литр судың бағасы 350 теңге деген – масқара! Басқа облыстар да мектеп асханаларындағы бағаны қараңыздар. Жаңа оқу жылына дейін бұл проблема шешілуі керек», деген екен.
Әрине, мектеп асханасындағы мейрамхана бағасын жаңа біліп, көктен түскендей болып қайран қалған министрге ол туралы өз қарамағындағы білім саласына жауапты басшы қызметкерлердің неге баяндамай келгені – түсініксіз жайт. Енді осы білім саласын – әсіресе мемлекеттік сатып алу ісінде былық-шылықтың иісі мүңкіп тұрған «Авгийдің ат қорасын» ғылым мен жоғары білімнің бір нарға жүк болатын мың сан шаруасынан қолы босаған ведомство басшысының өзі тазалауына тура келері анық.