НАТО Ресейдің Украинаға әскери қимылына жауап ретінде «іргелі өзгерістерге» келіскендіктен, АҚШ Еуропадағы әскери қатысуын арттырмақшы. Осы орайда Польшада тұрақты армия штабы құрылады, ал АҚШ-тың жаңа әскери кемелері Испанияға, жойғыш ұшақтар Ұлыбританияға, ал құрлықтағы әскери күштер Румынияға жіберіледі. EurAsia Daily «Еуропада 8 жауынгерлік топтың 9 641 әскері бар», деп хабарлайды альянстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлыбритания Біріккен Корольдігі де НАТО-ның қорғанысы үшін күштерінің санын арттыруға уәде беріп отыр. Елдің Қорғаныс министрлігі нақты санын айтпаса да «резервте әскери кемелер, жауынгерлер және құрлықтағы күштердің саны жетерлік», деп мәлімдеді. АҚШ-тың мәлімдемесі оның Еуропа континентіндегі, әсіресе Шығыс Еуропадағы қатысуын күшейтіп жатқанын көрсетеді. Өйткені мұнда олардың 5-ші армия корпусының жаңа тұрақты штабы орналасқан. АҚШ президенті Джо Байден альянс өз аумағының «әрбір дюймін» қорғау міндетін қайталап, «Бір адамға жасалған шабуыл – бәріне жасалған шабуыл», деді.
Ресей әрекетіне қарсы жаңа жоспарда келесі жылы қазіргі 40 мыңнан астам әскер санын 300 мыңға дейін арттыру қарастырылған. Сонымен қатар Испаниядағы АҚШ әскери-теңіз эсминецтерінің флоты төрттен алтыға дейін артады, Румыниядағы 3 мың жауынгерден тұратын ауыспалы бригадасына 2 мыңнан тұратын өзге жауынгерлік топ қосылады, сондай-ақ F-35 жасырын ұшақтарының тағы екі эскадрильясы Ұлыбританияға жіберілмек. Сонымен қатар Германия мен Италияда қосымша әуе қорғанысы бар, оның үстіне Ұлыбритания Эстониядағы әскери жасағын тағы да екі есеге арттырды, қазір 1600-ден сәл асатын әскері бар. Ал Балтық жағалауын қорғауға әскери күштер көбірек жіберілетін болады, бірақ Қорғаныс министрлігі бұл жоғары дайындықтағы қосымша әскерлер өз елінде болуы мүмкін екенін айтады.
Саммитте НАТО жетекшілері бұрын бейтарап болған Скандинавия мемлекеттері Финляндия мен Швецияны альянсқа қабылдауға келісті, енді олардың мүшелігі НАТО-ның барлық 30 мүшесінің үкіметімен ратификациялануы тиіс.
Джо Байден саммитте Ресей президенті Владимир Путиннің мұны «қаламағанын» айтып және оның Украинада жүргізіп жатқан әскери стратегиясы кері нәтиже берді деп атап өтті. Ал НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Финляндия мен Швецияның әскери альянсқа қосылуға ресми шақыру алғанын мәлімдеп, оны «ең жылдам процесс» деп атады және осы бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады деген үмітін білдірді. Енді екі үміткер ел саясатта, заңда және қарулы күштерде НАТО стандарттарына сай екендіктерін көрсетуі керек, сарапшылар болса бұл Скандинав елдері үшін салыстырмалы түрде қиындық туғызбайды деп отыр. Йенс Столтенберг Украинаның Ресей әрекетіне қарсы альянстың көмегіне «қажет болғанша» сене алатынын, сонымен қатар Украина өзінің тәуелсіздігі мен НАТО ортақ құндылықтары үшін күресіп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол мүше мемлекеттер Украинаға жанар-жағармай, медициналық мақсаттағы бұйымдар, оқ өткізбейтін кеудешелер, дрондарға қарсы қорғаныш жүйелер мен минаға қарсы құрал-жабдықтардан тұратын «жан-жақты көмек пакетін» жіберуді бірауыздан қолдаған.
«Осыдан кейін Ресей немесе Қытайдың серіктес екендігі туралы сілтемелер жойылды», деп хабарлады альянс. Он бір беттен тұратын құжатта НАТО-ның жаңартылған Стратегиялық тұжырымдамасы альянстың Батыс демократиялары бетпе-бет келіп отырған қауіп-қатерлерге қалай қарайтынын және олармен қалай күресуді жоспарлап отырғанын түсіндіреді. Сонымен қатар BBC мәлімдегендей, құжатта Ресей Федерациясының одақтастардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ Еуро-Атлантикалық аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа ең маңызды және тікелей қауіп төндіретіні туралы айтылған. Біз оны «серігіміз» деп санай алмаймыз, бірақ шиеленісті болдырмау үшін «біз Мәскеумен ашық байланыс арналарын сақтауға дайынбыз», делінген құжатта. Сондай-ақ құжатта Ресей мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету НАТО құндылықтары мен мүдделеріне қайшы келетіні түсіндіріледі. Осыған дейін РФ Президенті Владимир Путиннің ядролық қарудың үлкен арсеналы бар екенін бірнеше рет еске салғанына сілтеме жасай отырып, НАТО өзінің қуатты ядролық тежеу құралына сенім артатыны да саммитте айтылды. Бұған қоса «егер әлдекім альянсқа қарсы ядролық қару қолданса, онда ол «дұшпанға да тілемейтін» қарсылықтарға тап болуы мүмкін», делінген құжатта. Дегенмен құжатта НАТО-ның өз күштерін қайда орналастыруды жоспарлап отырғаны туралы аздаған мәлімет берілген. «Бірақ оның есіктері жаңа мүшелер үшін ашық күйінде қалады», делінген мәлімдемеде. Ал сарапшылар бұл Кремльді одан әрі ашуландырады деген пікірде. «Өйткені онда «Біз Босния және Герцеговина, Грузия және Украинамен әріптестікті дамытуды жалғастырамыз», деген сөздер бар», дейді олар. Саммит альянстың жаңа жетекші жоспарын белгіледі, онда Ресей «Одақтастардың қауіпсіздігіне және Еуро-Атлантикалық аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа ең елеулі және тікелей қатер төндіреді», делінген. Онда «біз одақтастардың егемендігі мен аумақтық тұтастығына шабуыл жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз», деп көрсетіледі.
Ресей президенті Владимир Путин болса «Ресей, Швеция және Финляндияның НАТО-ға кіргеннен кейін арасындағы шиеленісті жоққа шығара алмайтынын айтып, егер бұл елдерде НАТО инфрақұрылымы салынса, Мәскеудің де дәл осылай жауап беретінін айтады. Оның айтуынша, НАТО жетекшілері «өздерінің артықшылығы мен империялық амбицияларын көрсеткісі келеді», бірақ Ресейдің Финляндия мен Швецияның блокқа қосылуында «ешқандай проблемасы жоқ», деп көрсетеді ВВС.
Десе де The Guardian басылымының хабарлауынша, НАТО жетекшілері Қытайдан келер «қауіпке» алаңдаушылық білдіріп отыр. НАТО басшысы Бейжіңнің ядролық қаруды дамыту жөніндегі талпыныстары, хакерлік операциялары және Мәскеумен барған сайын тығыз байланысы «ауыр проблемалар» екенін айтып, сәрсенбідегі саммитте «Қытай қарсылас емес, бірақ ол күрделі проблемалар туғызып отыр», деп мәлімдеді. Айта кетсек, НАТО саммитіндегі талқылауларда Ресейдің Украинаға қарсы әскери қақтығысы басым болғанымен, Қытай Батыс альянсының ең алаңдататын қауіпсіздік мәселелерінің қатарында. «Қазір біз стратегиялық бәсекелестік дәуірімен бетпе-бет келіп отырмыз. Қытай көршілерін, соның ішінде Тайваньды қорқытып, өз күштерін, соның ішінде ядролық қаруды айтарлықтай арттыруда», деп қосты Столтенберг. Сондай-ақ ол ҚХР үкіметі қару-жарақты бақылауға ашық көзқарас білдірмей-ақ өзінің ядролық мүмкіндіктерін «жылдам кеңейтіп» жатқанын және «стратегиялық тәуелділікті тудырып, ықпалын арттыру» үшін экономикалық тетіктерді пайдаланып жатқанын ескертті. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Бейжіңді «біз сенетін және құруға көмектескен» ережелерге негізделген тәртіпті бұзды деп айыптады. Мадридте өткен НАТО саммитіне алғашқы рет қатысқан Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз Бейжің мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың нығаюы барлық демократиялық елге қауіп төндіретінін мәлімдеді. «Ресей Кеңес империясын қайта құруды қалайтыны сияқты, Қытай үкіметі де Үнді-Тынық мұхиты секілді жерлерде тарихы тереңге жайылған Батыс одағын бұзу үшін экономикалық қолдау арқылы достар іздейді», деді Албаниз. Сонымен қатар ол Аустралияның Қытайдың «экономикалық мәжбүрлеуіне» ұшырағанын айтып, демократиялық көшбасшыларды сауданы әртараптандыруға шақырды. Ал саммитте сөз тізгінін алған Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джакинда Ардерн Қытайды айыптай отырып, дипломатиялық араласуға шақырды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь болса барлығына жауап ретінде «НАТО жаңа қырғи-қабақ соғысты бастау әрекетін» тоқтатуы керек деді. Жапония премьер-министрі Фумио Кишида Украинаға басып кіру ережелерге негізделген тәртіптің бұзылғанын айтты. «Еуропаның қауіпсіздігі мен Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігін бөлуге болмайды», деді ол өз сөзінде.
Жалпы, Мадрид саммитіне Үнді-Тынық мұхиты аймағына көбірек көңіл бөлу үшін Аустралия, Оңтүстік Корея, Жапония және Жаңа Зеландия шақырылған.