Қазақстан • 30 Маусым, 2022

Жаңа сын-қатерлер сыртқы саясаттан сергектікті талап етеді

1273 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл біз мемлекетіміздің дербес сыртқы саясатын қалыптастыру мен іске асырудың символдық мәні бар 30 жылдығын атап өтеміз. Биыл тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 30 жыл толды.

Жаңа сын-қатерлер сыртқы саясаттан сергектікті талап етеді

1992 жылғы 2 шілдеде Қазақ­стан Республикасының Прези­денті «Сыртқы істер министр­лігі туралы», «Қазақстан Респуб­ликасының Елшілігі туралы» және «Қазақстан Республикасы­ның Төтенше және Өкілетті Елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіткен Жарлықтарға қол қойды.

Сол өткен уақыт ішінде Қазақ­­станның сыртқы саясаты шекараларымыздың пери­метрі бойынша тұрақтылық пен қауіпсіздікті және ішкі даму­­ға қолайлы жағдайларды қам­та­ма­сыз ете отырып, өзінің табыс­ты­лығын дәлелдей білді.

Қазақстан өзін халықаралық қаты­­настардың жаһандық жүйе­с­і­нің сали­қалы, парасатты және жауапты қаты­су­шысы ретін­де таныта алды. Сырт­қы саясат­ты тиімді жүргізудің арқа­­сын­да еліміз басқа мемлекеттер­мен қақ­тығыстарға бар­мау­ға мүм­кіндік алды. Соның нәтиже­сінде, бүгінде халық­аралық қо­ғам­дас­тықтың бірде-бір субъек­тісі­мен шиеленісті қарым-қа­ты­насымыз жоқ. Осы арқылы отан­­­дық дип­ломатия мемлекет­тігі­міздің нығаюына елеулі үлес қосты.

Тәуелсіздік алған сәттен бас­тап көпвекторлылық және тең­герімділік – Қазақстанның сырт­қы саясатының негізгі қағи­дат­тары болып қала береді. Осындай бағыт аясында Қазақ­стан көп­теген беделді халықаралық ұйым­­дардың мүшесі болды, Бірік­кен Ұлттар Ұйымымен және оның әртүрлі мамандандырылған меке­мелерімен (БҰҰ Даму бағдар­ламасы, Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы, Халықара­лық валю­та қоры, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО және т.б.) тұрақты негіз­де өзара іс-қимылды тиімді іске асыруда, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропадағы қайта құру және даму банкі, МАГАТЭ және т.б. ықпалды көпжақ­ты құрылымдармен ынтымақ­тастықты нығайтып келеді.

Сыртқы саясатымыздың ең маңыз­ды жетістіктері туралы айтатын болсақ, ең алдымен, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Мемлекеттік шекарасын заң­дық ресімдеу процесін атап өткен жөн. Елдің сыртқы шекараларын делимитациялау және демаркациялау мәселесі – әлемнің көптеген өңірінде ғасырлар бойы шиеленістер мен әскери қақтығыстардың себебі болып келген өте сезімтал мәселе. Біз қысқа тарихи мерзім ішінде Қытай, Ресей және Орталық Азиядағы көршілес елдермен шекара мәселесін шеше алдық. Бұл ұлттық мүдделерге нұқсан келтірместен жасалды. Бұған бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық аймағы мәртебесіне ие болған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюды да жатқызуға болады.

Ядролық қаруды таратпау ісіне белсенді қатысуымыздың өзі Қазақ­станның өзіндік саяси брендіне айналды. Әртүрлі елдердің көшбасшылары ресми және бейресми әңгімелер барысында әлеуеті бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқаны үшін бұрынғысынша Қазақстанға деген шынайы құрметін білдіріп келеді. БҰҰ Бас Ассамб­лея­сы­ның 29 тамызды – Семей по­ли­гонының ресми жабылған күнін – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы шеші­мі біздің осы бағыттағы күш-жігерімізді мойындау болды. Өткен жылы біз осы тарихи оқиғаның отыз жылдығын атап өттік. Қазақстан БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдауына күш салуға бейілді екенін атап өткім келеді.

Қазақстанның өңірдегі көр­шілерімен 2006 жылғы 8 қыр­күйекте Солтүстік жарты шар­дағы осындай алғашқы аймақ болған Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ (ОАЯҚАА) құру туралы Семей келісіміне қол қоюы ядро­лық қаруды таратпаудың халық­ара­лық режімін нығайтуға арналған нақты іс-қимылдардың дәлелі болды. Ядролық қаруы бар мем­лекеттердің оны Шартқа қатысу­шыларға қатысты қолданбау­ға міндеттенетін Негативті ке­пілдіктер туралы хаттама оған маңызды толық­тыру болды. Өткен жылы Келісімге тарап мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері оның 15 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме жасады, онда оның ережелері­не мызғымас бейілділігін растап, америкалық серіктестерін жоғарыда көрсетілген Хаттаманы ратификациялау процесін тез арада аяқтауға шақырды.

Ядролық қарусыз әлем идея­сын ілге­рілету жөніндегі күш-жігерден бас­қа, Қазақстан жаһан­дық және өңір­лік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан елеу­лі үлесі үшін халықаралық қоғам­дас­тықтың құрметіне ие.

Бүгінде 27 қатысушы ел мен 8 бақы­лаушы мемлекетті бірік­тіретін Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК немесе Азия кеңесі) құру идеясы да біздің елімізге тиесілі. АӨСШК-нің мақсат­тары мен міндеттері құрылым­ның атауында көрсетілген. Оның үстіне, оның қызмет салалары эпидемиологиялық қауіпсіз­дік, қоғамдық денсаулық сақ­тау, ақпараттық технологиялар, цифр­­ландыру және т.б. сияқты жаңа бағыттарды қам­ти бастады. Осы­ның барлығы ха­лық­ара­лық күн тәртібінің жаңа бол­­мы­сына және қажеттіліктеріне бейім­делу қа­жеттігінен туындап отыр.

Отандық дипломатияның тарихи жетістіктерінің бірегейі ретінде Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын ерекше атап өткен жөн. Осы миссияны орындау аясындағы Қазақстанның жауапты және нық ұстаны­мын халықаралық қоғамдастық жоғары бағалады.

«Жасыл» технологияларды дамытуға қосқан нақты үле­сі­мізді көрсететін «Болашақ энер­гиясы» тақырыбын­да өткен ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін өткізу құқы­ғын жеңіп алуда және оны нәтижелі өткізуге де дип­ломаттардың үлесі зор болды.

Тәуелсіздік жылдары қо­ға­мымызда қалыптасқан этнос­аралық және кон­фессия­ара­лық келісімнің өзіндік бірегей үлгісі бүкіл әлемге танытылды. Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 2001 жыл­дың күзінде Қазақстанға жасаған айтулы сапары еліміздің осы тұрғыдағы жаһандық рөлінің көрінісі болды. Сол жылы «өркениеттер қақтығысы» туралы әңгімені күрт шиеленістірген 11 қыркүйекте АҚШ-та орын алған қайғылы террорлық шабуылдардан кейін екі аптадан аз уақыт ішінде өткен осы сапар әлем назарын Қазақстанның әлемдік мәдениет пен конфессияаралық диалогті ұлттық әрі жаһандық ауқымда белсенді насихаттайтын елдердің бірі ретіндегі нық ұстанымына аударды.

Кейіннен еліміз өркениет­аралық және мәдениетаралық диа­­лог саласында мойындау тапқан бірқатар бастаманың авторы болды. Олардың ішіндегі ең танымалы ретінде 2003 жылдан бастап еліміздің астанасында тұрақты түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің өткізілуін атап өтуге болады. Өздеріңізге белгілі, осы жылдың 14-15 қыркүйегінде оның жетінші отырысы өтеді, оған Рим Папасы Франциск, Мәскеу және бүкіл Русь Пат­риархы Кирилл, Израильдің Жоғарғы рав­вин­дері Ашкенази Давид Лау және Сефардтық Ицхак Йосеф және әлемдегі түрлі діни қауым­дастықтардың басқа да беделді басшылары өздерінің қаты­с­уға ниетті екендерін растады.

Көпжақты дипломатияны нығай­ту, халықаралық және өңірлік ұйым­дар­мен ынтымақ­тастықты кеңейту бұ­рын­ғы­сынша Қазақстанның сыртқы сая­­сатындағы басым бағыт болып қала береді. Осы орайда Қазақстанда еліміз­дің төрағалық етуімен Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және өзге де беделді құрылымдар саммиттерінің табысты өткенін ерекше атап өткім келеді.

Өңірлік экономикалық интеграция процестері шеңберін­де Қазақстан – Еуразиялық эконо­микалық одақтың жауапты мүшесі. Осы бірлестік аясында сау­да-экономикалық және инвести­циялық байланыстар артып, ауқымды бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Бейтарап медиатор ретіндегі атына сай Қазақстан әр жылдары Иран­ның ядролық бағ­дарламасы, 2015-2016 жыл­дар­дағы Ресей мен Түркия арасын­дағы дипло­матиялық дағдарыс төңіре­гіндегі ахуалды реттеуге, Украина бо­йынша Минск процесінің іске қосы­луы­на, Сирия бойынша Астана проце­сі­нің келіссөздерін жүргізуге елеулі үлес қосты.

Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі және климаттың өзгеруіне қар­сы күрес жөніндегі Париж келі­сі­мінің қатысушысы болды. Сонымен бірге климаттық дип­лома­тия сыртқы саясаттың жаңа маңыз­ды бағытына айналуда. Қазіргі таңда алдымызда маңызды жаңа міндет тұр – 2060 жылға қарай экономиканы декарбондауды жүзеге асыру. Осы мақсатта Үкіметіміз Төмен көміртекті даму тұжы­рым­дамасын әзірлеуде. Біз жаңар­тылатын энергия көздерін жүйелі түрде ілгерілетіп келе­міз, олар­дың елдің энергия тең­гері­мін­дегі үлесі 2030 жылға қарай 15 пайызға жетуге тиіс, «жасыл экономиканы» дамытудың жаһандық процестеріне де белсенді түрде тартылып келеміз.

Соңғы екі жыл ішінде COVID-19 пан­демиясы адамзат­тың биологиялық си­паттағы қауіп-қатерлерге осалдығын ашып, жаһандық ауқымдағы жаңа күтпеген сын-қатерге ай­налды. Осыған байланысты Пре­зидент Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассам­блеясының 75-ші сессия­сында биологиялық қатерлер­дің алдын алуға және қауіпті ауру­лар туралы деректермен ал­масуға бағытталған Биология­лық қауіпсіздік жөніндегі халық­аралық агент­тік құруды ұсынды. Осы маңызды бас­таманы іске асыру – қазіргі даму кезе­ңін­дегі дипломаттарымыздың алдын­да тұрған маңызды мақсаттарының бірі.

СІМ қызметінің басым мін­деттерінің арасында тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жүйелі жұмысты да ерекше атап өтуге болады. Бұл қызмет экономикамызға қажетті қосымша капитал салуды, озық технологиялар алдыртуды және ең бастысы, еліміздің азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуді көздейді.

Басқа мемлекеттік құры­лым­дармен қатар дипломат­тары­мыздың да күш-жігерінің арқа­сында өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикасы­на шамамен 380 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Ведомствомыз Үкіметтің басқа құрылымдарымен және Ұлттық бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, ел үшін өмірлік маңызы бар осы бағыттағы жұмыстың стратегия­сы мен практикасын одан әрі жетілдіруді жалғастыратыны сөзсіз.

Жаңа Қазақстанның идеясы мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, сыртқы саясат ведомствосы адами өлшемге баса назар аударады, азаматтарымыз­дың және шетелдегі ұлттық биз­нес­тің құқықтары мен мүд­де­лерін қорғауды өзіне басты міндет деп санайды. Отандық дип­ло­матия неғұрлым қолданбалы болып, қоғамның және әрбір азаматтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бет бұруда.

Өкінішке қарай, қазіргі халық­ара­лық жағдай құбыл­малылық пен болжам­сыздықтың жоғары деңгейімен сипатталады. Мәселе сенім дағдарысы және түрлі саяси күштер арасындағы қақтығыстың артуы, халықаралық құқықтың негізгі қағидаларының бұзылуы, террористік қауіп пен қару­лану жарысының шиеленісуі, гиб­ридтік, кибер, сауда және валюталық соғыстардың жандануы сияқты сын-қатерлер төңірегінде болып отыр. Жаңа сын-қатерлер Қазақстанның сыртқы саясатын уақтылы бейімдеуді және түзетуді талап етеді.

Осыған байланысты 2020 жылғы 6 наурызда Мемлекет бас­шы­сы­ның Жар­лығымен Қазақ­стан Республика­сының 2020-2030 жылдарға арнал­ған сыртқы саясатының тұжы­рым­дамасы бекітілді. Жаңартыл­ған құжаттың негізгі ережелері көпвекторлылық, теңгерімді­лік, прагматизм және ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарына негізделеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі­нің Пре­зидент болған алғашқы күндерінен бастап мемлекеттің сыртқы саясатын іске асыру­дағы сабақтастықты айқын белгі­леп берді. Еліміз өзінің тиімділі­гін дәлелдеген, еліміздің бар­лық халықаралық серіктестері­мен өзара іс-қимылының оң қарқы­нын қамтамасыз ететін көпвек­торлы дипломатияны жүргізуді жалғастыруда. Осылайша, біздің сыртқы саяси басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді.

Қазақстан әрдайым халық­аралық қоғамдастықтың сенімді серіктесі болып қала бермек.

 

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ,

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі