Спорт • 30 Маусым, 2022

Шавқат үздік ондыққа енді

297 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектегі ең беделді промоушен – UFC өзінің рейтингін қайта жаңартты. Өткен аптаның аяғында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған турнирде жергілікті спортшы Нил Мэгниді екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген жартылай орта салмақтағы Шавқат Рахмонов бірден бес сатыға жоғарылады. Қазіргі кезде қазақтың қайсар ұлы мықтылар тізімінде 10-орынды иеленуде.

Шавқат үздік ондыққа енді

Расында да Шавқаттың табысына там­санбау мүмкін емес. 27 жастағы қандасымыз осы спорт түрін 2014 жылдан бері серік етіп келеді. Сол аралықта ол 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бір кереметі, сол жекпе-жектерді тегістей мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл – 100% көрсеткіш! 2019 жылдың көктемінде Алматыда ресейлік Данила Приказаны ұрып жығып, М-1 Global нұсқасы бойынша алтын белбеуді иеленгеннен кейін араға бірер ай салып Рахмонов чемпиондық атағын сәтті қорғады. Нұр-Сұлтанда өткен жарыста бразилиялық Тьяго Варежанның тас-талқанын шығарды.

2020 жылғы қазанда Шавқат UFC-дегі алғашқы кездесуін өткізді. Абу-Дабидегі турнирде Алекс Оливейраны және 2021 жылы Лас-Вегаста Мишел Празеристі сабмишн әдісімен ұтты. Бразилияның екі мықтысы тізе бүккеннен кейін Шавқат биыл қыста гайаналық Карлстон Харристы айналып теуіп, қарсыласы жерге құлаған бетте ауыр соққының астына алды. Бұл сәтте төрешінің бәсекені тоқтатудан басқа амалы қалмаған еді. Қандасымыз күні кеше UFC рейтингінде 10-орында тұрған Нил Мэгниден басым түсті.

Қазір бұл салмақта 35 жастағы Камару Усманға тең келер ешкім жоқ. АҚШ-тың туы астында өнер көрсетіп жүр­ген «нигериялық сұмдық» спорттық мансабын бастаған кезде өзінің екінші жекпе-жегінде жеңілген. Содан бері ешкімге есе жіберген емес. Усман барлығы 21 мәрте октагонға шығып, 20 рет мерейі үстем болды. Сол жеңістердің тең жартысында ол айқын басымдыққа ие болды. 2018 жылдың желтоқсанында америкалық Тайрон Вудлиді ұпай санымен ұтып, чемпиондық атаққа ие болған Камару сол уақыттан бері алтын белбеуін бес рет сәтті қорғады. 

Камару Усманды қайта-қайта жекпе-жекке шақырып, байыз таппай отырған үш дүлдүл бар. Олар – Колби Ковингт­он, Леон Эдвардс және Хамзат Чимаев. 34 жастағы Колби АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы. Лақап аты – «Хаос». 20 рет октагонға шығып, оның 17-інде мерейі үстем болды. 9 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ковингтон екі рет Усманнан жеңілсе, тағы бір рет Варлей Алвиске жол берді. 30 жастағы Леон Эдварс Ямайкада дүниеге келгенімен, кейіннен Ұлыбританияға қоныс аударды. Оның рекорды – 19 жеңіс (9 КО), 3 жеңіліс.

Жартылай орта салмақтағы мықты­лардың тізімінде үшінші сатыға жайғасқан Хамзат Чимаев жайында айтсақ, ол 1994 жылдың 1 мамырында Чешенстанда туған. 19 жасында Швецияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алды. Скан­динавия түбегінің саңлақтарымен бір залда жаттыққан жас өреннің шеберлігі шың­далды. Сол жақта жүріп еркін күрестен ел чемпионы атанды. 2018 жылы ММА-да тұсаукесер кездесуін өткізген Хамзат сол кезден бері 11 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекені өз пайдасына шешті. 2020 жылдың жазында UFC-мен келісімшартқа отырды. Алғашқы төрт жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Сол айқастарда Чимаев небәрі екі соққы ғана жіберді», деп барлық БАҚ өкілі шулады. «Алдағы уақытта чешен жігітінің екпініне ешкім шыдай алмайды», деген де әңгімелер айтылды. Содан кейін 35 жастағы Бразилия спортшысы Гильберт Бернспен жұдырықтасқанда көп жайттың беті ашылды. Швецияның өкілі Бернсті әзер ұтты.

Қазіргі кезде Хамзат Чимаев пен Шав­қат Рахмоновтың жекпе-жегін көруге құш­тарлық танытып отырғандардың қарасы көп. Өйткені екеуі де әлі жеңілмеген. Оның үстіне әр бәсекеде қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Екеуі де агрессивті стильді ұнатады. Олар аяқпен де, қолмен де керемет соққы жұмсай алады. Күресте де өте мықты. Былай қарасақ, Хамзаттың да, Шавқаттың да кемшін тұстары жоқ секілді көрінеді. Қос тарап ара-тұра бір-бірі жайында пікір білдіріп қояды. Бұл жағынан Чимаев белсенді. Ол әр кез Рахмоновты менсінбегендей сыңай танытуда. Бірақ қаймығып тұрған қазақ жігіті жоқ. Ешуақытта қызбалыққа салынбайтын Шавқат «Бос сөздің қажеті қанша? Сәті түскенде октагонда жолығармыз. Сол кезде кімнің кім екені белгілі болады», деп әңгімені қысқа қайыруда. Міне, жартылай орта салмақтардың марқасқалары осылар. Сондай-ақ ТОП-10-ның қатарында Гильберт Бернс (Бразилия), Белал Мұхаммед (АҚШ), Висенте Люке (Бразилия), Стивен Томпсон (АҚШ), Хорхе Масвидаль (АҚШ) және Шон Брэди (АҚШ) сынды дүлей күш иелері бар.    

Көбіне-көп UFC-де ТОП-15 спортшының ғана есімдері жарияланады. Бұл тізімде қазақстандықтар арасынан жалғыз Шавқат Рахмонов қана бар. Өзгелері әзірге үздіктер санатына ене алар емес. Ресейде туып-өскен қазақ жігіті Дамир Исмағұлов осы ұйымдағы бес жекпе-жегінің барлығын жеңіспен аяқтағаны баршаға мәлім. Бірақ бес жеңістің өзі әзірге таңдаулылардың тізіміне енуге аздық етіп отыр.

Үздіктер қатарында Рафаэль Физиев пен Мовсар Евлоевтың болуы да бізді қуантуда. Себебі екеуі де Қазақстанға бөтен емес. Мәселен, жеңіл салмақтағы Физиев Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген. Әуелде Қырғызстанда тұрса, бұл күндері Әзербайжанның туы астында өнер көрсетуде. Аралас жекпе-жектен 12 кездесу өткізген Рафаэль соның 11-інде (8 КО) басымдық танытты. Жартылай жеңіл салмақтағы Евлоев Игушетияның тумасы болғанымен, қазақстандық «Арлан Про Тим» клубының сапында жаттығады. Ол күні бүгінге дейін 15 рет айқасып, ешкімге есе жіберген емес.     

UFC-дің чемпиондары мен үздіктері

57 кило: Чемпион – Дейвесон Фигередо (Бразилия). 1. Брэндон Морено (Мексика),
2. Кай Кара-Франс (Жаңа Зеландия), 3. Асқар Асқаров (Ресей).

61 кило: Чемпион – Алджэмейн Стерлинг (АҚШ). 1. Петр Ян (Ресей), 2. ТиДжей Диллашоу (АҚШ), 3. Жозе Алдо (Бразилия).

66 кило: Чемпион – Александр Волконовски (Аустралия). 1. Макс Холлоуэй (АҚШ),
2. Брайэн Ортега (АҚШ), 3. Яир Родригез (Мексика). 

70 кило: Чемпион – жоқ. 1. Чарльз Оливейра (Бразилия), 2. Дастин Порье (АҚШ),
3. Джастин Гейджи (АҚШ).   

77 кило: Чемпион – Камару Усман (АҚШ). 1. Колби Ковингт­он (АҚШ), 2. Леон Эдвардс (Ұлыбритания), 3. Хамзат Чимаев (Швеция).

84 кило: Чемпион – Исраэль Адесанья (Жаңа Зеландия). 1. Роберт Уиттакер (Аустралия), 2. Джаред Каннонир (АҚШ), 3. Марвин Веттори (Италия). 

94 кило: Чемпион – Иржи Прохазка (Чехия). 1. Гловер Тейшейра (Бразилия),
2. Ян Блахович (Польша), 3. Александр Ракич (Аустрия).   

120 кило: Чемпион – Франсис Нганну (Франция). 1. Сирил Ган (Франция),
2. Стипе Миочич (Хорватия), 3. Тай Туиваса (Аустралия).