Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түнгі 03:10 шамасында өрт сөндіру бригадасы «Бақорда» базары аумағында орналасқан құрылыс заттарын сататын сауда орнына жоғары ранг бойынша шықты.
«Оқиға орнына 8 минутта жеткен өрт сөндірушілер шатыр астына қатарлап кесілген ағаш материалдарының ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады. Қызыл жалын «Бақорда» сауда орталығына таралу қаупі туындады. Дереу өрт орнында жедел штабтың жұмысы басталды, өнімділігі жоғары өрт оқпандары енгізілді, өрт автопоезі іске қосылып, үйінділерді алып тастау үшін құтқару қызметінің ауыр-шынжыр табанды техникасы тартылды», деп хабарлады департаменттен.
Қабылданған жедел шаралармен тілсіз жау бір сағат ішінде оқшауланып, жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді шарпыған өрт таңғы 06:35-те толығымен сөндірілді.
Өртті сөндіруге 21 бірлік техника мен жеке құрамнан 64 адам жұмылдырылды.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.