Сұхбат • 03 Шілде, 2022

Еркін Тұқымов: Әлемде жас ғалымдар үшін күрес жүріп жатыр

378 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазір магистрлер, PhD докторлар көп. Алайда зерттеу институттарының сарапшылары: «Елде ғылымға бет бұрған нағыз мамандар тапшы», дейді. Тіпті кей жұрттың Қазақстанда зерттеу орталықтары, құрылымдар, институттардың бар екенінен, олардың немен айналысатынынан хабарсыз екенін жасырып қажеті жоқ. Осы орайда Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, пікір алмасу мақсатында институт директоры Еркін Тұқымовпен әңгімелескен едік.

Еркін Тұқымов: Әлемде жас ғалымдар үшін күрес жүріп жатыр

– Президенттің Жарлы­ғы­мен Қазақстанның страте­гиялық зерттеулер институты осыдан 29 жыл бұрын 16 мау­сымда құрылды. Осы уақыт аралығында еліміздің үздік талдау орталығы деп танылған институт қандай жетістіктерге жетті?

– Келер жылы ҚСЗИ-дың құ­­рылғанына 30 жыл толады. Инс­­титутымыздың 30 жылдық мерей­тойын лайықты атап өту үшін жан-жақты дайындалып жатырмыз. Бұл тарих үшін қысқа мерзім болса да, кез келген талдау орталығы үшін межелі ке­зең. Болашаққа жос­парымыз көп. 29 жылда жеткен жетістігіміз де аз емес.

Біріншіден, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты – еліміздің  мықты әрі танымал талдау орталықтарының бірі. Мысалы, 2020 жылдың қоры­тын­дысы бойынша Пенсиль­вания Университетінің әлемдегі зерттеу орталықтары арасында өткізетін жыл сайынғы Global Go To Think Tank Index Report рейтингі бойынша ҚСЗИ Орта­лық Азияның үздік талдау ор­талығы болып танылды. Алайда елімізді әлемдік деңгейде таныту үшін бізге әлі де өсу керек. Мақ­сатымыз – рейтингте орын алу емес, ғылыми жетістіктеріміздің жемісін көру.

Екіншіден, ҚСЗИ – мықты сараптамалық мектеп. Біз Мемлекет басшысына сараптамалық материалдар жазатындықтан, үміткерлерге жоғары талап қоямыз. Сол себеп­ті институтымызда сыртқы және ішкі саясат бойынша еліміздің мықты сарапшылары қызмет етеді. Біздің ең үлкен жетістігіміз адами капитал екеніне сенімдімін.

ҚСЗИ қазіргі таңда мемле­кет­тік қызметте, еліміздің жоғары лауазымдарында жүрген танымал тұлғалардың жолын ашып, бәріміз үшін өмір­лік және сараптамалық шебер­лік мектебіне айналып үлгер­ген. Мысалы, институт қабыр­ға­сында Сенат Спикері Мәулен Әшім­баев, Мемлекеттік кеңес­ші Ерлан Қарин, саясаткер Ермұ­ха­мет Ертісбаев, белгілі саясаттану­шылар Болат Сұлтанов, Алма Сұл­танғалиева, Зарема Шәу­кенова, Сұлтан Әкімбеков және Пре­­зи­дент Әкімшілігі, СІМ, т.б. ар­­наулы мемлекеттік органдар­дың қызметкерлері жұмыс істеген.

Жалпы, қазіргі таңда әлемдік нарықта және әлемдік ғылым­да қаржы жағынан тапшылық жоқ. Барлық елде талантты, іскер жастарға сұраныс бар. Мы­салы, әлемдегі үздік зерттеу меке­­мелерінің бірі Массачусетс тех­но­логиялық институты түр­лі шығармашылық жобаны іске асыратын креативті жас ға­лымдарды тарту үшін қо­мақ­ты қаражат бөледі. Олар «Біздің проблемамыз ақша емес, біздің проблемамыз – талантты ғалымдардың жоқтығы. Біз жастарды әлемнің түкпір-түк­пірінен жинаймыз», дейді. Шы­нымен де қазір ғалам бойынша инновациялық идеялар мен жас ғалымдар үшін күрес жүріп жатыр. Біздің елімізде де қабілетті жастарға деген қажеттілік бар. Сондықтан ҚСЗИ жас сарапшы ғалымдарға қолдау көрсетуге ниетті. Жақын арада ғылыми жобаларға 3-4 ай мерзімге миллион теңгеге дейінгі сомада 15-ке жуық грант бөлінеді. Бұл институттың отандық ғалым­дарды қолдауға қосқан зор үлесі болмақ.

Үшіншіден, біз басқа сарап­тама орталықтарымен берік қарым-қатынас орнатып, үлкен серіктестік желісін қалып­тас­тырдық. Осы уақытқа дейін кең географиялық ауқымды қам­титын 40-қа жуық зерттеу және талдау құрылымымен ынты­мақ­тастық туралы мемо­ран­дум­дарға қол қойылды. Серік­тес­тердің қатарында РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты, Жоғары Экономика мектебі (Ресей), Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты КАОН (Қытай), Джонс Хопкинс Уни­верситеті жанындағы Орта­лық Азия және Кавказ Инс­титуты (АҚШ), Джордж Вашинг­тон университетінің Орталық Азия бағдарламасы (АҚШ), Фридрих Эберт атындағы қор, Кон­рад Аденауэр атындағы қор (Германия), Жаһандық және стратегиялық зерттеулер орта­лы­ғы (Пәкістан), Өзбекстан Ре­с­пуб­ликасы Президентінің жанын­­дағы стратегиялық және өңір­ара­лық зерттеулер институты, Орталық Азия халықаралық инс­ти­туты (Өзбекстан) және т.б. бар.

Біз халықаралық байланыс­тарды мейлінше қолдауға тырысамыз. 29-30 маусымда елордада Орталық Азия елдерінің стратегиялық зерттеулер инс­титуттары директорларының кез­десуі өтті. Алқалы жиында өңір­дегі проблемалар көтеріліп, кооперация мен интеграция жолдары талқыланды.

– Ал мұндай халықаралық байланыстар не үшін қажет? Бұл біздің елімізге қалай көмектеседі?

– Білесіз бе, Варшава мен Бостонда студент болып жүр­генімде де, дипломат ретінде шетелде қызмет еткенде де шет­елдік саясаткерлер мен сарап­шы­лардың Қазақстан туралы нақты түсініктері жоқ екенін байқадым. Ең сорақысы мәдени тұрғыда да, өркениет тұрғысында да бай еліміз туралы түрлі стереотиптер бар екенін аңғардым. Көбі Қазақстан билік пен трайбализм кең тараған ел деп ойлайды. Бізді киіз үйде тұрады, өркениеттің жетістіктері туралы білмейді деп санайды. Сол себепті біз серіктестерімізге Қазақстан туралы, еліміздің саяси және әлеу­меттік өзгерістері, сыртқы саяси бағыты туралы объективті ақпа­рат жеткізуді көздейміз. Әлемнің сараптамалық орталықтары Қазақ­станға қатысты саясатты жоспарлауда маңызды рөл атқа­ратынын түсіну керек.

– Сіздің ҚСЗИ-ға дипло­матиялық қызметтен келгеніңіз белгілі. Мәскеудегі елшілікте кеңесші-уәкіл, Қазанда бас консул болып жұмыс істедіңіз. Дипломатиялық тәжірибеңіз ғылыми ұйымда қалай көмек­теседі? Институт директоры ретінде өзіңіз үшін әрі қарай дамудың қандай басым бағыт­тарын белгіледіңіз?

– Иә, мен Варшава универси­тетінің Халықаралық қатынастар институтын тәмамдадым. Бірақ 3-4 курстан бастап зерттеу жұ­мыстарына қызығушылық танытып, Польшаның Шығыстану зерттеу орталығымен қызметтес болдым. Алайда мансабымды СІМ-де емес, ҚСЗИ-да бастадым. Сыртқы саясат бойынша зерттеулер жүргізіп, діни экстремизм туралы диссертация қорғадым. Тек содан кейін мен СІМ-ге жұмысқа тұрып, аналитикалық тәжірибем сол жақта керек болғанын түсін­дім. Жалпы, дипломат ең алдымен талдаушы болу керек. Өйткені сіз басқа елде жұмыс істеп, сол жақта болып жатқан оқиғаларға талдау жасап, зерттеу жұмысын дайындауыңыз керек. Қазіргі таңда ҚСЗИ-да әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, экономистер жұмыс істейді. Шын мәнінде, институт зерттеу, талдау қажет барлық қоғамдық салаларға қатысады. Біздің қызметкерлеріміздің орташа жасы – 40 жас, еңбекке қабілетті, белсенді, шығармашыл жас. Біз адами капиталды дамытуды әрі қарай да жалғастырамыз. Ол үшін халықаралық байланыстарды дамытып, шетелдік әріптестерімізбен ақпарат алмасып, іс-шаралар ұйымдастырып, зерттеулердің озық технологияларын үйренеміз. Біздің зерттеу материалдарымыз халықаралық басылымдарда неғұрлым көп болса, соғұрлым институтымыз танымал болып, біз елімізге пайда әкеле аламыз.

Бүгінгі таңда ҚСЗИ жобалық жұмыс форматын игеруде. Себебі экономика, ішкі және сыртқы сая­сат бір-бірімен тікелей байланысты, оларды бөліп-жару мүмкін емес. Сондықтан инс­ти­туттың бөлімдері негізінде халық­аралық және ішкі зерттеулер саласында жобалық кеңсе­лер құрылады. Мамандарымыз Еуразия, Орталық Азия, Каспий өңірін зерттейді. Қазақстан­ның экономикалық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама іске асырылады. Сондай-ақ саяси жаң­ғыр­ту бағдарламасы аясында пар­тиялық саяси даму мен азамат­тық қоғам модельдерін қарас­тыру жоспарда бар. Бұл бағыт, яғни жұмыстың жобалық форматы ұжымымызға бір топ болып жұ­мыс істеуге және әртүрлі аспек­тілердегі мәселелерді зерт­теуге, олардың кешенді шеші­мін ұсынуға мүмкіндік береді. Азық-түлік қауіпсіздігі, транс­порттық жолдар, көрші елдер­мен экономикалық байланыс­тарды дамыту сияқты мәселелер басым­дықта тұр. Біз қоғамды дұрыс танып, халықтың қажеттілігін білуіміз керек. Сол себепті әлеу­мет­танулық зерттеулердің маңы­зы зор. Бұл болашақта әлеу­мет­тік катаклизмдерден аулақ болу­ға мүмкіндік береді. ҚСЗИ-дың бұрынғы директоры Зарема Шәукенова институтымызда толыққанды әлеуметтану мек­тебін құрғанын атап өткен жөн. Біз сауалдама жүргізу арқылы өңірлерде әлеуметтану бағытындағы зерт­теулерді әрі қарай жалғас­тыруды жоспарлап отырмыз. Бұрын ҚСЗИ зерттеулердің жабықтығы үшін жиі сынға алынатын. Уақыт өте ел де, қоғам да өзгеруде. Біз мүм­кіндігінше ашық болып, зерт­теулердің нәтижелерін үнемі жариялап, Мемлекет бас­шы­сы­ның реформаларын халық қалай қолдайтынын, қандай сенім артатынын көрсетеміз.

Азаматтардың әлеуметтік көңіл күйі мен қоғамдық-саяси көңіл күйінің серпінін бағалау мақсатында өңірлік әлеумет­тану бағытында мониторинг жүргізіп отырамыз. Әлеуметтану бағытында мониторинг әр 3 ай сайын елі­міздің барлық өңірінде (185 қалалық және ауылдық елді мекен) 6800 респондентті қам­ти отырып жүргізіледі. Зерт­теуді жүргізуге нарықта өзін дә­лел­деген әлеуметтану бағытында ком­па­ниялар тартылады. ҚСЗИ қыз­мет­керлері әр өңірге барып, зерттеу жұмыстарының дұ­рыс-бұрыс­тығын бақылайды. Алын­ған нәтижелер саяси шешімдер қабылдауға негіз болады. Бұдан басқа, ведомстволық әлеуметтік зерт­теулерді үйлестіру, әдіс­намалық сүйемелдеу мақсатында ҚСЗИ құрылымында әдістемелік зертхана жұмыс істейді. Біз жер­гілікті жерлерде зерттеулер жүр­гізуде жергілікті атқарушы ор­гандарға қолдау көрсетеміз. Бұл сонымен қатар аймақтардағы жағдайды нақты уақыт режімін­де бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәліметтер базасын қалыптастыру бойынша одан әрі жұмыс істеуіміз керек деп санаймын. Егер институционал­дық жады, өткен туралы білім болмаса, зерттеу жүргізу мүмкін емес. Біз бір күнмен өмір сүре алмаймыз. Сондықтан осы зерт­теу­лер­ді жинақтау және түсіну маңыз­ды бағыттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ ҚСЗИ сарап­шылардың мемлекеттік органдарға сындарлы ұсыныстар әзірлеуі үшін ғылым мен білім, сыртқы саясат жөнінде кеңестер ашуды жоспарлап отыр.

– ҚСЗИ-дың сарапшылық қауымдастықтағы орны ерекше. Ал қоғамда институт туралы түсінік қаншалықты қалыптасқан?

– Қазір жаңа дәстүрлер, со­ның ішінде мемлекеттік орган­дар жұмысының ашықтығы дәстүрі қалануда. Қазақстан азаматтары салық төлеушілер ретінде біздің немен айналысатынымызды білуге тиіс. Біз осыған дағдыланып, өзгеруіміз керек. Қоғам тарапынан ҚСЗИ туралы ашық емес, жариялы емес деген сын-пікірлер көп болды. Бір жағынан Президент жанындағы институт жұмысының мәртебесі мен форматы жариялылықтың кейбір шекараларын меңзейді. Кей зерттеулердің ашық жария­лауға келмейтіні рас. Бұл біз­дің елімізде ғана емес, басқа да демо­кратиялық елдерде кезде­сетін тәжірибе. Әлемнің алғаш­қы талдау орталығы, әйгілі амери­калық РЭНД корпорациясы да барлығына өз ақпаратына қол жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Себебі бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Екінші жағынан өзгере­тін уақыт та келген сияқты. Саяси өзгерістердің даму қарқыны бізді де өзгеруге мәжбүрлейді. Сон­дықтан біз Оксфорд аналитика форматы бойынша жаңа сайт, сондай-ақ Youtube, Telegram, Instagram, Twitter парақшаларын іске қостық. Бұл тек Мемлекет басшысының саясатын түсіндіру үшін ғана емес, сондай-ақ күн тәр­тібіндегі нарративтерді қа­лып­тастыру бойынша кең ауди­торияға, оның ішінде халық­аралық аудиторияға жедел түрде жариялауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ біз өзіміздің ұлт­тық сараптамалық алаңымызды аштық. Оны Жаңа Қазақстанның құрылысы рухында «ҚСЗИ GPS» деп атадық. GPS – Қазақстанның дамуы үшін ең жақсы идеяларды, ойларды, мағыналарды іздеуге бағыт беретін бағдар дегенді білдіреді. Екінші жағынан, GPS  «Ғылым. Пікір. Саясат» деген сөздерден құралған деп айтуға болады.

Билік пен қоғам тұрақты диалогты қажет етеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың одан да табысты мүшесі болуы үшін не істеуіміз қажет, елімізді әрі қарай қалай дамытуымыз керек, халықтың өмірін жақсарту үшін не істеуіміз қажет деген сұрақтар төңірегінде ұдайы пікір алмасып отырғаны жөн. Сондықтан бұл алаңның тұрақты болуы өте маңызды деп ойлаймын. Оның үстіне бұл алаң бүкіл қоғамның, өңірлердегі барлық азаматтың сұранысына сәйкес болуы керек. Тек елорда мен Алматыда отырып қана қоймай, Қазақстандағы барша азаматтың көзқарасын ескеру керек. Осыған байланыс­ты ұлттық сараптама алаңының мәртебесіне сәйкес өңірлерде де пікірталастар өткізуді жоспар­лап отырмыз. Біз билікке тұжырым­дама ұсынбас бұрын барлық пікірді ескеруге дайынбыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»