Спорт • 04 Шілде, 2022

Жастар жасындай жарқылдады

190 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандыда грек-рим кү­ресіне Қазақстан чемпио­наты өз мәре­сіне жетті. «Кла­­сиктердің» жа­рысында тосын нәтижелер көп тір­келді. Әсіресе шешуші тұста атағы алысқа жайылған ба­луан­­дардың біразы сүрінді. Оларды тұғырдан тайдырған жа­­лынды жастар кеншілер қа­ла­сындағы спорт кешеніне жиналған жан­күйерлердің ыс­тық ықыласы мен зор қоше­метіне бөленді.

Жастар жасындай жарқылдады

Грек-рим күресінен өткен жа­рыстың алғашқы күні 63 кило салмақ дәрежесінің басты фавориті саналған әлем чемпионатының екі дүркін, құрлық біріншілігінің төрт дүркін және Азия ойындарының жүлдегері, ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Жартылай финалда ол Алматы облысының өкілі Ғалым Қабдунасыровқа есе жіберді. Негізі бұл бәсеке 12:12 есебімен аяқ­талған еді. Ондай жағдайда жасалған әдістің сапасы ескерілетіні мәлім. Бұл ретте Ғалымның асығы алшысы­нан түсті. Үшінші орын үшін тартыста Мейрамбек шымкенттік Жол­дыбай Тоқбаевқа жол берді. Ал финал­да солтүстікқазақстандық Рус­там Мәмедовтің тас-талқанын шыға­рып, айқын басымдықпен ұтқан Қабду­насыров ел чемпионы атанды.

77 кило салмақта бәсекелестік өте күшті болды. Жиырмадан аса балуанның арасынан төрт мықты суырылып шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Жартылай финалда атыраулық қос саңлақ – Мақсат Ережепов (Азияның чемпионы, екі дүркін күміс және үш дүркін қола жүлдегері) пен Каһарман Қисыметов (23 жастағылар арасындағы әлем және құрлық біріншіліктерінің қола жүлдегері) арасындағы айқас алғаш­қысының пайдасына шешілді. Қос­танайлық Темірлан Шадукаев (жастар арасындағы әлем чемпионы, ере­сектер арасында Азия чемпионы) Алматы облысынан келген сақа спортшы Демеу Жадыраевқа (әлем чем­пионатының күміс жүлдегері) жер сипатып кетті. Финалда Шадукаев пен Ережепов күресті. Былтырғы ел чемпионатында осы балуандар өзара шеберлік байқасып, сол тартыста Мақсаттың мерейі үстем болған. Бұл жолы Темірлан кеткен есені қайтарды. Қарсыласы алға ұмтылған кезде екі мәрте қарымта шабуылын сәтті жүзеге асырған Шадукаев қорытынды есепте 7:1 есебімен жеңіске жетті.

Алыптардың айқасында Антон Савенконың айдарынан жел есті. Фи­налда алматылық балуан Азия чем­пионы, шымкенттік Әлімхан Сыз­дықовпен күш сынасты. Бұл кездесуде Сыз­дықовтың жеңіске жететініне күмәнданғандар кемде-кем еді. Десек те, жас дарын сақа спортшының өрес­кел қателігін ұтымды пайдаланып, бәсеке тағдырын өз пайдасына шешті. Ең жеңіл салмақта жетісулық Исхар Құрбаевтың асығы алшысынан түсті. Шешуші тұста ол жетісулық Марлан Мұқашевты қапы қалдырды. 87 кило салмақта Азия чемпионатының жеңімпазы, Олимпия ойындарына қаты­сушы өскемендік Нұрсұлтан Тұр­сыновқа тең келер ешкім табылмады. Ақтық сайыста ол қызылжарлық Бауыржан Мусиннен басым түсті.

Жарыстың екінші күні тағы бес салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдар сарапқа салынды. Сол күні Дінмұхамет Қошқардың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын сыпыра ұтқан Жамбыл облысының жампозы жартылай финалда Мадияр Мәлтекбаевты сүріндірді. Ақтық сында Дінмұхаметтің жолы өзінің командалық әріптесі, Азия чемпионы Сұлтан Әсетұлымен қиысты. Атақты қарсыласынан еш қаймықпаған жас дарын ұтып жатса да, қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Әсетұлын төрттағанда ары да, бері де айналдырған Қошқар бұл белдесуде айқын басымдық танытты – 9:1.

60 кило салмақта қызылордалық Айдос Сұлтанғалидің шоқтығы биік болды. Әлем чемпионатының қола жүл­дегері финалда еліміздің тағы бір тәжірибелі балуаны, шығыс­қазақстандық Ернұр Фидахметовті еңсерді. 72 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қарағандылық Ибрагим Магомадов пен жетісулық Ерасыл Нұрбосынов өзара сарапқа салды. Бұл тартыста жарыс қожайыны өзінің мық­тылығын мойындатты. 82 кило салмақта Жетісу облысының өрені Диас Қаленнің қарқыны күшті болды. Шешуші тұста ол қостанайлық Мирас Баршылықовтың осал тұсын дөп тапты. 97 кило салмақтағы сайыс та өте шиеленісті өтті. Қызылордалық Олжас Сырлыбай мен қарағандылық Ер­ұлан Ысқақов белдесіп, бұл бәсекеде жер­гілікті балуан жеңіс тойын тойлады.

Жалпы командалық есепте Алматы облысының өрендері алдарына жан салмады. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының өкілдері екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ Қарағанды мен Солтүстік Қазақстанның спортшылары үздік бестіктің қатарына енді. Ал Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Пав­лодардың балуандары бірде-бір ұпайға иелік ете алмай, көш соңында қалып қойды.      ­­