АСТАНА. 28 сәуір. Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция тақырыбындағы дәрісінде Еуразиялық экономикалық одақты 2050 жылы әлемдегі интеграциялық ұйымдардың үздік үштігі құрамынан табылуға тиіс екенін айтты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Елбасының пайымынша, қазіргі таңда әлемде 300-ден астам ықпалдастық бірлестіктері тіршілік етеді. Олардың барлығы да белгілі бір аумақ пен сала бойынша белгілі бір дәрежеде көшбасшы болуға ұмтылады. Сондай топжарған топтың рөлі Еуразиялық экономикалық одаққа да өте оңтайлы келеді.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы біздің әріптестерге 2050 жылға қарай әлемнің 300 бірлестіктерінің ішінде ең мықты интеграциялық ұйымдардың үштігіне ену мақсатын қоюды ұсынамын. Қазірдің өзінде мен мұндай ықпалдастықтың тек үш-төртеуін көріп отырмын. Бізге де неге талпынбасқа?» Ресей экономикасының рөлі өте маңызды. Сондықтан біздің бірлестіктің дамуы экономикалық прагматизм, жауапкершілік, эволюциялық, ашықтық шеңберінде жүргізілуі тиіс», - деді осы орайды Қазақстан лидері.
Сол ойлардың жалғасы ретінде Н.Назарбаев әріптестеріне бұл мәселеде Қазақстаннан үлгі алу керектігін жеткізді.
«Қазақстанда 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарлама іске асырылуда. Оның алдында бізде 2030 жылға дейінгі бағдарлама мерзімінен бұрын жүзеге асқан болатын. Енді біз өзімізге ғасырдың ортасында әлемнің дамыған 30 еліне ену жөнінде мақсат қойып отырмыз. Бұл арман-қиял емес. Бұл бағдарлама толығымен қаржымен, мамандармен және жобалармен қамтамасыз етіледі. Біз осы мақсатқа егемен, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің толыққанды мүшесі ретінде қол жеткізуді көздеп отырмыз. Біздің барлығымыз осындай жоғары мақсаттарды қоюымыз керек», - деді бұдан соң Мемлекет басшысы.
Еске сала кететін бір жайт, Нұрсұлтан.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ туралы идеясы 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мінбесінен айтылған еді. Міне, арада 20 жыл өткенде, сол идеяның іс жүзіне асырылатын сәті туып, 2014 жылы мамыр айында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары арасында Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойылғалы отыр.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: my-uni.ru.