Туризм • 04 Шілде, 2022

Елордада туристік ақпараттық орталық ашылады

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылы елордада туристік ақпараттық орталық ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада туристік ақпараттық орталық ашылады

«Келесі жылы Мәдениет және спорт министрлігі Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірлесіп, елордадағы Abu Dabi Plaza кешенінің қасынан туристік ақпараттық орталық ашуды жоспарлап отыр. Ол жерде туристерге толықтай ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар туристік операторлардың картасы, олар туралы деректер қолжетімді болмақ. Туристік орталық ақпаратты 4 тілде ұсынады», деді Ержан Балтаев.

Оның айтуынша, аталған орталықта туристер интернет пен компьютерді пайдаланып жұмыс істей алады.

«Сондай-ақ орталықтың ішінде ұлттық мәдениеттен хабар беретін және қолөнершілер бұрышын ашу ойда бар. Яғни, туристер біздің елдің мәдениетімен жақынырақ таныса алады», дейді ол.

Одан бөлек, басқарма басшысы туристік орталық ашылған соң Call-орталықтың іске қосылатынын айтты. Call-орталыққа хабарласу арқылы туристер өз сұрақтарына тәулік бойы жауап ала алады.