Саясат • 04 Шілде, 2022

Жаңа кодекс нені көздейді?

309 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде жаңа Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатыр. Биыл аталған кодекс жобасы Парламент қарауына ұсынылады. Осыған орай Amanat партия­сы жанындағы республикалық Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес кодекске енгізілген ұсыныстарды талқылады.

Жаңа кодекс нені көздейді?

Президент Қ.Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді құзырлы органдарға 2020 жылы тапсырған болатын. «Бұл құжат аясында біз әлеуметтік саясатты пандемия мен жинақталған проблемаларды ескере отырып, жаңа жағдайға бейімдеуіміз керек. Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық шарттың негізгі элементі болуға тиіс», деген Мемлекет басшысы осы жылдың басында заңнаманың маңыздылығын тағы да атап өткен болатын.

Кодекс жобасы екі жылға жуық уақытта дайын болды. «Әлеуметтік кодекс азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін бекітуге мүмкіндік береді деп болжануда. Қазақстан үшін мұндай құжат – жаңалық, оны әзірлеу әлеуметтік саланы регламенттейтін барлық заңдарды бір кодекске біріктіру қажеттілігімен негізделеді. Бүгінгі таңда мұндай заңдар саны 17-ден кем емес, олар жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек туралы, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру туралы және т.б. Жаңа кодекстің басты міндеті – мемлекеттен кім, қандай жағдайда және қандай көмек ала алатындығын нақты реттеу», деді республикалық Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.

Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысып, кодекске арқау болар басты мәселелерді талқыға салды. «Біз жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыруды отбасының дамуына негізгі жағдай жасаудан бастадық. Отбасының әрбір мүшесінің дағдылары мен құзыреттеріне қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігі тең болуы қажет. Ал оны біз өз балаларымыздан бастауымыз керек, өйткені жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жас буынның шығармашылық ойлауы, жоғары іскерлік қабілеттері дұрыс бағытқа бағытталуы тиіс», деді министр қазіргі елдегі жастар және отбасы жағдайына тоқталып.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 6 716 565 отбасы бар болса, оның 2 416 364-і ғана жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974  отбасының жағдайы қанағаттанарлық, ал 1 156 815 шаңырақ дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр, 890 432 отбасының жағдайы нашар (ең көбі Алматы облысында – 106 247, Түркістан облысында – 85 985, Шығыс Қазақстан облысы  – 69 986 және Алматы қаласында – 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, сонымен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында.

«Отбасылардың мұндай жағдайға жетуінің басты себебі – жұмыссыздық», дейді сарапшылар. Әлеуметтік кодекс­ке енгізілген басты ұсыныс та еңбек мәселесіне қатысты болып отыр, әсіресе жастарды жұмыспен қамту басты назарға алынған. Осы орайда Тамара Дүйсенова Enbek.kz платформасының жаңартылған форматын таныстырып, жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.

«Қазірде еліміздегі 58 пайыз жұмыс күшін 1987, 1990, 1991, 1992 жылы туған азаматтар қамтып отыр. Демографиялық өсімді айтар болсақ, 2000 жылдан бастап Қазақстанда туу көрсеткіші 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда өсті. Қазір осы балалардың алды еңбек жасына жетті. Олар жаңа ғасыр мен технология заманында дүниеге келгендер. Сондықтан еңбек шарты, жұмыс көзі де жаңаруды қажет етеді. Жұмыссыздық дендеген сайын елімізде ішкі миграция да мәселеге айналды. Солтүстік облыстардан халық, әсіресе жастардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына қоныс аударуда. Біз солтүстік өңірлерге барып, бұл мәселенің шешімін табуға тырыстық. Орталықтағы, бас қалалардағы ірі кәсіпорындар, компаниялар, ірі сауда желілері солтүстік облыс­тардан филиалдарын ашуға мүмкіндік бар екенін айтады. Осыны қолға алмасақ, өңірлердегі тұрғындардың тепе-теңдігін сақтай алмаймыз», деді министр Отбасы цифрлы картасын таныс­тыра отырып.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды. Қазірде елімізде дәрігер, педагог, мал дәрігері секілді мамандар жетіспейді, әсіресе ауылдық жерлерде маман тапшылығы қатты байқалады. Жаңа әлеуметтік кодексте осы кадр тапшылығының орнын толтыру қарастырылған. «Сыртқы иммиграция яғни азаматтардың елге келуін қамту үшін ішкі теңсіздік пен мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, Қазақстанды білікті кадрларды (студенттер, мұғалімдер, жұмысшылар, бизнесмендер) тарту орталығына айналдыру қажет. Ал сыртқы эмиграция яғни елден кетушілерге, Отанынан тыс жерде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын тиімді қорғау жүйесін құру қажет», деді министр. Сондай-ақ көші-қон саясатында білім, бизнес, еңбек және этностық иммиграция, босқындарды қабылдау, еңбек эмиграциясы және ішкі миграция бірге қарастырылуы қажет.

Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі тиімді әрі ауқымды болуы керек. Бүгінгі күні ел бойынша 114 стационарлық және 112 жартылай стационарлық типтегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 484 үйлердегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және 183 үкіметтік емес ұйым бар. «Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың санын есептесек, бұл мекемелер жеткіліксіз», дейді сарапшылар. Әлеуметтік қызмет көбінесе толықтай ірі қалаларда ғана көрсетіледі, ал ауыл-аймақтағы халық бұл көмектің жалпы қызметін ғана көріп отыр. Осы орайда Әлеуметтік кодекс қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және сал ауруымен ауыратын мүгедек балаларға әлеуметтік көмек ретінде берілетін мектеп-интернаттарды кезең-кезеңмен бөлу, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарды пакеттік қызмет көрсетуге бағыттау, шалғай ауылдық елді мекендерде «мобильдік қызметтерді» (ҮЕҰ, волонтерлер) құруды ұсынады.

Кодексте сондай-ақ зейнетке шығу кезеңінде төленетін төлемдер де қарастырылған. Қазіргі күні елімізде 1998 жылға дейін зейнетке шыққан 365 мың адам бар. Олар базалық және ынтымақты зейнетақы жүйесімен төлем алып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұларға өзгеріс қажет емес. Сонымен қатар 1998-2038 жылдар аралығындағы өтпелі кезең зейнеткерлері 1,8 млн адамды құрайды. Олар базалық және жинақтаушы қорлардың көрсеткішімен төлем алады, бұл зейнеткерлердің төлемдеріне өзгеріс қажет. Ал 2038 жылдан кейінгілерге базалық және жинақтаушы қорлардың көрсеткішімен зейнетақы төленбек. Бұл кезде зейнетақы көлемі едәуір азайып қалмақ, сондықтан жұмыс берушіден қызметкердің жинақтаушы қорына ай сайынғы төлем аудару міндеттелмек.

Осы және өзге де әлеуметтік мәселелер қарастырылған кодекс Парламентке жолданады. Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыным жолдады.