Аймақтар • 05 Шілде, 2022

Заңсыз салынған үй сүрілді

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы сияқты ауасы айналмайтын, тұрғындары тығыз орналасқан қалада заңсыз бой көтерген ғимараттар мен тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Агломерация есебінен мегаполиске өткен жер телімдерінде, апатты аймақ, суға жақын жерлерде өз бетінше баспана салып алғандар мәселесі де түпкілікті шешілмегенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Алматыда құрылыс басқармасының келісімінсіз соғылған 14 мыңдай құрылыс нысаны бар.

Заңсыз салынған үй сүрілді

Өткен жылы күз келіп жет­кенше, соттардың шешімі бо­­йынша заңсыз салынған 18 ны­сан бұзылған еді. Сот тал­қы­лауын­сыз көшелер мен аула аумақ­тары бойындағы мем­ле­кеттік қор жер­лерінде өз еркімен орна­тылған 300-ге жуық заңсыз нысан қоса сүрілген еді.

Енді, міне, Алматы қаласы­ның әкімі Ерболат Досаевтың пәрме­німен тұрғындардан тынбай түскен арыз-шағымдардың нәтижесінде «Шұғыла» шағын ауда­нындағы, Бәйтелі батыр кө­шесінде заңсыз тұрғызылған 12 қабатты тұрғын үйді бұзу мә­селесі көтеріліп қана қоймай, сүріліп тынды.

Айналып келгенде, Алма­ты қалалық сотының шешімі­мен Алматы қаласының қала құ­рылысын бақылау басқармасының талап-арызы қанағат­тан­дырылып, сот аталған нысан­ды бұзу туралы шешім шы­ғарды. Ғимарат 1 шілдеде сот орын­дау­шыларының қатысуымен сүріле бастады.

Бұған дейін қала құрылысын бақылау басқармасы нысанда тексеру жүргізіп, сәулет, қала құ­рылысы және құрылыс қыз­­меті саласында бірқатар заң бұзу­­шылықты анықтаған бола­­тын. Құрылыс жүргізушіге қатыс­ты әкімшілік хаттамалар жасалып, ескертулерді жою туралы ұйғарым шығарылды.

Алматы қаласының маман­дан­дырылған ауданаралық эко­номикалық сот басқармасы да «Aрт-Техносс» ЖШС-на заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап-арызын қозғаған болатын. Бірақ 2021 жылғы 9 желтоқсандағы сот шешімімен талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Осыдан кейін қала құрылысын бақылау басқармасы Алматы қалалық сотына апел­ляциялық шағым түсірді: талап-арыз қанағаттандырылды.

Бұған дейін де компания иесіне әкімшілік шара қолда­ны­­лып, оған өздігінен демонтаж жұ­мыстарымен айналысу тап­сырылған еді. Алайда кәсіп­кер сот шешімін елемеген. Осы себепті, бүгінде мәж­бүрлі түрде үй бұзу шаралары сол кәсіпкердің есебінен жүргізіліп жатыр.

 

АЛМАТЫ