Қазақстан • 05 Шілде, 2022

Қазақстанда тұрғын үй саясаты реформаланады

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында «Отбасы банкін» реформалау жоспарлары және қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа қағидаттары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда тұрғын үй саясаты реформаланады

«Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша ҚР Заңының жобасы әзірленді, ол ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Заң жобасы шеңберінде тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығара отырып, «Отбасы банкін» ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады. Сондай-ақ «Отбасы банкі» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда, ол санаттарға тиесілігіне қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ азаматтарды есепке алуды жүзеге асырады», деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылады.

«Тұтастай алғанда, бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді», деді министр. 

ҚР ИИДМ мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта заң жобасын талқылау бойынша жұмыс тобының 8 отырысы өтті, оның шеңберінде 258 түзету ұсынылып, 155-і қабылданды.

Ведомство басшысы атап өткендей, бүгінде әкімдіктерде 613 мың азамат кезекте тұр, оның ішінде 222 мың адам - әлеуметтік осал санаттағы кезекте. Сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мың адам - көп балалы отбасылар, жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедек адамдар және мүгедек балалары бар отбасылар да бар.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әзірленгенін, тиісті қағидалар мен «Отбасы банкі» базасында цифрлық платформа әзірленгенін еске салды.

«Бүгінде 25 мыңнан астам өтінім қабылданып, олардың 6 мыңға жуығы мақұлданды. Республикалық бюджетте 40 млрд теңге көлемінде қажетті қаржыландыру көлемі қарастырылған және бүгінгі күні «Отбасы банкке» қаржыландыру жоспарына сәйкес 3 млрд теңге аударылды. Өңірлердегі мәслихаттар қажетті 10 млрд теңгенің 3,7 млрд теңгесіне жергілікті бюджет шығындарын бекітті. Сонымен қатар Батыс қазақстан облысы бойынша осы күнге дейін жеткізілген лимитке сәйкес тұрғын үй төлемдері үшін жергілікті бюджеттен қаржыландыру қарастырылмаған», деді Қайырбек Өскенбаев.