Елорда • 05 Шілде, 2022

Астана күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Нұр-Сұлтанда қала күніне орай отшашу болмайды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

Қаланың 24 жылдығына орай концерттер мен түрлі спорттық фестивальдер өткізіледі.

Астана күнінде қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың (кезекте тұрғандарға пәтер кілттерін тапсыру), зауыттың, скверлердің, қоғамдық кеңістіктердің, 80-нен астам аула аумақтарының ашылуы өтеді.

Сондай-ақ осы күнге орай қаланың бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдары концерттер, спорттық турнирлер, көрмелер ұйымдастырады.

1-6 шілде аралығында «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «Елорда пейзаждары» атты арт-көрме жұмыс істейді.

1-8 шілде аралығында – «Ел тірегі – Елорда» көрмесі өтеді.

Бүгін, 5 шілде күні «Әлем картасындағы жаңа елорда» ашық есік күні өтеді.

4-6 шілде аралығында Орталық саябақта «Mereke Street» қалалық мәдениет фестивалі өтеді.

5 шілде күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында «Әзіл әлемі» әзіл кеші ұйымдастырылады.

Сондай-ақ бүгін «Астана Опера» опера және балет театры «Шопениана» және «Шехрезада» күміс дәуірінің балеттерін ұсынады.

5 және 6 шілдеде «Колизей» спорт кеңістігінде «Отан Ана» монументінің жанында стритболдан «Nur Sultan Cup» турнирі ұйымдастырылады.

5-9 шілде аралығында «Астана Балет» театры «Орфей және Эвридика» балетінің премьерасына шақырады.

6 шілдеде сағат 11:00-де Триатлон паркте «Elorda Tolqyny» спорттық жарысы басталады. Осы уақытта «Қазанат» ипподромында шабандоздар «Елорда кубогы» үшін бәйге түрлерінен бақ сынайды.

Кешке, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов «Ақ қанат-ақ құсым» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін «Астана-Арена» стадионының тұрағында дәстүрлі Open air «Халықпен бірге» өтеді.

Сол күні кешке «Қазақстан» ОКЗ «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған «Далам менің» концерті ұйымдастырылады.

8 шілдеде Амфитеатрда «Мен сені сүйемін, менің астанам» атты концерттік қойылым өтеді.

Айта кетсек, «Барыс Арена» мұз сарайының жанында 12 сағаттық Open air «You Fest» шарасын өткізу 20 шілдеге ауыстырылды.