Спорт • 05 Шілде, 2022

Ешкімнен жеңілмеген саңлақтар

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда UFC-дің ресми сайтында аралас жекпе-жектен өткен жарыстарда ешкімнен жеңілмеген сегіз спортшының есімі жария етілді. Сол тізімде біздің Шавқат Рахмонов та бар. Жартылай орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақтың өр мінезді ұлы үздіктер рейтингінде екінші орынды иеленуде.

Ешкімнен жеңілмеген саңлақтар

Көш басында – Хусейн Асха­бов. Чешенстанда туып-өсіп, кейіннен Францияға қоныс аударған 27 жастағы спортшы жауынгерлік самбоны же­тік меңгеріп, көптеген аса ірі халықаралық жарыста жеңіс тұғы­рына көтерілді. Осыдан 10 жыл бұрын аралас жекпе-жектен тұсаукесер кездесуін өткізген Хусейн сол кезден бері 23 рет ок­тагонға шығып, барлығында жеңіске жетті. 16 бәсекеде айқын басымдық танытты. Десек те ол UFC-дің туы астында әлі бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Негізінен чешен жігіті ECSF, GEFC, WWFC және WFCA се­кіл­ді ортаңқол ұйымдарда жұ­дырықтасты. Өзінің әлемдегі ең белді промоушендегі ал­ғаш­қы айқасын Асхабов 17 шіл­деде өткізеді. Ол 34 жастағы бра­зилиялық файтер Герберт Бернспен күш сынасады. Тек сол кезде ғана Франция өкілінің қаншалықты қарулы екеніне нақты баға беруге болады.

Екінші орындағы Шавқат Рах­мо­новтың жүріп өткен жолы барша қазақстандық жанкүйердің көз алдында. 27 жастағы қандасымыз осы спорт түрін 2014 жылдан бері серік етіп келеді. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында айқын жеңіске қол жеткізді. 2020 жылдың қазан айында Шавқат UFC-дегі алғашқы кездесуін өткізді. Абу-Дабиде өткен турнирде Алекс Оливейраны және 2021 жылы Лас-Вегаста Мишел Празеристі сабмишн әдісімен ұтты. Бразилияның қос мықтысы тізе бүккеннен кейін Шавқат биыл қыста гайаналық Карлстон Харристі талдырса, жуырда ғана америкалық Нил Мэгниді оңдырмай сабады.

Үшінші мен бесінші орындарды өзара бөліскен Молдованың марқасқасы Александр Романов, Уэльстің сайыпқыраны Джек Шор және Ресейдің мықты­сы Мовсар Евлоевтың көрсет­кіштері бірдей. Олар да дәл Шавқат Рахмоновтай 16 кезде­суден өткізіп, барлығында ме­рей­лері үстем болды. Ондай жағ­дайда рейтинг жасалғанда спортшылардың қанша рет айқын басымдық танытқаны ескеріледі. Бұл ретте қазақ жігітінің өзгер­лер­­ден көші ілгері. Шавқат 100 пайыз­­дық көрсеткішке ие. Үшінші саты­ға жайғасқан ауыр салмақтағы Романов тек бір бәсекені ғана мер­зімінен бұрын аяқтай алма­ған екен. Қалған 15-інде нокаут тіркелген. Аса жеңіл салмақтағы Шор 12 қар­сы­ласын есінен тандырса, Евлоев
7 рет айқын жеңіске қол жеткізіпті.

Сондай-ақ жеңілістің кермек дәмін татпағандардың тізімінде америкалық Брайс Митчелл (15-0, 9) мен  Шон Брэди (15-0, 7) және ресейлік Умар Нурмагомедов (15-0, 8) сынды саңлақтар бар.