29 Сәуір, 2014

Жезқазғанды дамытуға жаңа бағыт

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл өңір жайлы сөз қозғала қалғанда келешегіне алаңдаушылық, алыпқашпа әңгіме алдан шығатыны бар. Кен қоры азайды, өндіріс ауқымы тарылып барады, жұмыс табу қиындады делінеді. Белгісіз емес жайт. Жезқазған мыс қорыту зауытының гидрометаллургиялық технологияға көшуіне байланысты қуат арттыруға тоқтатылуы, Сәтбаевтағы байыту фабрикасының қайта жаңғыртуға қойылуы өнеркәсіп өнімін, инвестиция көрсеткішін төмендеткені рас. Рас болғанда, негізгі тірек саналатын екі кәсіпорын жұмысындағы уақытша іркіліс бұл. Жағдай мүлдем сондай күйде қалмақ емес. Алдағы жылдарда қайта жанданыс бітетін осынау қос өндіріс өрлеу өзегі болғалы тұрса, Жезқазған, Сәтбаев қа­ла­ларын және Ұлытау ауданын экономикалық-әлеуметтік дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру аймақ өміріне одан сайын үлкен жаңғыру жасатады. Мұнымен бірге, екі жақтан тартылудағы Жезқазған – Сексеуіл, Шұбаркөл – Арқалық теміржолы өзгерістерге бастап жатыр. Міне, қысқа қа­йырып айтқанда, мысты өлке болашағына алаңдайтын еш­теңе жоқтығы осы жайлардан байқалады емес пе. Ал бұл бағыттағы істер облыстың басты назарында екенін көпшілік білуге тиіс. Елба­сының тапсырмасы бойынша аймақты дамыту бағдарламасы нақтыланып, қосымша шаралармен толықтырылып, тыңғылықты атқарылуына талап күшейіп отыр. Сондықтан Жезқазғанда жиі болатын облыс әкімі Бауыржан Әбдішев кезекті сапарында жағ­дай­мен тағы бір тікелей танысып, үлкен міндеттер қойды. Атап айтқанда, минералдық-шикізаттық базаны кеңейту, индустриялық-инновациялық да­муды қамтамасыз ету, ком­муналдық және әлеуметтік ин­фрақұрылымды жетілдіру ба­ғытындағы 80 шараны қам­титын аталған ауқымды жос­парға бөлінген 350 млрд. теңге бір тиыны шашау етілмей әрі белгіленген мерзімдеріне сәйкес игерілуі қажет. Өңірдің өндірістік әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретін Жездіде марганец, Қияқтыда қоңыр көмір өндіру, Сарыоба, Итауыз, Жомарт кеніштерінен кен алу көлемін арттыру, техногендік қалдықтарды өңдеу, құрамы бай жаңа кен көздерін тауып, игеру жолға қойылады. Бұл бір десек, сондай-ақ, Ұлы­тау ауданының Қарсақбай, Байқоңыр, Кұмкөл тарабын басып өтетін жаңа теміржол бойында 5 станса, 12 разьезд бой көтеретіндігі алыстағы ел ішіне қуанышты оқиға болғалы тұр. Оң құбылыстың басы тамырын жая бастады. Мұнымен бірге, жаңартылып жатқан Жезқазған – Қызылорда, Ұлытау – Арқалық автожолдары бөліктері де күре жолдардан бұрыстау аймақтың өңірлермен байланысын ке­ңейтеді. Аталған кешенді жос­пар аясында өндіріс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экономиканы әртараптандыруға арналған іс-шаралар өңірдің тынысына тың серпін бере бастағаны күннен-күнге байқалып келеді. Жұмысқа қамтылмақ 10 мың адамның алды жапанды дүбірлеткен еңбекке араласты. Сегіз жылға белгіленген бағ­дарламаның арқаның кеңге салынбай, кезең-кезеңімен тын­дырымды атқарылуына та­лап биіктей беретін болады. Жауапкершіліктің ортақ еке­ні жиында баса айтылып, кө­те­р­ілген барлық мәселелер бо­йын­ша нақты тапсырмалар берілді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ЖЕЗҚАЗҒАН.