Сұхбат • 05 Шілде, 2022

«Айттым. Айтуға тиіс болдым!»

404 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ұлы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған, «Алыптар тобынан» кейінгі әдебиетке келген тегеурінді толқынның өкілі, қазақ прозасына психологиялық қатпары мол, реалистік көркем шығармаларымен қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сөз зергері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы С.Шаймерденов көзі тірісінде газет тілшісіне берген бір сұхбатында: «Халық алдындағы жауапкершіліктің не екенін сезінбеген жазушының жолында қатер көп: арзан атақ-данқ, жалған бедел, биік мінберге орай жазылған көркемдігі жалған плакат шығармалар... Бұның бәрі сөз өнерін жоққа шығаратын әзәзіл жол», депті. Осы орайда қаламгердің туғанына биыл 100 жыл толуына байланысты жазушының қолында өсіп, тәрбиесін көрген бауыр – баласы, белгілі журналист Сайын Есмағимен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.

«Айттым. Айтуға тиіс болдым!»

– Сайын мырза, әуелгі әңгі­мені әулет тарихынан бастаған дұрыс сияқты. Сөз тізгіні өзі­ңізде...

– Шаймерден атамыздың үлкен бәйбішесі, біздің үлкен әже­­мізден Сафуан және Есмағи деген екі ұл туыпты. Апамыздың аты – Қиза екен. Сонау алапат аштық жылдары папамның он жастағы кезі, інісі Есмағи алтыдан енді асқан шағында туған шешелері о дүниелік болған көрінеді. Мен Есмағидың баласымын. Үлкен әкем Сафуанды «папа» деп атап кеткенмін. Папам­ның осы аштық туралы жазға­ны да бар. Шет жағалап, өз аузынан да естіп жүрдік. Бүкіл ауыл қынадай қырылып жатқанда, атам жарықтық екі ұлын жылы тонға орап, күркенің ішіне отырғызып қойып, өлгендерді бір-бірлеп жерлеп шығыпты. Заманның беті бері қараған тұста атамыз тағы бір әйел алған. Ол кісінің есімі – Бейіс. Одан Еркебұлан ағамыз дүниеге келіпті. Бұл ағамыздың екі қызы бар. Ал Сафуаннан жалғыз Саян. Есмағидан бес ұлмыз. Мен туғанда папам атымды Сайын деп қо­йыпты. Саяным заңғар таудың бел­гісі болса, Сайыным сары дала­ның символы болсын, деп ырым етіпті.

Папам мені бір жасқа толғанда Алматыға алып келіпті. Содан бірінші класқа барғанға дейін жазда ауылда, қыста Алматыда папамның қолында болдым. 1968 жылы мен бірінші класқа баратын кезімде, сонау Қызылжар өңірінен атам Шаймерден ақсақал келіп: «Сафуан, қарағым! Мына Есмағидың ұлын ауылға қайтар, сенің Саяның бар. Мен де бір немеренің тұлымынан иіскеп оты­­райын» – деп, мені ауылға алып қайтты. Алматыға бауыр ба­сып қалған болуым керек, жы­лап-еңіреп әзер аттанғаным есім­де. Осы кезден бастап атамның жанында болдым. Қазір ойлап отыр­сам, атам жарықтық қа­ла­да тұрса орысша оқиды деп ауылға әкеткенге ұқсайды. 1976 жылы сегізжылдық орта мектепті бітірдім. Сол күннен бастап папам Алматыға қайтарып алып келді. 1983 жылы атам Шаймерден дү­ние­ден өтті. Ал екінші әжеміз, па­пам­ның өгей анасы Бейіс марқұм 1962 жылы қайтыс болған екен.

– Сафуан Шаймерденов шы­ғармасында «өгей шешенің» жағымды образын керемет сомдаған дейтін пікір айтылады. Сондағы өгей шеше осы Бейіс марқұм ба?

– Қазақ әдебиетін былай қо­йып, әлемдік әдебиетте «өгей ше­ше» образы қатыгез, тасжүрек, қайырымсыз болып келетін еді ғой. Папам осы сеңді бұзды. Әйел­дің, ананың махаббаты өз бала­сымен шектелмейтінін, оның жү­регі адам баласына жылы нұр, ыс­тық сезім сыйлай алатынын, ана­ның мейірімінде қылаусыз, кір­шіксіз, сарқылмас таза ықылас барын әлемге айтып кетті. Жазған хикаяттарындағы өгей-ана образы Бейіс апамыздың өзі.

Бұл өмірде болған дүние. Бейіс апамыз атамызға қосылғанда бір баласымен келіпті. Аты – Зікірия. Сол заманда елдің жағдайы ауыр, жарықтық егістіктен масақ теріп әкеліп, соның дәнін үгіп көже-қатық істейді екен. Әрі кеткенде бір таба нан бола ма, болмай ма. Ғайыптан мол масаққа кезігіп нан пісіретіндей жағдайда Бейіс апамыз оттан жаңа шыққан ыстық нанды буын бұрқыратып әкеліп, өзінен туған Зікірияны тоқтатып қойып, Сафуан мен Есмағиға бі­рінші береді екен. Папам осы өгей анасын өте жақсы көріп өткен адам.

– Сафуан аға бір естелігінде: «Жақсы шығарма, жақсы об­раз тапқанда ғана туады. «Абай жолы» шығармасының ұлы­лығы Абайдың өзінде. Өйткені образ «ұлы» депті. Сол сияқты Бейіс анасынан бір ұлылық таныған екен-ау шамасы.

– Сізге бір мысал айтайын. Бейіс апамыз созылмалы дертке шалдығып, көп ауырыпты. Әбден қиналып нашарлағанда Алматыдан папамды шақыр­тып­ты. Ол кезде бүгінгідей көлік қатынасы жоқ, ұшақ та болмаған. Хабарды естіп папам да жетуге асыққан. Қызылжарға келіп, одан ауылға жеткенше қаншама күн. Осының бәріне шыдап Бейіс апамыз ұлын күтіп жатыпты. Папам табалдырықтан аттап кіргенде «Сафуан балам, келдің бе? Сені көрдім...риз..» деп, абзал апамыз үзіліпті.

Осы ана мен ұлдың махаббаты ақыры қазақ оқырмандары­ның қолына кітап болып жетті. Жаңа­ғы жақсы образдан, жақсы шығарма туады, деген пікірді ол кісі өз басынан өткізіп барып айтуы әбден мүмкін.

Мына ғажайыпқа қарамайсыз ба, бертінде Бейіс апамыздың зиратының басына бір түптен қолдың саласындай үш қайың өсіп шықты. Тура солтүстіктің кәдімгі шырынды аққайыңы. Соны көріп папам: «Мына үш қайыңның үлкені – мен, ортасындағы – Ес­мағи, кішкентайы – Еркебұлан» дейтін.

– Сафекеңнің қолында ер­жетіп, талай ұлы тұлғаларды көр­­ген шығарсыз?

 – Әуелі, мен Сәбит Мұқанов­ты өз көзіммен көрдім. Шамасы 1972 жыл болуы керек. Ауылдың қара сирақ баласымыз. Шаңдат­ып ойынның қызығында жүрген шақ. Жып-жылтыр бірнеше қара ма­шина ауылдың шетіне келіп кір­ді. Тура барып, атам үйіне тұмсы­ғын тіреп тоқтады. Машиналармен ­жарысып біз де жеттік. Алғашында Алматыдан папам келген шығар деп ойладым да «Папам келді, папам келді ...» деп, маңайым­ды басыма көтеріп мен жүрмін. Қарап тұрмыз, бі­рінші машинадан орта бойлы дембелше келген, жасы әудем тартып қалған үлкен кісі түсті. Басында мақпал қара тақиясы бар. «Шаймерден қайда?», деді. Мен: «Атам нағашымның үйінде қымыз ішіп отыр» дедім. «Бар жүгір, «Мықанып» келді, деп айт» деп, күлді әлгі кісі. Жарықтық атам «Мұқанов» демей Сәбеңді «Мықанып» деп отыратын. «Е, сол шал келіп қалған екен ғой» деп ойладым да, шаңдатып наға­шымның үйіне бардым. «Ата, Мықанып келді» дедім. Сол үйде отырған елдің бәрі «Сәбеңе сәлем береміз» деп түп қопарылып біздің үйге келді.

Сәбең көп аялдаған жоқ, же­ңіл-желпі шай ауыз тиді де, атта­нып кетті. Атам бір малын көл­денең ұстап еді, бата жасамады. «Әй, Шаймерден, саған амандасайын деп бұрылдым, әуре болма, тағы келе жатармыз...» деп, жүріп кетті. Сәбеңнің осы сапары туған жұртымен соңғы қоштасуы екен, бір жылдан кейін қайтыс болды.

– Сафуан аға өзінің есте­лігінде: «Сәбеңнің көмегімен оқу­ға түстім, әділ сынын естіп шығар­­машылығымды түзедім» деп жазыпты.

– Қазіргі қазақ жазушылары ес­телік, эссе жазумен айна­лы­сып кетті. Осы жанрдың тұң­ғыш әде­би үлгісін жасаған да папам. Сон­дықтан да болар «Аға­лардың ала­қаны» кітабы үшін Мемлекеттік сый­лық алды. Сонда айтыла­ды, па­пам алғаш Алматыға оқуға түсу үшін емес, бі­лім жетілдіру курсына кел­ген ғой. Қонақүйге соқ­пай тіке Сә­бе­ңе барыпты. Себебі атам мен Сә­­бең сырлас, сыйлас әрі екеуі жа­қын бажа. Мариям апамыз бен папам­ның туған ше­шесі Қиза әже­міз жамағайын адам­дардың қызы.

Сонымен папам Сәбеңді жаға­лап барады. Амандық-саулық­тан кейін Сәбең «Шаймерден аман ба, мұнда не шаруамен келіп қал­дың» депті. Папам: «Облыстық «Ленин туы» газетінде қызмет істеуші едім, осында біліміңді жетілдір деп курсқа жіберді». «Әй, бала! Курсты қайтесің одан да оқуға түспейсің бе?» дейді Сәбең. Бұл қараша айы. «Ойбай-ау, Сәбе! Оқу басталып кетті емес пе, оған қалай түсем?» деген екен папам, Сәбең тұрып қолма-қол ректорға хат жазып беріпті. «Жолдас пә­ленше! Жаман оқитын біреуді оқу­дан шығарсаң да мына баланы қабылда!». Міне Сәбеңнің бір ауыз сөзінің шарапаты тиіп емтихан тапсырмай-ақ университетке қабылданыпты.

– «Өмір шындығы ештеңе­ге тәуелді емес, ал әдеби шын­дық өмір шындығына тікелей тәуел­ді» деген қағиданы ұстандым, депті бірде Сафуан аға. Демек қаламгердің шығармалары да өмір шындығынан алыстап кетпеген шығар.

– Папамның жазу стилін, сөз қолданысын көп адам Ғабит Мүсі­реповке ұқсатады. Әсіре қы­зыл эмоция жоқ. Оқиғаны жи­нақы құрайды. Аз жазды, бі­рақ саз жазды. Өмір шындығы де­мекші, папамның шығармалары тек өмірден алынған дүниелер. Мысалы, айтайық «Марғау» хи­каятын жазардың алдында Алма­ты облысының аудандарын ара-­
лап жүріп мынадай оқиғаны естиді. Бір шопан жайлаудан кө­шерде итін жоғалтып алыпты. Іздеп-іздеп таппаған. Келер жылы бұрынғы жайлауына көшіп келсе, иті жұртта жүр. Шақырса келмейді. Қатты ренжіген. Сөйтсе, ел көшкенде жұрт­та қалған ескі тон­ды күзетіп қалып қойған екен. Осыдан барып әлгі повесть туған.

«Жыл құсы» да өмірден алын­ған. Туынды кейіпкері балуан Битабар Елбаев өмірде болған адам. 1964 жылы бұрынғы Жез­қазған облысы Жаңаарқа жерінде қайтыс болған. Балуан Шолақпен күресіп тең түскен. Осы кісіні папам 1950 жылы ел аралап жүріп жолықтырады. Сөзге өте сараң адам болыпты. Сәл қитықса үнде­мей қояды екен. Содан бір сөйлеп кеткенде папам қағаз-қалам қолға алсам тағы қитығып қалар деп, бір күн тыңдап отырған да 19 жыл толғатып жүріп жазып шыққан.

«Болашаққа жол» романы алғаш шыққанда М.Әуезов оқып көріп былай деп жазып беріпті: «Кітабыңды оқып шықтым, жақ­сы жазылыпты, бұдан былай қа­ра­тобырдың шаңында қалып қой­ма». Ол кісінің қолтаңбасы папамның шаңырағында тұр.

– Ағаның көп жазушы қалам тартқан тың игеру тақы­ры­бын жазайын деген ойы бол­ған жоқ па?

– Папама шешеміз Бағдат: ­«Сен де ел сияқты тың игеру туралы ­жазып, сыйлық алсаңшы?» дей­тін. «Олар келіп ата-бабамның зиратын төңкеріп тастағанын жазам ба?» деп кәдімгідей ашуланғаны есімде.

– Сафекеңнің 1986 жылы мамыр айында Г.Колбиннің қатысуымен өткен Жазушылар одағының пленумында сөйлеген сөзін ел біледі...

– Желтоқсан оқиғасы бастал­ғанда мен Абай атындағы педаго­гикалық институтта студент едім. Бүтін бір курста жалғыз еркек кін­дікті мен ғана. Группадағы сту­денттерді бастап алаңға бардым. Жаныма бір группада оқитын әйелімді ертіп алдым. Оның аяғы ауыр. Елмен бірге сапырылысып жүріп, кешкісін қайын атамның үйіне бардым. Сонда шай ішіп отыр едім папам мені сұрап телефон шалды. «Сайын алаңға бардың ба? Не болып жатыр?» деп сұрады. Көрген-білгенімді айт-­
­тым. «Сен тез үйге келші, маши­на от ­алмай жатыр, көмектес», деді.

Үйге келсем папам біртүрлі қобалжулы екен, менен алаңда не болып жатқанын қайталап сұрады. Содан: «Сайын – деді, – Мен бірдеме білсем осының аяғы қанға айналады. Сен үйден шықпа, осында менің қасымда бол!». Өзі үш күн бойы алаңға барып жүрді. Арада бір ай өткенде мені сабақ үстінен «үндеместің» адамдары келіп алып кетті. «Сен неге группаны бастап алаңға алып шықтың?». «Саған кім тапсырма берді?». Осылай сұрақтар қойыла бастады. Істің насырға шауып бара жатқанын түсіне қойдым да «Менің әйелімнің аяғы ауыр еді, шошып бірдеме бо­лып қалмасын, хабарласып аман­дығымды білдірейін» деп телефон сұрадым. Берді. Қолма-қол папа­ма жалғадым да «Папа мені «үн­деместер» ұстап алды» деп айтып үлгердім. Қолымнан телефон тұт­қасын жұлып алды. Үш сағаттан кейін папам шығарып алды.

– Тарихи пленумда сөз сөй­леймін деп ол кісі үйде дайындалды ма? Сөйлейтіні туралы сіздер білдіңіздер ме?

– Ешқайсымыз білмедік. Іш­тей біртүрлі ширығып жүрді. Қайын атам жазушы Молдахмет Қаназдың үйінде отырғам, ол кісі «Сайын, сенің әкең кеше көзсіз ерлік жасады. Колбиннің алдында шындықты жайып салды» деді. Арты не болар екен деп қорықтым. Үйге келіп шешеме айттым. Сөйтіп отырғанда папам өзі келді. Мінезі тік адам. Оның үстіне намыстан ширығып жүрген кезі. Ақырындап сұрадым. «Айттым, айтуға тиіс болдым» деді. «Егер дәл қазір бетін қайтармасақ, біз­ді «ұлтшылдыққа» әкеліп тірей­ді де, артын қуғын-сүргінге ұлас­тырайын деп отыр» деді.

– Сафекеңнің билікте отыр­ған адамдармен қарым-қаты­насы қандай еді?

– Папам пендешіліктен алыс болды. Мысалы, туған баласы, КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Саян бір бөлмелі үйде тұрып жатты. Мен үйленіп екі баламен пәтер жалдап жүр­дім. Шешей айтатын: «Сафуан, мына қаланың әкімі Заманбек Нұрқаділов сенің сөзіңді жерге тастамайды. Саян да, Сайын да баспанаға зәру болып қиналып жүр» десе, папам: «Бағдат, ұмытып қалдың ба, екеуіміз үш баламен қанша жыл пәтерде жүрдік. Оңай келген дүниеде қадір болмайды. Не тапса да, өз несібелері арқылы тапсын» дегенін естідім.

Туған інісі Есмағи ауылда қа­ра­пайым жұмысшы болды. Бас­қаға сөзі жүрмесе де, өзі туған ауыл, ауданға сөзі жүреді, інісіне кішігірім қызметтің тізгінін алып беруге шамасы болды. Оған папам барған жоқ. Өмірде ол кісі бір-ақ жолды ұстанды. Онысы әділдік, адалдық жолы болатын. Папамнан бізге қалған ең үлкен мирас осы.

Күнделікті қарапайым өмірде өте сәнді киініп жүргенді ұната­тын. Көркемдікке құмар болды. Содан кейін машинаның жақсысын таңдап мінді. 80 жылдығын атап өтеміз деп жүргенде жалғыз ұлы Саян қайтыс болды. Содан, міне, 85 жылдығын атап өтуді жоспарлап жүргенде өзі дүниеден өт­ті. 1983 жылы әкесі Шаймерден атам дүние салғанда папам: «Мені өлгенде ауылыма әкеліп әкемнің жанына жерлейсіңдер» деп бізге өсиет айтып, өзіне орын қалдырып қойды. Өзінен бұрын інісі Есмағи дүниеден өтті. Оны әкесінің аяғына қойғызды. Одан Еркебұлан өтті. Оны Есмағидың аяғына жерлетті. Өзіне арнаған жер бос тұрды. Бірақ Саянның қазасынан кейін жағдай өзгерді. Саянды Кеңсайға жерледік. Ұлының жанынан өзіне және шешемізге арнап екі орын дайындатып еді, сол арадан соңғы тұрағын тапты.

– Ұлының қазасынан кейін өзгерген екен ғой?

– Саянның қазасынан кейін папам қатты күйзеліске түсті. Өмірден баз кешіп жатып қалды. Бірде барғанымда Шоқан Уәлиха­нов­тың «Ыстықкөл күнделігін» оқып отыр екен. «Шоқан жазыпты – деді: – Қарғыстың жаманы қырғыздарда екен. Олар жек көр­ген адамын «балаңның етін жегір» деп қарғайтын көрінеді, не деген сұмдық қарғыс» деп, басын шайқап отырды. «Саянымды алған тағдыр бізге бас-көз болсын деп сені қалдырған шығар» дегенді көп айтатын.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»