Елорда • 06 Шілде, 2022

Ұлт саулығын ұлықтаған мегаполис

180 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл сәуірде ел аумағында бас-аяғы 31 415 нәресте дүниеге келсе, соның 2 407-сінің кіндігі елордада кесілді. Әрине, қолайлы орта, жағымды жағдай жасалған жерде адамзат баласы өсіп-өнеді. Бұл ретте астанада 2,5 мыңға жуық баланың шаңырақты шаттыққа бөлегеніне қарап, бас қалада бақуатты өмір сүру үшін барынша жағдай жасалғанын байқауға болады. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында медицина саласы дамудың даңғыл жолына түсті.

Ұлт саулығын ұлықтаған мегаполис

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жас осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр. Мемлекет медицина қызметкерлері­не жан-жақты қолдау көрсетіп, денсау­лық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты», деген болатын.

Рас, мемлекет денсаулық сақ­тау саласын дамыту мәселесіне ма­ңызды мән беріп келеді. Соның жар­қын дәлелі ретінде бір ғана елор­да аумағында бүгінде 47 ме­­ди­циналық-санитарлық ал­ғашқы көмек ұйымы мен стационар бар екенін айтуға болады. Онда медицина саласының 20 мыңға жуық білікті маманы еңбек етеді. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғам­дық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, шаһар аумағындағы мұндай ұйым­дар қомақты қолдау шараларымен қамтылып, заманауи технологиялармен жарақтандыры­лып жатыр. Осылайша, елордада 38 ме­дициналық-санитарлық ал­ғаш­қы көмек ұйымы амбулато­рлық-емханалық көмек көр­сетеді. Қалада азды-көпті 9 ста­цио­нар жұмыс істеп тұр. Соның үшеуі – балалар (№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы), төртеуі – көпбейінді ересектер стационарлары (№1 көпбейінді қалалық аурухана, №2 көпбейінді қалалық аурухана, №3 көпбейінді қалалық аурухана, көпбейінді медициналық орталығы), екеуі – бір бейінді стационарлар (қалалық фтизио­пульмонология орталығы, Қалалық психикалық денсаулық орталығы).

Аталған ұйымдардың меди­ци­налық техникамен жабдық­талуына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі науқасқа медициналық көмек көрсету сапасы мекемені жарақ­тандыру мәселесімен тіке­лей байла­ныс­ты. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласын­дағы медици­налық ұйымдарда қажетті техникамен жабдықтау көрсеткіші бүгінде 91,6%-ды құрап отыр. Мәселен, кейінгі жылдары 560 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Бұл жұмыс бекер жүріп жатқан жоқ. Бүгінде елор­да тұрғындарының саны 1 млн 257 мың 613 адамға жетті. Қала­лық медициналық мекемелер­де 1 млн 313 мың 206 адам бекі­тілген. Шаһардағы Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының мәл­іме­тінше, медициналық-санита­р­лық алғашқы көмек ұйымдарына Қазақстан азаматтары, қандастар, бос­қындар, ел аумағында тұрақ­ты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар бекіті­леді. Яғни Нұр-Сұлтан қаласын­дағы медициналық ұйымдар тек ел азаматтары мен қала тұрғын­дарына ғана емес, басқа санаттағы адамдарға да қызмет көрсетеді.

20 мыңға жуық медицина қызметкері бар

Бүгінде ведомстволық бағы­нысты медициналық ұйымдарда барлығы 20 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Соның ішінде дәрігерлер саны 5 600-ден астам болса, орта медицина қызметкерлері 10 мыңға жуықтайды. Ал кіші медицина қызметкерлерінің саны 4 мыңға жетіп жығылады. Бұл рет­те маман­дардың үздіксіз кәсі­би дамуы үшін де қолайлы жағ­дай жасалып жатыр. Бюджетте маман­дардың біліктілігін арттыруға және оларды ел ішінде, шетелде қайта даярлауға қаражат көз­де­леді. Мәселен, 2020-2021 жылдары медициналық кадрларды (рези­дентт­ерді) даярлау үшін 293 мем­лекеттік грантқа ақшалай қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта сол 293 грант арқылы 274 резидент білім алуда.

Орта медициналық қызметкер­лерді даярлауға арналған 250 мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыс орындарына қолдау көрсетіл­ді. Соның ішінде емдеу ісіне арнал­ған – 50, мейірбике ісіне бағ­дар­ланған 200 орын бар. Мем­лекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2023 жылға дейін дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер­дің жалақысын жыл сайын кезең-кезеңі­мен арттыру көзделді. Мониторинг қорытындысы бойынша, дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға артып, 327,4 мың теңгені құраса (барлық төлем­дерді ескере отырып), орта меди­циналық персоналдың жалақысы 20%-ға (226,9 мың теңге) өсті.

Медициналық жоғары оқу орын­дарының мамандары мен тү­лектерін тарту жөнінде бекітілген іс-шаралар жос­пары шеңберінде «Назарбаев Уни­верситетімен», Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларының медици­на­лық университеттерімен, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестік жүргізіліп келеді. Медициналық ұйымдардың басшылары мен адам ресурстары жөніндегі мамандары жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады. Пандемия кезінде бұл жұмыс онлайн режімде жүрді. Бос орындар ай сайын enbek.kz электронды ең­бек биржасында және Нұр-Сұл­тан қаласының Қоғамдық ден­сау­лық сақтау басқармасының сай­тында орналастырылады. Осы­­­лайша, медицина саласы маман­­дарының тапшылығын жою мә­селесі тұрақты бақылауға алынды.

Мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі тұрғын үй мә­селесі саналады. Оны шешу үшін әкімдік жұмыс істейтін жас­тар­ға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, жергі­лікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға «Шаңырақ» бағдарламаларын іске асырып жатыр. Сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау рәсімі өткізілді. Бүгін­де Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқар­масы Алматы, Есіл аудандарында және Ильинка тұрғын алабында медицина қызметкерлеріне арналған үш жатақхана салу жөнінде жобаларды іске асыруда.

Буынды қалпына келтіретін бірегей гидрогель

Елордадағы медицина сала­сының даму қарқынын академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травмотология және ортопедия орталығының жұмысынан байқауға болады. Осы орталықтың дәрігерлері жуырда 64 жастағы науқастың тізе буындарына эндопротез орнатып, 20 жылдан бері мазалаған сырқаттан айықтырды. Құны шамамен 1 млн теңгеден асатын бұл операция пациентке МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалды. Бұл операция аталған орталықтағы жалғыз жағымды жаңалық емес. Мәселен, биыл наурызда осы орталықта фибринді гидрогельді қолдану арқылы тізе буынының шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің жаңа әдістемесін кли­ни­калық зерттеу жұмысы басталды. Жаңа әдістеменің негізгі әзірлеушісі – Ұлттық биотехнология орталығының дің жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай. Оның айтуынша, модифи­ка­цияланған фибрин гидрогелінен, пациенттің өз дің жасушаларынан тұруы гидро­гельдің бірегейлігі саналады. «Соның нәтижесінде, зақымдалған шеміршектің қалпына келуі күшейіп, жеделдетіледі. Жаңа техника пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, мүгедектікті азайтады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, тізе буынын эндопротездеуге мұқтаж адамдар саны азаяды», деді В.Огай.

Осылайша, елордалық дәрігер­лер фиб­ринді гидрогельдің клини­калық сынақ­тары аясында алғаш рет оң жақ тізе буынының артрозы бар 28 жастағы аза­матқа қолұшын созды. Кейін 15 ерік­тіге операция жасалды. Клиникалық сынақ­тарға 25 пен 60 жас аралығындағы барлығы 80 ерікті қатысады. Олардың арасында буындарында жасына байла­нысты өзгерістері бар егде жас­тағы адамдар, сондай-ақ кәсіби жа­ра­қат алған жас спортшы­лар бар. Клиникалық зерттеу­лер ха­лық­­аралық клиникалық зерт­теу­лер стан­дартына (GCP) сәйкес жүргізіледі.

Тәжірибе алмасу – дамудың белгісі

Елорда төрінде науқастарға тек отандық дәрігерлер ғана қолұшын созады десек, ағат айтқан болар едік. Себебі ел астанасына алыс-жақын шетелден ат терлетіп келетін білікті мамандар да бар. Мәселен, өткен айда әлемге әйгілі балалар ортопеді Марк Эйдельман Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келіп, профессор №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында балалар арасындағы туа біткен жамбас буынының шығуына қатысты шеберлік сағатын өткізді. Тренинг аясында отандық және шетелдік дәрігерлер 12 операция жасады.

Ал ай басында осы №2 көп­бейін­ді қалалық балалар аурухана­сында Түркиядан келген уролог дәрігер, профессор Али Текин бастаған операциялық бри­гада 4 операция жасап, «Балалар урология­сын­дағы эндовидеохирургия» тақы­рыбында консультация мен дәріс өткізді. Оған бас қала­ның және республика­ның басқа өңір­лерінен келген балалар урологтері қатысты. Мұндағы мақсат – отан­дық дәрігерлердің кәсіби шебер­лігін арттырып, халықаралық меди­циналық қоғамдастықпен тәжірибе алмасу, балалар урологиясындағы жаңа технологияларды бейімдеу. «Біз мұнда өз тәжірибемізбен бөлі­суге келдік. Жұмысымыз бар­лығына, соның ішінде, ең басты­сы, кішкентай пациенттерге пайдасы тиеді деген ойдамыз», деді А.Текин.

Шеберлік сыныбы осы жылдың мамыр айында №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы мен Acıbadem (Аджибадем) International Ыстанбұл клиникасы арасында қол қойылған меморандум аясында өтті. Айта кету қажет, 2006 жылы осы ауруханада балалар уронефрологиялық бөлімшесі ашылған еді. Жыл сайын мұнда республиканың түкпір-түкпірінен келген 1500-ге жуық балаға көмек көрсетіледі. Аталған бөлімше «Астана» Медицина университеті» АҚ балалар хирургиясы мен балалар аурулары кафедрасының базаларының бірі болып есептеледі.

Жағымды жаңалық – жаңа нысан

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік нысандардың құрылысы жайлы айтып, елорда аумағында әлеуметтік нысандар құрылысының көлемі артып келе жатқанын жеткізді. «Елордамыз бен тұрғындарымыз үшін маңызды саналатын нысандардың құрылысына жеке инвестицияларды тартамыз. Қаланы аралау кезінде емхана мен емдеу-оңалту орталығынан құралған медициналық мекеме құрылысының барысымен таныс­тым. Мұның құрылысына жеке инвес­тициялар тартылды. Бұл медициналық орталықтың ерекшелігі – амбулаториялық және стационарлық көмектен бөлек, бо­йында түрлі аурулары бар адамдар үшін оңалту қызметтері де көрсетіледі. Осы мақсатта мұнда бассейн де салынды», деді А.Көлгінов.

Оның айтуынша, жаңа медициналық орталық тұрғындар саны көп саналатын Алматы ауданында (К.Әзірбаев және А.Бөлекпаев көшелерінің қиылысы) орналасқан. Медициналық орталықтың аумағы – 10 мың шаршы метр. Әр ауысымда 500-ден аса пациентті қабылдай алады. Аталған медициналық орталықты биыл ашу жоспарланып отыр. «Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша меди­ц­иналық орталықтардың «Үйдегі дәрігер» желісін кеңейту, медициналық меке­мелерді қажет жабдықтармен толық қам­тамасыз ету, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр», деді шаһар басшысы.