29 Сәуір, 2014

Интеграцияға із

338 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
интеграцияӨнім өңделуімен өтімді Жеке кәсіпкерлікпен алғаш шұғылданған кезім әлі күнгідей есімде. Құрылыс саласындағы азды-көпті жұмыс тәжірибеме сеніп, үй жиһаздарын жасауға бел будым. Үйрене келе өндірісті кеңейтіп, кеңселік жиһаздарға тапсырыс ала бастадым. Ма­ман­данып, төселіп алғаннан кейін жаныма қолынан іс келетін жі­гіттерді жинап, жиһаз жасайтын цех аштық. Құрал-жабдықтарды Италиядан алдырттық. Кәсіпорын құрылғанда небәрі 6 адам еңбек етсе, «Промстроймебель» ЖШС-не айналғалы 120 жаңа жұ­мыс орнын қамтамасыз етуге мүм­кіндік туды. Айналасы он жыл­дың ішінде сапалы да сәнді жи­һаздар шығарумен қатар басқа да салалық құрылымдар пайда болды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, іс жүзінде көптеген кедергілер кез­десті. Қиналған кездер, әсіресе, қа­ражаттан тапшылық көрген сәт­тер аз болмады. Шынын айтсам, Елбасының отандық бизнесті да­мы­туға деген жан-жақты қол­дауы болмағанда мұндай дәрежеге жет­пес едік. Имандай шыным бұл. Кә­­неки, деректерге жүгініп кө­рейік. ХарсиевЖоғарыда айтқанымдай, сәтін салып, ісіміз алға басты. Алайда, заман ағымына сай жиһаз жасау кәсіпкерлігін меңгергенмен, біз сияқты шағын өндірушілерге нарық заңының қоятын талаптары қатаң болатын. Өзіміздің тауарлық белгімізді қалыптастыру үшін бәсекелестікке төтеп бе­ру қажеттігі туды. Міне, осы кез­де мемлекеттің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамуы­на­ негізделген ұшқыр жоба­лар­­ға сүйенуге тура келді. Осы орайда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарапаты да, шапағаты да көп тиді. Осы бағдарлама аясында 50 миллион теңге жеңілдетілген демеуқаржы алу арқылы өндіріс ауқымын арттырып, жұмыс орнын көбейттік. Жиһаз жасау өндірісіндегі басты шарт – сапа мен сәнге ерекше басымдық бере отырып, техникалық жаң­ғыр­туларға барынша ден қой­дық. Соңғы технологиялық жаңа­лықтарымыздың бірі 90 мың еуро тұратын фрезерлік орталық орнатылды. Италиядан жеткізілген ағаш өңдеу станогы мен мембранды нығыздауыштың бағасы 80 мың еуроны құрады. Мәселе арзан-қымбаттылығында емес, біз үшін қазақстандық мазмұндағы сапалы тауарлар түрін молынан шығару басты бағдар етілді. Осы үдеден көріну мақсатымен «Еліміздің үздік тауарлары» се­кілді беделді байқауларға үзбей қатысып, тәжірибемізді одан әрі жетілдіре түстік. Уақыт ағымына ілесу оңай емес. Жұртшылықтың ұсыныстары бірінші кезекте ескеріліп, қосымша ағаш өңдеу, пластик есіктер мен терезелер жасау салаларын жаңғырттық. Біз бүгінде жылына 300 миллион теңгенің үй-ішілік, кеңселік жиһаздардың түр-түрлерін құрас­тыруға қауқарлымыз. Бұл жұ­мыстармен 45 адам айналы­сады. Жыл өткен сайын әлеумет­тік, өнеркәсіптік және жеке арнайы тапсырыстар көлемі артып келеді. Өз өнімдерімізді Шымкент, Қа­рағанды, Астана, Атбасар, Қос­танай, Шортанды, Степняк қала­ла­рына үздіксіз жөнелтеміз. Бас­қаларға қарағанда баға неге қолжетімді деген сауалдар маған жиі қойылады. Түсіндіре кетейін. Қытайдікі арзандау көрінгенімен, сапасына қойылатын кінәрат көп. Ресейдікі қымбат. Осыған орай, баға саясатын оңтайлы орнықтырудың маңызы өте зор. Бұл – бір. Екіншіден, біз көтер­ме сауда әдісімен жұмыс істеу­ге көштік. Неге дейсіз ғой? Елімізде жиһаз жасаумен шұғыл­данатын ұйымдардың дені­нің өндірістік жарақтануы да, өнімділік қуаты да төмен. Көбіне кішігірім тапсырыстар қабылдаумен ғана шектеледі. Біз сияқты екінің бірінің қолы жете бермейтін өте қымбат қон­дыр­ғылар алуға тәуекел ете бер­мейді. Әрі қаржылық мүм­кін­діктері де шектеулі. Мәселен, Ал­матының ұсақ сауда компания­лары бізден қотара сатып алып, өзгелерге ұсынып жатады. Жуыр­да шымкенттік бір кәсіп­кер сандықтың 400 дана бет жақта­уына тапсырыс берді. Оның өтіні­шін әрі кетсе 7-10 күннің ішін­де тап-тұйнақтай орындаймыз. Тап­сырыстың көбейгенінен-ақ тұты­нушылар көңілінен шығып жүр­генімізді аңғаруға болатын сияқты. «Trans Motors Group» ЖШС-ін ұйымдастырып, ішкі және халықаралық көлік-логистика қызметін жандандыруымызға да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жәрдемі орасан зор болды. Бұл сала біз үшін тың саналғанымен, жеңілдікпен екі жылға берілген 150 миллион теңге демеуқаржыны орынды жұмсай білудің арқасында жүк тасу, сақтау бағыттары бойынша қызмет көрсету көлемі былтыр 110 миллион теңгеге жетті. ТМД, Еуропа елдеріне жүк тасумен жоғары класты шетелдік 15 көлік айналысады. Немістің «Форте» банкінің жергілікті филиалы арқылы тағы 10 көлік сатып алуды межелеп отырмыз. Харсиев-2Биылдан бастап өндірістік-өнеркәсіптік корпорация құра отырып жарма дақылдарын қалдықсыз өңдеудің кластерлік жүйесін дамытуға көңіл бөлген жайымыз бар. Ол үшін шикізат жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынып, одан арғы үдеріс түгелдей өзімізде атқарылады. Шетелден әкелінген шағын зауыт айына 15-20 тонна өнім өндіре алады. Дайын күйіндегі қарақұмық, бұршақ, жарма өнімдері әзірге Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарына таратылады. Баға­лары әлдеқайда арзан. Өндірісті кеңейткеннен кейін өзге өңірлерге де жеткізетін боламыз. Жақын шетелдерге шығу да ойымызда бар. Көзін таба білгенге табыс көл-көсір. Оның үлкен-кішісі болмайды. Мысалы, «Промстроймебель» серіктестігіне қарасты «Құрылыс-Сервис-СК» компаниясы тұрғын үйлер, әлеуметтік ғимараттар салу­мен айналысады. Өткен жылы 80 орынды мектеп, 10 үй қолда­нысқа берілді. Биыл 27 пәтер­лі үйдің, 300 орынды білім үйі­нің құрылысы жүргізілуде. Мамлют қаласында 18 пәтерлі үй «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы шеңберінде тұрғы­зылуда. Пайдалануға берілген жағдайда 7 пәтер біздің болашақ жұмысшыларға тапсырылады. Біз оларды екіжақты келісімшарт талабымен тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз. Наубайхана, диірмен мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Айына 60-70 тонна ұн үгіліп, 20-30 тонна­сы сатылады. Қалғаны ішкі қажеттілікке жұмсалады. Айына 30-35 мың бөлке нан пісіріледі. Бағасы 37-40 теңге аралығында. Нарық бәрімізді өнімнің өтуі­мен өтімді екенін анық ұқтырды. Біз де нағыз бәсекелестік халық­ара­лық стандарттарға негізделген са­паға барып тірелетінін анық түсінеміз. Мұрат ХАРСИЕВ, «Промстроймебель» ЖШС директоры. Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы.