Осылайша, Жетісу өңірінің қос алыбы – Кеңес Одағының Батыры Есмұрат Сиқымов пен Ақсу ауданынан шыққан тұңғыш академик Жүрімбек Сыдықовтың ескерткіштері аудан орталығында ашылды. Жастар жадында сақтасын деп, есімдері елге мәлім ғибраттылардың мүсіндері мектептердің алдына орнатылып, ғалымдар баяндама жасап, көпшілік бәйге мен күрестің қызығына кенеліп, жеңімпаздар үйлеріне олжалы оралды.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Ақсудағы аруақты адамдарды бір аунатып өткен осынау айтулы оқиғаға мұрындық болған Алматы облысының құрметті азаматы, кәсіпкер Молдияр Нұрбаев бұған дейін де ауданда Ілияс Жансүгіровтің ескерткішін орнатып берген болатын. Жетісу өңірінде бірінші болып салынған тарихи Мамания мектебін жөндеп, заманауи келбет берген де осы азамат екенін ел біледі.
«Осының бәрін елге еңбегі сіңген тұлғалы азаматтар ұмытылмасын, ұрпағымыз ертең айтып жүрсін, елжанды болсын деп жасадық. Егер белгі болмаса бәрі де ұмыт болады. Ескерткіш тұрған соң қасынан өткен адамдар, оқушылар оны біледі, таниды. Біз де сол сияқты батыр болсақ дейді. Батырларға, ғалымдарға қарап біз де солардай болсақ екен деп өстік. Өзіміз ғалым, батыр болмасақ та бизнесте жүрген соң осыны жасадық. Мұның бәрі ұлт, ұрпақ үшін қажет. Өзімнің туып-өскен жеріме, еліме үнемі қолұшын беріп, көмегімді аямауға тырысамын. «Туған жерге туыңды тік» деген. Әрбір азамат еліне, халқына көмектесуі керек. Отбасымызбен ақылдаса келіп, осы іске қажетті қаражат шығарып, Ақсуда осындай үлкен істі ұйымдастырдық. Қолдау көрсеткен Ақсу ауданының әкіміне, халыққа алғыс айтамын. Еліміз аман болсын, Президент, үкіметтің жасап жатқан жоспарлары іске асса, еліміз әлі де дамып, көркейеді», дейді ұлт жанашыры Молдияр Нұрбаев.
Осы арада Кеңес Одағының Батыры Есмұрат Сиқымов майданға дейін Қапалы кентіндегі училищеде білім алып, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскенін еске салу парыз. 1943 жылы 360-атқыштар полкінде Посудово деревнясын жаудан азат еткен кезде алпыстан аса жау әскерін жайратқан небәрі 21 жастағы Е.Сиқымов осы ұрыста қаза табады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Сиқымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы, кейін туған жері Ақсуда көше атауы берілді. Енді, міне, көптен күткен батырдың ескерткіші де орнатылды.
«Тұлғаларға көрсетіліп жатқан мұндай құрмет жастарға үлгі аларлықтай. Ауданымызда өте үлкен іс-шара өтті. Бабаларымызды ескеріп, жастарға жақсы насихаттың жаршысы болатын, келер ұрпақ ұмытпастай есте сақтайтын іс атқарылды. Елін ұмытпай, қашанда үлгілі істерді қолға алатын Нұрбаевтар әулетіне де алғысымыз зор!», дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.
Екінші ескерткіш ғалым, ҰҒА академигі Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне қойылды. Күллі қазақ жұрты үшін осынау тұлғаның сіңірген еңбегі зор. Геология-минералогия ғылымдарының докторы жылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік аймақтарында жерасты тұщы және минералды су қорларын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысқан.
«Сыдықов Ақсу ауданынан шыққан алғашқы академик. Аудандағы бүгінгі білімді жастар осы адамның ізбасарлары деп білемін. Әкімдік пен Молдияр Қылшықұлы бірлесіп мынандай үлкен іс-шара өткізіп жатыр. Атамызға әдемі ескерткіш тұрғызып берді. Осы іске көмегін аямаған азаматтарға алғысым шексіз», деді ғалымның туысы Ақмарал Сарқытбайқызы.
Ескерткіштің ашылуынан соң іс-шара ғылыми конференциямен жалғасын тапты. Алматыдан арнайы барған ғалымдар баяндама жасап, қос тұлғаның еңбегіне тоқталды. Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай тұщымды баяндама жасап, бұрын беймағлұм болған деректермен бөлісті.
Жиналған жұрт Жетісу өңірінде бірінші болып салынған Мамания мектебін жөндеп, заманауи келбет берген, халыққа қашанда қайырымдылық іс-шараларын жасап, осы жолғы ескерткіштің ашылуына да атсалысқан Алтынсара Нұрахметоваға да алғыс білдіріп, «Ақсу ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.
Осыдан кейін ресми іс-шаралар ұлттық спорт түрлеріне ұласып, қазақ күресінен бозкілемге шыққан балуандар бас жүлде үшін күш сынасты.
«Ескерткіштің ашылуына қолұшын созған жігіттерге, мүсіншілерге, күреске бәйге тіккен азаматтарға да алғыс айтамын. Ақсу өңірінде мұндай іс-шара көптен бері болмаған еді. Елім аман болсын!», – деді іс-шараның басты демеушісі Молдияр Қылшықұлы.
Ескерткіштен бөлек бәйге, күрес сияқты, концерттік мереке шығындарын да Нұрбаевтар әулеті көтеріп алды.
Жетісу облысы,
Ақсу ауданы