Экология • 07 Шілде, 2022

Суды қалай үнемдеуге болады?

849 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстанның байтақ алқабының басым бөлігі – ылғалы жетімсіз, шөліркеген құрғақ өлке. Тек терістікке қарай жауын-шашын біршама (350-420 мм) артып, соған сәйкес қара, күлгін топырақты, астықты қазынасына айналған. Әйтсе де табиғат елдің шығысы мен түстігінен әсем Алтай, Жоңғар, Тянь-Шань (Іле, Талас шыңдары) Алатау таулармен көмкеріп, әрі қарай Памир-Алтай тауларымен жалғасып Орталық Азияның таулар жүйесін құрайды.

Суды қалай үнемдеуге болады?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Бұл заңғар таулардың өзгеше қасиеті, олардың алып шыңдары экваториалдық ендіктен көтеріліп, терістікке бағыт алған ылғалға үлкен тосқауыл құрады. Сон­дықтан ылғалдың басым бөлігі (1600 мм, қыс мезгілінде) таулардың ішкі аймақ­тарында тұтылып, ерімейтін мұздықтарға жиналады. Алып таулардың етегінде жағалай орналасқан барлық елдің су байлығын құрайтын арналы өзендердің су көздері осы мұздықтардан бастау алады.

Ылғалды ағын биік тау шыңдарында қорының басым бөлігін қалдырып, жазыққа шыққанда сараң тартып, ендікпен ұзаққа созылған өлкені жанай өтеді. Бұл бөлікте жауын-шашын түсімі мардымсыз, құмды, қиыршық тасты, сазарған сары топырақты шөл және шөлейт жерлер жайлаған. Тек таулар баурайында ұзыннан созылған 50-120 км еңістікте ылғалдың жеткілікті түсуіне байланысты шалғыны бай, егіндік, бақша, жеміс-жидек өсіруге қолайлы жерлер орналасқан. 

Биік таудың дәл етегінде, ең әсем жерге Алматы қаласы салынды. Қабылданған заң бойынша ғимараттар 3-4 қабатты, ал жылыту жүйелері шағын еді. Осы ретте ауаның ауысуы қалыпты жағдайда сақталды, түтін мен лас газдар жылы ауаның әсерімен түнде жоғары өрлеп, таңға жақын ол таза ауамен алмасатын.

Жаңа ғасырмен қоса қала үлкен өзге­рістерге ұшырады. Жан-жақтан ағы­лып көптеген тұрғын келді. Күлді көмір жағы­латын 3-4 ЖЭС ұлғайтылып, көше­лер сансыз машинаға толды. Жаңа ғимарат­тар бой созып 16-18 қабатқа жетті. Ауаның алмасу реті әбден бұзылды. Табиғат­тың реттеу күші түтін мен шаңға ластан­ған қоймалжың ауаны тазартуға шама­сы жетпейтін жағдай орнады. Біраз бұрын пайда болған қошқыл перде бой алып, тау баурайын сағалап шығыс пен батысқа қарай 50-60 шақырымға жайылып, мұздақтарға аз жетпей ендеп кетті.

Осы өзгеріс алып шыңдарға ауыр салмақ салды. Қара түтін мен шаң үгін­ділері жоғары көтеріліп мұздақтарға қонақ­тады. Күн сәулесі жарқыраған мұз бетінен шағылысып, қара қошқыл алаңға сіңіп, оны еріте бастады. Ғасырлар бойы қалып­тасқан тәртіп бұзылып, мұздақ­тар тездеп еріп, көлемі еселеп азайды. Ғалым­дардың есептеуі бойынша бұл үрдіске кейінгі уақытта өрістеп кеткен әлемдік жылыну да қомақты үлесін қосып жатыр.

Мұздақтарды зерттеуге саналы ғұмырын жұмсаған ғалым Евгений Вилесов өткен ғасыр аяғында Жоңғар Ала­тауы­ның батыс бөлігі мен Іле Ала­тауы­ның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарындағы мұз шөгінділері жылдам азайып келеді деген тұжырым жасады. Ғалым мұздақтар жиырма жыл ішінде 200 шаршы шақырымға кеміп, 3000 м биіктікке дейін жалаңаштанады деген дәлелдеме келтірді. Бұл жағдай Қырғыз Алатауының шеткі аймақтарында да байқалып отыр.

Алып таулардан ағатын өзендердің су қорымен, олардың энергетикалық күшін пайдаланатын елдердің энергетикалық балансы тікелей тәуелді. Өндірістің бой алып өсуі мен халық санының тез артуы, Орталық Азия елдерінде энергияның жет­­пеуін тудырды. Статистикалық де­рек­тер бойынша Қазақстанның оңтүсті­гін­де энергия керекті мөлшерден 40%-ға кем.

Судың бастауы мен өзендердің негізгі ағысы құралатын Қырғызстан және Тәжікстан елдері өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, көптеген су электр стансасын салды. Олардың жұмыс істеу тәртібі, су ағысының табиғи заңдылығына емес, елдер­дің энергетикалық қажеттілігіне бағы­нады. Әрине, энергия пайдалану қыста тым артады және оған жылы уақыт­та жиналған су қорының едәуір бөлігі жұм­­салады. Ендігі кезекте Қазақстан мен Өзбек­станда жазда бау-бақша, техникалық да­қыл­дарды өндіруге қажетті судың тап­шы­лығы туындайды. Мұндай жағдайда тату көр­шілердің арасында біршама дау-да­май өршіп, салқын қатынас орын алары анық.

Орталық Азия елдерінде судың таби­ғи айналым негізі біртектес, бірыңғай тәр­тіпке бағынған. Шығыстан батысқа қарай созылған алып таулар мен оны жаға­лай қоршаған жазық дала ортақ. Бұл аймақта суды пайдаланудың әр халыққа тән өзіндік шешімі де шамалы. Жапсарлас елдерге ортақ су байлығы жеке халықтың меншігі де бола алмайды. Тек оның пайдалы әсерін игеруде, әр елдің мақсаты мен тәсілі өзгеше.

Жоғары орналасқан көршілес елдердің сумен мол энергия өндіруге арналған мақсаты мен жазықты жайлаған елдердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі ұмтылысын қалайша үйлестіруге болады?

Осы түйінді мәселені саралағанда екі жақтың мақсаты мен үмітін орындауда ешқандай қайшылық жоқ екені анықталды. Етектегі еңіс пен жазықтағы егінжайларды жеткілікті суаруға тек ең соңғы ГЭС-тің су пайдалану тәртібі мен оның су қоймасының сыйымдылығы ғана әсер етеді. Ал жоғары орналасқан барлық ГЭС тек бірінен кейін екіншісіне аққан су қорын пайдаланады, сонан кейін ол бәрібір төмен ағытылады.

Қырғыз елі Нарын өзенінің бойына 8 ГЭС салуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы энергетикалық күшін 6200 МВт-ға арттырып, электр энергиясын өндіруде үлкен нәтижеге жетпекші. Бұл елдің тау өзендерінің энергетикалық балансы 142 млрд киловатт-сағат деп есептеледі. Ал іске пайдаланғаны соның тек 10% мөлшерін ғана құрайды.

Тәжік гидроэнергетикалық мүмкіндігі тым зор, жылына 527 млрд кВт.с. электр қуатын өндіруге болады деп есептеледі. Ал оның нақты техникалық өндіріске пайдалануға қолайлысы 317 млрд кВт/с. жетеді. Қазіргі кезде соның тек 4-5%-ы ғана өндірістік энергия алуға пайдаланылып отыр.

Келтірілген есептеулер Орталық Азия елдері өзендерінің гидроэнергетикалық қоры оларды энергетикамен толықтай қам­тамасыз етіп, шеткері және жақын респуб­ликаларға экспортқа шығаруға молы­нан жететінін дәлелдейді. Осы кезде суаруғ­а қажетті суды жеткілікті мөлшерде және ке­ректі кезінде пайдалануға қолай­лы жағ­дай туады. Мұндай келісімсіз таби­ғи байлығы және шаруашылық ба­ғыт­тары әртүрлі көрші елдердің суды пай­да­ланудағы шиеленісті түйінін шешу мүмкін емес.

Кейінгі уақытта Қырғызстан мен Тәжікстанда электр энергиясын өнді­ретін жаңа ГЭС-тер салу үшін инвестор­лар іздестіру ісі үнемі жүргізіліп келе­ді. Дағдылы ізбен көбіне Ресейге жал­тақ­тайды. Бірақ олардың ішкі өз пробле­малары да жеткілікті, сол себепті ондай жұмысқа кірісе қоюы екіталай. Әйтсе де, бұл істі жалғастырушыларды басқа жақтан қарастырған жөн болар еді. Алыстан емес, қатар көршілерден. Қазақ­стан мен Өзбекстанда бизнесмендер жеткілікті. ГЭС салушы елдер нақты мем­лекеттік кепілдіктер беріп, қолай­лы жағдай жасаса, бұл шаруаға кірісуге ба­тылдық жасайтын іскер адамдар жетерлік.

Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде қуатты энергетика өндірісі нақты жолға қойылған кезде, жазықта суармалы егістікті үстеме­леп өркендетуге қолайлы жағдай орнайды. Бұл өрісті ойдың іске асуы ГЭС алдын­дағы су қоймасының сыйымдылығы мен су­дың жіберілу тәртібін реттеуге ғана тәуел­ді болып қалады. Егер су қоймасының сы­йым­дылығы ірі көлемде су жинақтауға жеткіліксіз болса, онда ГЭС-тен төменгі ойпаңда, табаны бетон қабырғамен көм­керілген, құм-тасты үйілме плотина­мен қоршалған су қоймасын салу қажет. Мұн­дай аумақты құрылыс бір­неше ел басшысының бірлесіп шешім қабыл­дауымен және қомақты қаржы жұмсал­ғанда ғана нақты нәтижеге жетеді.

Осы ретте егін суару мәселесінде ыл­ғал­мен қамтамасыз етудің біздегі тех­но­логиясы қандай деген сұрақ туын­дай­ды. Айтулы кезге дейін ауыл шаруа­шы­лығында суды суарма өлке шегіне көбіне қазба каналдар, ал біраз шамада бетон науалармен жеткізіліп келді. Әзірше бұл шаруаға бетон және темір құбырларын пайдаланылады.

Кеңес кезеңінің аяқ шамасында респуб­лика басшысы Д.Қонаевтың бастамасымен Шелек өзенінің ағысын пайдаланатын құрылым пайда болды. Ол үшін Бартоғай су қоймасы жасалды. Жинақталған суды тек жазғы кезде егін суаруға пайдалану қажет деп шешілді. Қоймадан су, ішкі ені 2,7 м бетон құбырлармен алынып, егістік шетінен темір құбырлар арқылы бөлініп, суармаларға таралды. Осы құрылым отыз жылдан артық уақыт Алматы облысының бірнеше ауданының егістіктері мен бау-бақшаларын суаруға септігін тигізді. Әйт­се де, суды осылай пайдаланудың техноло­гиясы қазіргі кездегі қажетті атқаруға жарамсыз.

Дәстүрлі қолданыстағы арықпен суару­дың біршама кемшілігі бар. Бұл кезде егіннің айналасы ғана емес, су танап аралы­ғындағы бүкіл топыраққа сіңіп көп мөл­шерде ысырап болады. Сонымен қатар егін­дік алқабы еңіс болса, үстіңгі құнарлы топы­рақ біртіндеп шайылып, тасты қабат сырт­қа шығады. Арықтар да уақыт өткен сайын тереңдеп, олардың қабырғ­алары судың біраз мөлшерін сіңі­ріп жоғалтады. Осы се­беп­терден арық­пен суару кезінде ағы­тыл­ған судың басым бөлігі пайдаға аспайды.

Оңтүстік өңірде мақта мен күріш егу кезіндегі суару тәсілдері басқаша келелі мәселе тудырады. Мақта алқаптары бір мау­сымда 2-12 рет суарылады, ал күріш өскіні жер бетіне шыққаннан өнім жиналғанша, тамыр сабағы 12-15 см суда көлкіп тұруы қажет. Бұл кезде суарма су топыраққа тереңдей сіңіп, жерасты ылғалымен тұта­сып, еріген тұз­дың жоғарғы құнарлы қабат­қа көтері­луіне жағдай жасайды. Ендігі кезекте топы­рақтың әуелгі қалпын орнына келтіру үрдісі күн тәртібіне шығады. Ол үшін күзде алқаптарға мол су жіберіп, еріген тұз қоспаларын жуады. Әрине, бұл кез­де топырақтың органикалық және минерал­дық құнары қоса шайылады. Егістік алқабы біртіндеп тозып, істен шығады.

Мемлекет жыл сайын суармалы егіс алқабын арттырып, мол өнім өндіруге мүдделі. Осы мақсатқа ірі қаржы бөліп, жеке шаруашылық иелерінің сұраныс­тарына үлкен қолдау жасап отыр. Деген­мен егін алқаптарын суару технологиясы сон­шама өзгерістерге ұшыраған жоқ. Жаң­­­быр­­латып суару елу жыл бұрын қол­­да­нысқа енгенімен, әзірше шағын бау-бақ­­шалары көлемінде ғана пайдаланылады.

Осы қатардағы шетелдердің жаң­быр­латып, тамшылатып суарудағы таңға­ларлық тәжірибелері әзірге үлгі бола алмай отыр. Табиғаты әлдеқайда сараң, тұрақты тұщы су көздері жоқ, ыстық белдеуде орналасқан Израиль, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі жерасты суымен, теңіз суын тұщылап, жаңа әдістермен суару арқылы Еуропа ел­дерін бау-бақша өнімдерімен, ал өздерін астықпен толық қамтамасыз етуге қолдары жетті.

Суарудың үнемді әдістерін тұрақты технологиялық деңгейге көтеру үшін жаңа техникаларды сатып алуға, егістік­терді бірыңғай тегістеуге, күрделі техникаларды меңгеріп, жүргізе алатын мамандар даярлауға біршама қаражат жұмсауды қажет етеді. Оған ауыл шаруашылығы басқар­малары мен фермерлердің шешім­ді қайраты керек. Қорқыныш тудыр­ған ауқымды қаражат егістік өнім­дерінің күрт артуымен тез арада өтеледі және ауыл шаруашылығында тұрақ­ты техно­логиялық жаңа мәдениет орнығ­ады. Жаңа кезеңде елде азық-түлік молшы­лығын орнатудың басқадай амалы жоқ.

Шаруашылықтарды суарудың жаңа техникаларымен жабдықтаумен қатар, суды бөгендер мен каналдардан егістікке жеткізу үшін ірілі-ұсақты полиэтилен құбырларын шығаратын өндірісті дамыту күн тәртібіне көтеріледі. Осы ретте жер бетін ластап бітірген полиэтилен қалташаларын шығаруды тоқтатып, полиэтилен құмыраларын қайыра сатып алуды ұйымдастыру керек-ақ. Әйтсе де, бізде бұл жолдың жақсы бастамасы да бар. Жақын арада полипрофилен шығаратын Атырау зауыты іске қосылса, онда полиэтилен құбырларды шығаруға қажетті материалдар тапшылығы тез-ақ шешіледі.

Біздің су қорымыз барлық Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ, сондықтан суды пайдаланудың технологиясы осы елдерде бірыңғайлы жаппай өрістеуі қажет. Бұл кезде өте ірі шаруашылықтармен қоса, шағын фермерлердің және жеке шаруалардың мүддесі де бірдей деңгейде шешілгені жөн. Себебі отбасылық фер­мер­лер әртүрлі жеміс-жидектер өндіру­де мол үлес қосып отыр. Мұндай әртекті ша­руа­шылықтардың өркендеуі, халықтың жаппай еңбек үлесін нығай­тады және кей­бір дақылдарды өндіру, бәсе­келестік не­­гізінде өнім сапасы жоға­рылап, шетел на­ры­ғынан берік орын алуына қадам жасай­ды (Өзбекстанда өндірілген қызыл шие қазір бірқатар Еуропа елінде сатылады).

Соңғы елу жылда суды өндірісте және қалаларда күнделікті тұрмыста пайдалану да үстемелеп өсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша әр адамның күнделікті қажеті үшін қалаларда 230-350 л, ал айына 7-10,5 текше/м сумен қамтамасыз етілуі керек. Әрине, бұл – ең жоғарғы мөлшер. Батыс елдері де қазір жаппай су үнеміне көшкен. Сондықтан тұщы су қоры мол ірі қалалар болмаса, ондай ысырапқа бара қоймайды. Алматы шаһарында орта есеппен әр адамға күніне 170-200 л су жұмсау көзделген. Қаладағы судың шы­ғы­нын сараптағанда, ас дайындау, жуы­ну, кір жуу, ыдыс тазалауға кететін мөл­шер­ден санитарлық тазалыққа тым артық жұмсалатыны анықталды.

Қазіргі кезде қолданыстағы санитар­лық тазалау аппараттары, сыйымдылығы 10-12 литр бүтін бір бактан тұрады. Тазарту мақсаты әртүрлі болғанымен, әр кез сайын бактағы су толықтай ағытылып, қажетсіз артық ысырап болады. Ал жеңіл мұқтаждық кезінде тазалауға 3-3,5 л су әбден жеткілікті. Сондықтан әр тазалау жағдайында еш пайдасыз 6-8 л су босқа төгіледі. Осы кезде әрбір адам күн сайын 35-40 л суды артық ысырап жасайды.

Қазақстан ғалымы 2017 жылы сани­тар­лық тазалау аппаратының жаңа конс­трук­циясын ойлап шығарды. Бак екі бөліктен: 2/3 көлемді үлкен бөліктен және 1/3 көлемді шағын бөліктен тұрады. Санитарлық тазалау аппаратының конс­трукциясы Еуро-Азия патент ұйымына ұсынылып, оған 2021 жылы №038749 патенті берілді. Аппарат қажетке байланысты пайдалануға негізделген. Бұл аппаратты қолданған кезде, қалаларда күн­делікті тұрмыста пайдаланылатын судың 1/3 көлемі босқа төгілмей, үнемделеді.

Елде қазіргі уақытта 19 млн тұрғынның 59,2%-ы қалаларда өмір сүреді де, 50% үй қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген. Келтірілген есептеулер (әр адамға 14,4 текше/м су артық ысырап) бойынша, әр жыл сайын 136,8 млн текше/м су босқа төгіліп, ластанады. Оларды зиянсыз, таза қалыпқа жеткізу, өте күрделі техникалар мен сатылы жүргізілетін технологиялық әдістемелерді, қосымша қаражат қолдануды қажет етеді. Алайда суды түпкілікті тазалау нәтижесіне әлі жеткеніміз жоқ. Осы себепті қалдық сулар қалалардан біраз сыртта, әкімшіліктердің бас ауруына айналған Сорбұлақ көлшік­теріне жиналып, жерасты суларын был­ғап жатыр. Судың есепсіз ысырабы елге жылына 8,06-10,08 млрд теңге немесе 18,9-23,7 млн доллар шығын әкеледі.

Байтақ жеріміздің елеулі су көздері оның шеткі аймақтарымен ағады да, олардың біршамасы көрші елдердің бұғауы­на шалынған. Сонда біздің негізгі су бай­лығымыз табиғат жаратушы жарыл­қауымен өз жерімізге түскен ылғал ғана. Осы мөлдір тамшыларды аялап пайда­ланбасақ, бұлақтарымыз да сараң тартып, су тапшылығына ұшырауымыз әбден мүмкін.

 

Блок ШАЙКЕНОВ,

эколог-ғалым