Қоғам • 07 Шілде, 2022

Тойшылдық: Үкімет қаулысы неге қауқарсыз?

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлы Абай сынаған бес дұшпанының бірі – бекер мал шашпақ. Өткен ғасырдың басындағы алапат ашаршылықты басынан өткерсе де, халқымыз одан ес жия келе, ескі әдетіне қайта басып, той өткізуден бір-бірімен бәсекеге түскендей жағдайға жетті. Оны тіпті әлемді алқымынан алған коронавирус пандемиясы да тоқтата алмады. Мейрамханалар мен тойханаларда тығылып той жасағаны үшін жүздеген адамға айыппұл салынғаны – соның айғағы. Ал «Бармақ басты, көз қыстымен» ондай жазадан құтылып кеткендер саны қанша екені бір Аллаға аян.

Тойшылдық: Үкімет қаулысы неге қауқарсыз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында халқы­мыздың жаңа болмысын қалыптас­тыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін алға қоя келіп: «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді», деді. Бұл ретте Мемлекет басшысы қазақ зиялыларына ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу міндетін жүктеді. Ал ғалымдар, қаламгерлер мен өнер иелері осы міндет үдесінен көріне алып жүр ме? Үлкен сұрақ.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде Алматы қаласының әкімдігі биыл үш әйгілі әртістің концерт­терін өткізуге жергілікті бюджеттен 220 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырғаны талқыға салынып, қатты сынға алынды. Соның ішінде екі өнер иесінің 65 және 60 жылдығына орайластырылған концерттерге 151 миллион теңге жұмсау ұсынылған екен. «Атақтары жер жаратын әртістердің концерттеріне жұрт билет сатып алып келмей ме? Сондықтан қала бюджетінен бөлінетін қыруар қаржыны оларға емес, жас дарын иелерін қолдауға жұмсаған жөн емес пе?», дейді пікір білдірген азаматтар. Қисынды пікір.

Осы орайда кейбіреулер той-томалақ өткізуге қатаң шектеулер енгізген Өзбек­стан мен Тәжікстанды үлгі етіп жатады. Алайда еліміздің Бас мемлекеттік санитар­лық дәрігерінің қаулысына құлақ аспай, жасырынып той жасағаны үшін жүздеген мың теңге айыппұл арқалап жатса да, тойшылдығын тыймаған ағайындарымызға тоқтау бола қояр ма екен? Ең алдымен, мемлекеттік бюджет есебінен атап өтіле­тін мерейтойларды тәртіпке келтіріп алғанымыз жөн болар. Бұған заңды негіз болатын құжат та бар. Ол – «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысы.

Аталған қаулыда облыстардың, қалалардың, ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi деп көрсетілген. Алайда осы Үкімет бекіткен тәртіптің сақталуын ешкім қадағалап отырған жоқ сияқты. Себебі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап 90-95 жылдығына дейін думандата атап өтіліп жатады. Оларды  құттықтаушылардың арасында ара-тұра министрлер мен әкімдер де төбе көрсетіп қалады. Парадокс.

Мемлекет басшысы ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыруды тапсыр­ған қазақ зиялыларының тарапынан да ысырапшылдық пен даңғазалықты тыюға бағытталған ықпалды іс-қимыл байқалмайды. Бәз баяғыша университеттерде ғалымдар мен жазушылардың 60-70-80-90 жасқа келген мерейтойларына орайластырылған ғылыми-практикалық конференциялар бірінен соң бірі өткізіліп жатыр. Мерейтой иелерінің ғылыми һәм қаламгерлік еңбегін, жеке басының қадір-қасиетін мақтап-мадақтаудан аса қоймайтын мұндай алқалы жиындар отандық ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосады? Ал кейбір ақын-жазушыларымыз 60 жасын тойлауды Алматы мен астанадан бастап, туған өңірлерінде жалғастырып, даңқ-дақпырттарына қарай әкімдерден конвертке салынған «темір тұлпар», әйтпесе құрығанда «ат» дәме ететіні аздай, 65-ін де атаусыз қалдырмауға тырысатынын қайтерсің. Ойланарлық мәселе.

Айтпақшы, өнер қайраткерлерінің мерейтойлық концерттеріне қыруар бюджет қаржысын бөлмек болған алматылық шенеуніктердің жоғарыда аталған Үкімет қаулысын құлаққа ілмеуі қалай? Ал егер сол қаулымен келіспесек, оны өзгерту мәселесін көтеруіміз  керек емес пе? Әдеп қайда?!