21 Мамыр, 2010

“ҒАСЫРДЫҢ ҒАЛАМАТ ЖОБАСЫ” – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

527 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қызылорда қаласында “Арал өңі­рінің қазақстандық бөлігінің су және эко­ло­гиялық қауіпсіздігінің қазіргі заманғы проб­ле­малары және оларды шешудің жол­дары” атты халықаралық дөңгелек үстел  өтті. Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы ұйым­дастырған  мәжіліске Қа­зақстанда  тіркелген елші­ліктердің, ха­лықаралық ұйымдардың, инвес­ти­циялық және даму банктерінің, министрліктер мен ведомстволардың, үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері мен жобаны орындаушылар қа­тыс­ты. Мәжілісте 2011-2015 жыл­дарда Арал теңізі бассейні елдеріне көмек беру  бағдарламалары мен су ресурстарын интегралды басқару жобалары шең­беріндегі әлеуметтік, экологиялық жобалар талқыланды. Дөңгелек үстел мәжілісін жүр­гізген Халықаралық Аралды құт­қару қоры атқару комитетінің төр­ағасы Сағит Ибатуллин шараның ЕҚЫҰ өкілдігімен бірлесе ат­қа­ры­лып отыр­ғанын мәлім етті. Одан әрі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемле­кет­тік хатшы –Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың дөңге­лек үстелге қатысушыларға жол­даған хатын СІМ ЕҚЫҰ депар­таменті дирек­торының орын­басары Ерболат Сембаев оқып берді. – Кеңес Одағы ыдыраған тұста ашық айтыла бастаған бұл проб­ле­маны шешуге еліміз тәуел­сіздігінен ке­йін мүмкіндік туды, – деді облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов. – Мем­лекет басшысының бас­­та­ма­сымен Қазақстан ортақ ай­дынды құт­қаруға ұйытқы болды. Осы­­­ның ар­қасында халық­аралық қор құ­рылып, жұмыс істей баста­ды. Теңіз­дің қазақ­стан­дық бөлі­гін қалыпқа келтіру үшін “Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақ­тау және Сырдария өзенінің ар­насын ретке келтіру” бағдар­ламасы қолға алынып, бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Халықаралық Аралды құт­қару қоры мен Астанадағы ЕҚЫҰ ор­талығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойы­луы да жаңа жобаларға жол ашып отыр. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун өзінің Орталық Азияға сапа­ры барысында Арал проблема­ла­рын шешудегі халықаралық қор жұмысын жоғары бағалады. Бе­дел­ді ұйым қолдауының, Қазақ­стан­ның барша әлемге танымалдығы  мен ЕҚЫҰ-ға төрағалығының, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің  арқасында қор қызметінің өркендеуіне қолайлы жағдайлар туды. Мәжілістің негізгі баяндама­ла­рының бірі Арал теңізінің қазақ­стандық бөлігінің қазіргі ахуалы мен Қызылорда облысының әлеу­меттік-экономикалық дамуы ту­ра­лы болды. Бұл жайында  облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қар­ма­сының бастығы Ибрагим Әби­буллаев айтып берді. Ғалымдардың зерттеулеріне қа­рағанда, теңіз суының деңгейі 1961 жылдан  төмендей  бастаған. Бұдан 4,2 млн. гектар аумақ (оның 2 млн. гектары Қазақстан жа­ғын­да) құрғап кетті. Соның салда­ры­нан климат нашарлап, өзендер құр­ғады, алқаптар тұзданып, мал жайылымдары құнарынан айы­рыл­ды. Құрғақшылықтың теріс әсерлерінің алдын алуда фито­ме­лиоративтік жұмыстардың маңызы зор.  Соңғы 10-15 жылдың тәжі­ри­бесі теңіздің құрғаған табанына сексеуіл мен сарсазан егу арқылы тұз бен тозаңның жайылуына тосқауыл қоюға болатынын дәлелдеп берді. Елбасы 2005 жылдың сәуірінде САРАТС-1 жобасының нысанда­рын аралап көріп, бұл нысан­дар­дың жергілікті халық үшін маңыз­дылығын ерекше атап өтті. Жо­ба­ның 2-кезеңін  іске асыру Қазақ­стандағы басым бағытты  бағ­дар­ламалар қатарына енді. Дөңгелек үстел отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары  комитетінің САРАТС жобасы бойынша үй­лес­тірушісі Серік Смайылов “Сыр­дария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу” жобасы 1-кезеңінің қорытындыларымен егжей-тег­жейлі таныстырды. Одан әрі ХАҚҚ атқару ко­митетінің техникалық директоры Альфред Дибольд Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бір­лескен келісімдерін жүзеге асыру тетіктерімен таныстырды. Сло­ва­кия Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Душан Подгорски “ЕСМ Medіntekh” қазақ-словак бірлескен кәсіпорны жүргізген экологиялық сараптаманы ұсынды. ХАҚҚ мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы бірігіп әзірлеген “Қазақстандық Арал өңірінің су ресурстарын ин­тегралды басқару жүйесі” жоба­сының танысты­рылымын жоба ме­неджері Уильям Метцгер жаса­ды. Финляндия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Микко Киннунен  Орталық Азия мен Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың фин­дік бағдарламасын түсіндіріп берді. Арал теңізі бассейні су ша­руашылығын үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-ақпа­рат­тық орталығы қазақ филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев “Сырдария өзенінің төменгі ағы­сындағы су-батпақты аймақтарды қайта қалпына келтіру” мәселесі туралы баяндама жасады. GTZ бағдарламасының аймақ­тық кеңесшісі Александр Нико­лаен­ко мен Оңтүстік Қазақстан гидрогеология-мелиоративтік экс­педициясы жетекшісінің орын­ба­сары Карл Анзельм Арал теңізін қорғап қалу жөнінде осы кезең ара­лығына дейін дәйекті жұмыс­тардың жүргізілгендігін атады. Мамандар Арал теңізінің ке­меріне келуі үшін 5 млрд. текше метрден астам су қажеттігін айтты. Сондай-ақ олар Сыр бойындағы  кейбір көлдерді бір жүйеге түсіру қажеттігіне баса назар аударды. Жиында германиялық  және жапондық әріптестер Арал теңізін қайта қалпына келтіру мақсатына өз тараптарынан нақты жұмыстың атқарылатынын мәлімдеп, Елбасы бастамасымен қолға алынған  жобаға оң бағасын берді. Дөңгелек үстел отырысы со­ңын­да  Арал өңірінің экологиялық және экономикалық ахуалын жақсартуға арналған EEWA - GTZ  бағдарламасының бас кеңесшісі Бенджамин Моор мен Халық­ара­лық Аралды құтқару қорының Қа­зақстандағы атқарушы директоры Медет Оспанов Аралды қорғау бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыру жөніндегі мемо­рандумға қол қойды. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.