Әлем • 07 Шілде, 2022

Өзбекстан: Халықтың қалауына құлақ асты

377 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарақалпақстандағы жаппай толқулардан бері бір аптаға жуық уақыт өтті. Халықаралық қоғамдастық оқиғаны бейтарап тексеруді сұрап отыр. Ал Өзбекстан билігі наразылықты ұйымдастыруға шетелдіктер үлес қосқан деп мәлімдеді.

Өзбекстан: Халықтың қалауына құлақ асты

Не? Қайда? Қашан?

Шілденің алғашқы күн­дері Өзбек­стан құра­мын­дағы Қарақалпақстан Рес­пуб­ли­ка­сының астанасы Нөкісте жүз­­де­ген адам шеруге шықты. На­ра­­зы халық Ташкенттің Қара­қал­пақ­­стан­ды «егемен» мәрте­бе­сі­нен айыру жоспарына қарсы шығып, тәуелсіз журналист Дәу­летмұрат Тәжімұратовты босатуды талап етті.

Өзбекстан Конституцияға өзге­рістер мен толықтыру енгізуді жос­пар­­лап отыр. Жаңа құжатта Қарақал­­пақ­станды егемен дәрежесінен айыру, сондай-ақ Өз­бекстан құрамынан шығуға ты­йым салу бабы енгізіледі.

Ресми мәліметке сүйенсек, қақ­тығыс салдарынан 18 адам мерт болған. 250-ге жуық тұрғын жа­ра­ланып, 500-ге жуық адам ұс­талған. Құқық қорғаушылар қаза тапқандар саны ресми дерек­тен көп болуы мүмкін екенін айтады.

Қазіргі таңда Қарақалпақстанда тө­тенше жағдай енгізіліп, аймақ территориясы мен тұрғындары қатаң бақылауға алынған. Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиёев осы оқиғадан кейін Қара­қал­пақстанның егемен мәртебесін өзге­ріс­сіз қалдыруды ұсынды. Сондай-ақ Қара­қалпақстан Жоғарғы Кеңесінде сөй­леген сөзінде болған оқиғаға жергілікті депутаттардың кінәсы барын айтты.

«Осыны өздерің бастадыңдар, өзде­рің бастама көтеріп, қол қойып, ұсынып, мақұл­­дадыңдар», деді Ш.Мирзиёев.

Ресми мәліметке сәйкес, Өзбекстан Кон­ституциясындағы 70, 71, 72, 74 және 75-бап редакциялары өзгертілмейтін болды. Қара­қалпақстан Республикасының егемендік мәртебесі және қалаған уақы­тында референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығу мүмкіндігі сақталады.

Жалпы, Қарақалпақстан – Өзбекстан құрамындағы автономиялы аймақ. Елдің 40 пайыз аумағын алып жатыр. Шамамен, 1,9 миллион адам мекендейді. Ресми екі тілі бар: қарақалпақ және өзбек. 1924 жылы Қарақалпақ автономиялы облысы құрыл­ды. 1925 жылдан 1930 жылға дейін Қазақ АКСР құ­рамында болды. 1930 жылдан 1936 жыл­ға дейін РСФСР құрамын­да, ал 1936 жылы 5 желтоқсанда Өзбек КСР-на өтті. КСРО ыдырағаннан кейін Республика Өзбекстанның құрамына енді, бірақ оған егемендік алу құқығы берілді.

Қазақстан бауырлас елге қолдау білдірді

Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында екіжақты және өңір­лік күн тәртібіндегі мәселелерді тал­қы­ланғаны белгілі.

Президент Өзбекстан бас­шы­лығы­ның Қарақалпақстандағы тұ­рақ­ты­лық­ты қамтамасыз ету жөніндегі ше­шімі уақ­тылы қабылданғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің Конститу­цияға өзгерістер енгізу жөніндегі референ­дум­ды сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл оқиға бауырлас Өзбекстанды жаңғыртуға ба­ғытталған ауқымды ­саяси және әлеумет­тік-экономикалық бағ­дар­ла­маларды жү­зеге асыру үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасап, Өзбек­станның бауырлас мемлекет, се­нім­ді одақтас және стратегиялық серік­тес еке­нін атап өтті. Сондықтан Қазақ­стан­да Өзбекстандағы оқиғаларды алаң­­­даушылықпен қабылдайтынын жет­кізді.

«Өзбекстан басшылығының Қара­қалпақстан Республикасындағы жағ­дайды тұрақтандыру бойынша шешім­дерін құптаймыз әрі қолдаймыз. Бауырлас Өзбек­станда аса маңызды саяси оқиға – Кон­ституцияға түзетулер жөніндегі референдум қарсаңында – бейбітшілік
пен тыныштық орнығатынына сенімдіміз.

Қазақстан Өзбекстанмен 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт, 2013 жылғы 14 маусымдағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы Одақ­тастық қатынастар туралы декларация рухындағы көпсалалы ынты­мақ­тас­тықты дамыту мен нығайту бағытына бекем», делінген Сыртқы істер министрлігі тарат­қан мәлімдемеде.

Жан-жақты тергеуге шақырды

Қарақалпақстандағы оқиғадан ке­йін БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет оқи­ғаны жан-жақты тергеуге шақырды.

«Күш қолдану туралы ақпарат алаң­датады. Наразылық кезінде адам өлімі де болған. Билікті дереу ашық әрі тәуелсіз тергеу бас­тауға шақырамын. Билік өкілі тарапынан жасалған заңсыздықтар да жан-жақты тергелуге тиіс», делінген Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы өкілдік таратқан мәлім­демеде.

АҚШ та ахуалға алаңдаушылық біл­­­діріп, тараптарды бейбіт келісімге ша­қырды. «Билікті халықаралық норманы сақ­тай отырып, толық, сенуге лайықты, ашық тергеу жүргізуге үндейміз», деді АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс.

Еуропалық одақ Өзбекстанды зор­лық-зомбылық оқиғаларын ашық және тәуелсіз тергеуге шақырды. «Біз қаза тапқандар мен зардап шеккендердің болғанына қат­ты өкінеміз. Оқиғаларды мұқият бақы­лауды жалғастырамыз. Пре­­зидент Мир­зиёевтің қоғамның алаң­дауына байланыс­ты ұсынылып отырған конституциялық түзетулерге қатысты қабылдаған қадам­дарын мақұлдаймыз. Тараптарды кез келген шиеленісті немесе одан әрі зор­лық-зомбылықты болдыр­мау үшін өз әрекет­терінде ұстамды болуға шақырамыз», делін­ген Еуропалық одақ таратқан хабарламада.