Театр • 08 Шілде, 2022

Қорқыт туралы қойылым

511 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуықта Түркістан музыкалық драма театрында қаламгер-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектаклінің премьерасы өтті. Қоюшы режиссері – ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Ал композиторы – Х.Шанғалиев, суретшісі – Т.Вьюшинская, жарық беру суретшісі – Т.Мишина, бейнеконтент бойынша қоюшы-суретші – С.Рылко, көркемдік жетекшісі – А.Көпбасарова.

Қорқыт туралы қойылым

Түркі халықтарының ортақ рухани тұлғасы, жырау, қобыз­шы Қорқыт бабамыз туралы та­лай-талай сахналық қойылымдар түзіліп, көптеген суреткердің қалам­герлік һәм шығармашылық шабытына арқау болғанын санамалап, дәлелдеп жатудың өзі артық.

Алайда өнердің киелі бесігі саналатын Түркістандағы театрдың аталған қойылым тақырыбымен емес, сахналық формасымен, оның режиссерлік-қойылымдық жет­кізу тәсілдерімен қызық бол­ғанын баса айтуымыз керек. Елі­мізде би өнері (хореография) сала­сының жеткен жетіс­тіктері жоқ емес, дегенмен әлі де да­мытатын тұстары да бар. Әсі­ресе зама­науи би өнері тәсіл­дерін қолданып, жоғары деңгей­де шеберлік толғау – үлкен сұраныста.

ХХ ғасырдың басында хорео­графтар классикалық балеттің қағидаларынан толықтай бас тартып, жаңаша бағытта қозғалудың қажеттілігін мықтап ұқты. Осы кезеңде жалпы әлемдік сахна өнерінде жаңалыққа талпы­ныс, ізденістер дүмпуі байқалды. Би әлемінің негізгі тұлғасы – Айсе­дора Дункан еркін пластикалық би өнерін насихаттады. Ол би, яғни адамның дене қимылдары арқылы көркем ой, сезім шарпылыстарын, рухани тартыстарды жеткізуге болатынын дәлеледеді.

Адам өзін-өзі тану құралы ретінде қарастырыла бастаған хореографияның екі түрлі бағыты тұрақты даму барысын бастан кешірді. «Модерн данс» және «постмодерн данс», кейіннен бұл ізденістер contemporory dance – егер тікелей аударатын болсақ «заманауи би» деген мағынаны білдіретін құбылысқа айналды. Оның көрнекті өкілдері қатарында Пина Баушты ерекше атауға болады. П.Бауш бидің орындалу әсем­ділігіне емес, кейіпкердің ішкі сезімдерін жеткізудегі әсеріне көп мән берді.

Қазіргі таңда еуропалық көрер­­мен Метью Борн мен Крис­­тиан Смедстің қойылым­дары­на деген қызығушылығы артып отыруы би өнерінің негізгі ерек­шелігімен тікелей байланыс­ты. Би лексикасымен қойылған спектакльдерді аударудың қажеті шамалы, қимыл тілі барлығына түсініктілігімен өтімді. Елімізде осы бағыттағы ізденістер өліара шақта, яғни 1999-2000 жылдар кезеңінде пайда болды. Әсіресе Г.Адамова, ағайынды Гүлмира және Гүлнара Ғаббасовалар шығармашылығында заманауи би өнерінің бағыттары батыл бой көрсеткен еді. Сол ізденіс­тер­дің заңды жалғасы ретінде қабыл­данған «Қорқыт туралы аңыз» плас­тикалық спектаклі көрермен­нің жаңа театрлық бағыттағы сұ­ра­нысын өтей алды деуге болады.

Қоюшы-режиссер К.Семенов осы алғашқы хореографиялық жұмысында көп жетістіктер­ге жеткен. Ең бірінші, ол ұлт­тық менталитетті назардан тыс қалдырмай, қойып отырған материалдың маңызын, мәнін дұрыс түсінген. Екіншіден, режиссер-хореограф К.Семеновтің клас­сикалық биі өрнегі мен модерн биі үлгісінің арасындағы нәзік үйлесімділікті таба білге­ні қуантты. Қорқыт тақырыбы хорео­графқа Шығыс пен Батыс­тың үндестігін табуға мүмкіндік берген. Бұл – ретте, хореографтың көр­кем идеясын бейнеконтент және сценография семантикасымен жеткізіп отырған суретшілер тобының жұмысы жоғары дең­гейде шыққанын да айта кеткен орын­ды. Визуализациялау әдісін қол­дану барысында суретшілер мен қоюшы-хореограф негізгі маз­мұн­ның әсерлігін күшейте алған.

Қойылым табиғаты жанрлық жағынан нақты анықталмаған. Алайда режиссер спектакльде перформанс тәсілдерін батыл қолдануы нәтижесінде оның мәні мен әсерін байыта алған. Тарқата айтсақ, қойылым барысында орындаушылар сахна­ның еденіне әртүрлі түстегі: қызыл, жасыл, сары, көк, т.б. түсті бояу­ларды жаға бастайды. Бұл әр кейіпкердің, қала берді, әр пенденің өмірлік жолының семантикасын береді. Жер бетіндегі адамдар бір-біріне ұқсамайтыны сияқты олардың тағдырлары да, ғұмырлық ұстанымдары да бір-біріне мүлде ұқсамайды. Осы көріністен соң сахнада жаңбыр жауады. Жаңбыр тамашылары сахна бетін жуып, жерге түскен сызықтарды өшіре бастайды. Бұл, жалпы, өмірдің мезеттік мәнін, пендеге өлшеп берілген сәттің қысқалығын бейнелі тілде жеткізе алған режиссерлік тәсіл болды. Осылайша, режиссер әр сахнаның мән-мазмұнын тереңнен ашуға күш салғаны байқалды.

а

Либретто оқиғасына сәйкес орындалған би партиялары көп жағдайда музыкалық партитурамен үндестік деңгейінен көрінбейді. Жалпы, қобыз сарынына билеудің өзі күрделі шаруа. Сыршыл дыбыс иірімдері, күрделенген ырғаққа негізделген қобыз сарынына ілесіп қимылдау, одан ой-идея өру өнерпаздарға да оңайға соқпағаны байқалып тұр. Бұл ретте, спектакльде синхронды қозалыстан қарағанда диахронды дене белгілерінің семиотикасын іздеген дұрыс. Спектакльде дене қимылдары мен би элемент­тері бірігіп спектакльдің көркем идеясының тұтастығына еңбек етеді.

Қойылым барысында эпика­лық кеңдік, көшпенділерге тән нақыш, кескіндерді байқаймыз. Мәсел­ен, соғысу, шайқас сахна­ларын би-қимылмен жеткізу­дегі орын­дау­шылық шебер­лік, Қорқыт­тың алып өгізді бағын­дыратын сахнасы әдемі хореографиялық лексикамен бе­рілген. Әсіресе көр қазып жат­қандарды көрген Қорқыттың оларға қарсы тұрып, тағдырмен теке-тіреске түсіп, тау мен тас­ты қопарып, қамалды бұзып, өлімнен қашатын сахналары да би тілімен тартымды да, түсінікті кескінделген.

Қойылым режиссурасында екі мәселе назардан тыс қалып қойған. Біріншіден, Қорқыттың дүниеге келу сахнасына мықты екпін берілмеген. Екіншісі, Қорқыттың қарағаштың түбінен қобызды ойып алатын сахнасы да жеткілікті мөлшерде ойнатылмай қалған. Сондықтан қойылымдағы екі маңызды оқиға ашылмаған. Әсіресе қобызды қарағаштан ойып алатын тұсын физикалық-пантомималық қи­мыл-қозғалыстармен еркін жет­­кізуге мүмкіндік мол еді. Қара қобызды – ұлы түркілер өнері­нің бастауы ретінде қабыл­дай­тынымыз хақ. Оны қарапа­йым ғана түрде барып ала салға­ны, оған қажетті мөлшерде ек­пін бермегені көңілімізге жаға қой­мады. Қобыздың рәміз­дік мағы­насын режиссер-хореограф әлі де қарастыра түсуі керек еді. Сонымен қатар,  Қор­қыт­тың жасы ұлғайған сайын оның пласти­ка­сы да өзгеріп отыру­ға тиіс еді де­ген ойымыз бар. «Мінәжат» дуэті (әртістер: Р.Шайхов, А.Ормонбек) мен Батыр мен сұлу (әртістер: Б.Дүйсенбаева, Е.Әубәкіров) жұптарының орындауындағы билер өте әсерлі шыққан. Нәзік дене қимылдары, құштарлық пен махаббатқа толы қозғалыстар спектакльдің лирикалық үнін күшейтеді. Алайда бұл екі көрі­ністе негізгі Қорқыт желісінен ауытқып кеткендей әсерге бөледі. Қорқыт партия­сын орындаған әртіс Е.Әбді­халықтың даярлық дең­гейі, жоғары шеберлігі айқын бай­қалады. Тылсым күш иесі Марту (әртіс А.Сыдығалиева) мен Қорқыт (Е.Әбдіхалықов) ара­сындағы өлім мен өмір үшін күрес көріністері, жақсылық пен жаман­дықтың, ақ пен қараның мәңгілік күресін еске салары сөзсіз. 

Қобызшы Санджай Аль­мишевтің орындауындағы күңі­ренген қара қобыз сарыны спек­такльдің құлақкүйін келтіріп, көрерменді қажетті бағытқа жетеледі. Қобызшы күй желісін сарнатқанда табиғи бір атмосфера туындап, бағзы замандардың елесіне енгендей болғанымыз сөзсіз. Бебеулеген күй бас құй­қаңды шымырлатып, сананы билеп кетеді. Қорқыттың күйлерін орын­дау қашанда жоғары шебер­лікті талап ететінін ескерсек, С.Альмишев аспаптың қасиетін, өнердің құдіретін мейілінше жетік білетін өнерпаз дей аламыз.  

Режиссер-хореограф К.Се­менов музыкалық партитура, либретто және хореография тұтастығына қол жеткізуге тал­­­пынған. Қойылым Қорқыт тақырыбын театрлық мәтін ретін­де қарастырып, зерттеуге мол мүмкіндік береді.

Қорқыт бейнесін, оның арман-мұ­ратын би тілімен жеткізген Түр­кі­стан музыкалық драма театры­ның бұл ізденісі – ұлттық коды­мызды анықтауға бағытталған руха­ни жаңғыруымыздың үлгісі деп та­нуға болады. Спектакльдің бола­шақта өз көрермені болатыны сөзсіз.

 

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

театртанушы