Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінің Астана қаласында қалай мерекеленетіні туралы шаһардың ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов, мәдениет басқармасының бастығы Болат Можағұлов айтып берді.
Кездесуге, сондай-ақ украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Тамара Шермет, корейлердің этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак және өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзот Пулатов қатысты.
Алдымен сөз алған Болат Тілепов барлық мерекелік іс-шаралар өте жоғары деңгейде өтетін болады, деп бастады өзінің сөзін. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында көтерген бастамаларының аясында негізгі іс-шаралар бір жоспарға біріктірілді. Онда белгіленген шаралардың біразы қалада 14 сәуірден басталып та кетті. Жалпы, 2 мамырға дейін үлкенді-кішілі 40 іс-шара жоспарланған. Соның ішінде рухани-идеологиялық шаралар жұмыстар легі алдыңғы орында тұр. Осы бағытта барлық оқу орындарында бірлік пен ынтымақты насихаттайтын шаралар өтіп жатыр. Екінші орында әлеуметтік маңызы бар мәселелер қарастырылған. Мұның мақсаты – мемлекеттің көмегіне мұқтаж жандарға жәрдем көрсету.
Қазақстан халқының бірлігі негізінен саяси-идеологиялық пішімде өтетін мереке болғандықтан, мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетуге арнайы шешім болмаған, бірақ соған қарамай әрбір өңір жергілікті бюджеттің мүмкіншіліктеріне қарай түрлі қолдаулар көрсететін болады. Соның ішінде жалғызбасты 615 зейнеткерге бір реттік жәрдем көрсетіледі. Қалалық кәсіпкерлер палатасы жағдайы төмен отбасыларға арнайы дастарқан жайып, өз аттарынан азық-түлік пакетін таратады. Сонымен бірге, сауда-саттық орындарының осы күні бірінші кезектегі қажетті тамақ өнімдеріне жеңілдік қарастыру ұйымдастырылады, дей келіп Болат Тілепов мәдени-шығармашылық шараларға тоқталды. Мерекенің ең басты мәдени шарасы – «Қазақ елі» монументі алдындағы ауқымды, театрландырылған қойылым. Осындай мерекелік шара 2 мамыр күні қалалық алаңда да өтеді.
Мәдени шаралардың ауқымы жөнінде айту үшін сөз кезегін әріптесі, қалалық мәдениет басқармасының бастығы Болат Можағұловқа берді.
Ол ең басты сахна – «Қазақ елі» монументінің қасында үш жерге концерттік бағдарлама қойылатынын жеткізді. Ең негізгі сахнада сағат 11.00-ден 14.00-ге дейін 700-ден астам әртістер мен әншілер өз өнерлерін көрсетеді. Ал кішілеу екі сахнада этномәдени орталықтар өкілдері өнерлерін ұсынатын болады. Ондағы өнерпаздар саны 400-ден кем болмайды. Қазақстанның және ТМД елдерінен келетін би ансамбльдері де өз өнерлерін ортаға салады, дей келіп басқарма бастығы олардың бірқатарын атап өтті. Соның ішінде Грузиядан, Түркиядан, Ресейден, Өзбекстаннан өнер ұжымдары болатынын жеткізді.
Б.Можағұлов одан әрі спорттық жарыстар үшін де подиумдар ұйымдастырылатынын айтты. 15 сауда нүктесі азық-түлік сатып, мерекелік алаңның әрін аша түсетін болады. Сондай-ақ, әртүрлі этностардың ас мәзірінің көрмесі де болады, деді ол. Бір қызығы, бұрынғыдай этномәдени бірлестіктердің қолөнер көрмесі емес, тұрмыстық салт-дәстүрлерін көрсететін этноауылдар ұйымдастырылады екен. Сонымен қатар, Б.Можағұлов қалалық әкімдіктің алдында болатын мерекелік шаралардың бағдарламасын да айтып өтті. Сөзінің соңында ол осынау мерекелік алаңдарға кем дегенде 100 мыңнан артық адам келеді деп жоспарланғанын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».