Әлихан Смайылов өңірде бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, Теміртау және Саран қалаларында жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысады. Сондай-ақ Қарағанды облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізу жоспарланған.
Үкімет басшысы өңірде бірінші кезекте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын байланыстыратын «Орталық-Оңтүстік» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі «Қарағанды-Балқаш-Сарышаған» автожолын (1492,4-2005 км учаскесі) реконструкциялау барысымен танысты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың деректері бойынша, жоба 2023 жылдың желтоқсанында толық аяқталады.
Оның айтуынша, биыл жол жамылғысының құрылымдық қабаттарын төсеу, жасанды құрылыстарды монтаждау және жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жалғасады. Мәселен, республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» автожолдарында кең ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар барлық 8 учаскеде қайта басталды.
Сонымен қатар көлік қозғалысы айналма және топырақ төселген жолдармен жүзеге асырылатын учаскелердің санын қысқартуға баса назар аударылады. Реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл трассалар төрт жолақты І техникалық санатқа сәйкес келеді.
«Жоба жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартып, қауіпсіз және жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді. Жаңартылған автожол Балқаш көлінің туристік кластерін дамытудың драйверіне айналады және жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандырады», деді Әлихан Смайылов.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек үкіметтік делегация мүшелерін өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы туралы хабардар етті.
Үкімет басшысы баяндамамен танысып, облыс басшылығына бірқатар тиісті тапсырма берді.