29 Сәуір, 2014

Ғарышта – «KazSat-3»

3266 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
КазСат «KazSat»-ты қондырып қана­тына, «Протон» самғады ғала­мына. Тұмағаңша жырлар болсақ, «KazSat-3» ғарыш аппаратының аспанға аттанғанын осылай суреттеуге болатындай. Солайша, Қазақстанның ғарыш әлемін бағындыруға бағытталған жос­парлы жұмысы кезекті белесіне сәтті өтті. Бұған дейін «KazSat» жоба­сы­ның екі аппараты ғарышқа аттан­ғанын оқырман қауым жақсы білсе керек. Оның біріншісі жоға­лып кетті. Мамандар ғарыш аппа­ратын құрастыру кезінде қателік кеткенін айтады. Соның салдарынан ғарышта адасып кеткен. Онан кейін 2011 жылдың 16 шілдесі күні «KazSat-2» спутнигі ұшырылды. Бұл жолы ешқандай ауытқу болған жоқ. Жер серігі діттеген жеріне аман-есен жетті. Сол жылдың 25 қарашасынан бастап ол тұрақты жұмыс істеуге көшті. Бүгінде «KazSat-2» жер се­рігі өз күшінің 64 пайызына жұмыс істеп тұр екен. Ол Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің кейбір аймағына және Ресейдің орталық бөлігіне телевизиялық хабар таратып, ғарыштан деректер беріп, байланыс операторларына қызмет көрсетіп жатыр. Бір айта кетерлігі, «KazSat-2» толықтай Қазақстан тарапына берілген. Жер серігі Ақмола облысындағы «Ақкөл» орталығынан басқарылады. Дүйсенбі күні Астана уақыты бойынша сағат 10-нан 25 минут кеткенде «KazSat-3» байланыс және хабар тарату ұлттық геостационарлық жер серігі аспанға көтерілді. Жер-жаһанды жаңғыртып, алапат күшпен ғарышқа аттанған Қазақстанның үшінші жер серігінің ұшуын тамашаладық. Арада 15 минут өткенде ғарыш саласының мамандары «KazSat-3» спутнигінің ұшырылуы сәтті өткенін баян­дады. Жер серігі кешке дейін өз орбитасына жетті. Енді «KazSat-3» спутнигін ұшы­руда қандай қажеттілік бар?» деген сауалға келейік. Жоғары­да алдыңғы жер серігінің қалып­ты жұмыс істеп тұрғанын айттық. Ал мына «KazSat-3» соған қо­сымша қызмет ететін құрал. Тех­ника дегеніңіз – темір. Оны қанша жерден бақылап, жұмы­сын реттеп отырғанмен төтен­ше жағдайлар орын алып, біз білмей­тін кедергілерге тап болуы мүмкін. Міне, сондай жағдайда «KazSat-3» көмекке келеді. Бұл ғарыш­тан келетін байланысты үздік­сіз ұстап тұруға керек. Жоба­ны «Республикалық ғарыш­тық байланыс орталығы» АҚ пен Ре­сей­дің «Академик М.Ф.Решетнёв атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» компаниясы жүзеге асырды. Аталған жоба ең алдымен қазақстандық операторлардың «KazSat» жобасына көшуіне оң­тайлы жағдай тудырады. Екіншіден, Қазақстанның ға­рыштық державалардың қа­тарынан нық орын алуына көме­гін тигізеді. Үшіншіден, өзге елдің жер серіктеріне тәуел­ді­лік­тен айырады. Мысалы, осы арқылы біз жылына 4 миллиард теңгеге дейін үнемдей алады екенбіз. Бұл дегеніңіз, аз сома емес. Мұның сыртында рес­пуб­ликалық бюджетке түсетін са­лықтық төлемдер бар. Сондықтан жоба өзін-өзі толық ақтайды, мем­лекетке ересен пайда әкеледі деп есептеуге негіз бар. Ал «KazSat-3» жобасының жалпы жұмы­сына 27 миллиард теңге жұм­салды. Бүгін ұшырылған жер серігі қыркүйек айында толық­қанды жұмыс істей бастайды. Содан бастап Қазақстан тарапы оның жұмысын бақылап, тиісті бағытқа жұмсайды. Жоспар бойынша, «KazSat-3» спутниктік хабар таралымдарын қамтамасыз етіп, жылдам интернеттің қа­лып­­­­т­асуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, көптеген техника­лық қызметтер атқарады. Маңыз­дысы, біз өзіміздің ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз. Ал бұл аз жетістік емес. – «KazSat-3» жер серігін ұшыру – Қазақстан үшін маңызды оқиға болып саналады. Осы арқылы біз ғарыштық байланыс­ты 100 пайызға пайдалана аламыз. Бұған дейін «KazSat-2» жер серігін ұшырғанымызды, оның бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұрғанын білесіздер. Осының арқасында екі жер серігі бір-біріне септесіп жұмыс істейтін болады. Бұл жоба теле-радио байланысына, жоғары жылдамдықты интернет қалыптастыруға және ғарыштан басқа да қажетті деректерді беруге қызмет етеді, – дейді «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов. Сонымен қатар, төрағаның орынбасары ғарышта жер серігі бар мемлекеттердің саусақпен санарлық екенін айтады. Бұл тарапта Қазақстанның екі жер серігі бар деуге болады. Мұның сыртында күні бүгін таңғы сағат 07:35-те Францияның Куру ға­рыш айлағынан Қазақстанның «KazEOSat-1» аппараты ұшы­­рыл­ды. Осындай жүйелі жұмыс­тар Қазақстанды ғарыштық держа­­ва­лардың қатарына қосатыны анық. Ал «KazEOSat-1» деген не? Байқағанымыз, бұл Қазақстан үшін өте пайдалы құрал болғалы тұр. Қарапайым тілмен айтсақ, осы аппарат арқылы Қазақстанның қай түкпірін болмасын ғарыштан суретке түсіруге болады. Мысалы, сол арқылы қай жерге қандай егіс егуге болатынын, өнімнің қандай жағдайда екенін, ауру-сырқауға шалдыққан бөліктерін анықтай алады екенбіз. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алуға таптырмас құрал көрінеді. Ғарыштық аппараттан алынған деректер арқылы қай жерде тасқын болу қаупі барын, қай аймақта бұрқасын мен дауыл соғатынын, Қазақстанның қай бөлігінде көшкін жүретінін алдын ала біліп, оны болдырмаудың жолын қарастыруға болады. Елімізде Менделеев кес­те­сіндегі элементтердің бәрі бар. Мұнай-газ, уран, түсті металл өндіруде әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарында еке­німізді мақтанышпен айтамыз. Ал «KazEOSat-1» аппаратының көмегімен жаңа кен орындарын тез табуға зор  мүмкіндік туады. Сол арқылы іздеу-барлау жұмыстарының жұмысына жан кіреді. Ең бастысы, осы аппараттың көмегімен еліміздегі экологиялық ахуалды бағалай аламыз. Мәселен, табиғи ресурс­тарды пайдалану кезінде келген зиянның көлемін, босап қалған кен орындарынан болатын залалды, экологиялық қауіпті аймақтардың жағдайын, ауа мен судың құрамын анықтауға көп көмек береді. Бұдан бөлек, бүгінде басты қауіп болып саналатын терроризм ошақтарын білуге, есірткі заттарын тасымалдаудың алдын алуға, заңсыз миграцияны тыюға жағдай жасайды. Қысқасы, техника көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманның барлық талаптарына жауап береді. Сондай-ақ, бұл аппаратты тек өзіміз ғана қолданып қоймаймыз. Осы арқылы әлемнің кейбір елдеріне қызмет көрсетіп, пайда табу жағы да қарастырылған. Қазақстан ғарышты бағын­дыруға кезекті қадамын жасады. Байқоңырдан «KazSat-3» жер серігі, Францияның Куру ғарыш айлағынан «KazEOSat-1» аппараты ұшырылды. Мұның бәрі ел игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың бір парасы ғана. 2015 жылға қарай Қазақстанда ғарыш аппаратта­рын құрастыратын арнайы зауыттың құрылысы аяқталады. Бұйыртса, «KazSat-4» жер серігі сол жерден құрастырылмақ. Бұл дегеніңіз, Тәуелсіздік алғанына ширек ға­сыр толмаған жас мемлекет үшін аса зор табыс екені айтпа­са да түсі­­нікті. Ал мұндай табыс­қа Ел­ба­сының сындарлы саясаты мен ел­дің ауызбірлігінің, эко­номи­­­ка­лық өсімнің қалыпты болуы­­ның арқасында жеткеніміз ай­дан анық. Ендеше, еңселі елдің ке­­мел келешегі жолындағы ерен іс­­тер еселеп атқарыла берсін деп тіле­йік. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». БАЙҚОҢЫР.