Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және «Астана жастары» ЖРО волонтерлері және автоволонтерлерінің ұйымдастырумен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және мұқтаж жандарға ет таратылды.
«Құрбан айт мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласының белсенді жастары, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктердің, қалалық басқармалардың өкілдері біріге отырып, үш күн бойы мұқтаж азаматтарға ет таратуды ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінгі іс-шараға волонтерлер мен автоволонтерлер қатысып отыр. Олардың жалпы саны 500-ден асады. Бұл іс-шара әкімдіктің қолдауымен соңғы бес жылда тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатыр», деді «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бөлім басшысы Аян Ерментаев.
Бұл іс-шараның басты мақсат – қасиетті мерекеде мұсылмандық парызды орындау, мұқтаж жандарға көмектесу. Аталған игі істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – волонтер Дамир Айтымов.
«Құрбан айт мерекесіне орайластырылып өткізіп жатқан бұл іс-шараның сауабы мол. Құрбандыққа шалған мал етінің бір бөлігін әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға таратып беріп жатырмыз. Көңіл-күйіміз керемет. Осында игі іске атсалысқаныма қуаныштымын», дейді волонтер Дамир Айтымов.
Айта кетейік, елордалық волонтерлер бұған дейінгі мерекелерде де мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін таратып, сауапты іске мұрындық болып жүр.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтанда бекітілген мал сою орындарында құрбандық шалу сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін өтеді.
Сондай-ақ мұны «QURBAN2022.kz» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайты арқылы да онлайн жасауға болады. Мал сою үшін мына елордада 7 орын белгіленген болатын.
«Құрбан айт» мерекесі күндері халыққа құрбандық шалу және тағы басқа да діни мәселелер бойынша ақпарат алу үшін тәулік бойы «109» Call-center жұмыс істейді.