Келесі аптада Жапония парламентінің жоғарғы палатасын сайлау өтеді. Синдзо Абэ осы сайлау алды науқанға атсалысу үшін Жапонияның оңтүстігіндегі Нара қаласында ұйымдастырылған митингке қатысқан. Ол халықты өз партиясының кандидатын қолдауға шақырып, сөз сөйлеп тұрған кезінде қаскөй шабуыл жасаған.
«Ол сөйлеп жатыр еді, артқы жақтан бір адам атып шықты. Кенеттен оқ атты. Бірінші атылған оқтың дыбысы ойыншық мылтықтың үніне ұқсаған секілді болды. Абэ құлаған жоқ, қатты дыбыс естілді. Екінші оқтан жарқыл көрінді, одан соң түтін...», деп оқиғаны баяндайды Франс пресс тілшісі жапондық NHK телеарнасына сілтеме жасап. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерден оның ақ көйлегіндегі қан дақтарымен жерде жатқанын көруге болады. Бұрынғы премьер-министрді жедел жәрдеммен жақын маңдағы ауруханаға жеткізген. Жергілікті уақыт бойынша 17:03-те Синдзо Абэ алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Абэні аман алып қалуға тырысқан дәрігерлер төрт жарым сағат бойы оның өмірі үшін күрескенін айтады. Оған өте көп мөлшерде донорлық қан құйылған. Билік оқтың бірі мойынның оң жағына тигенін және Абэнің кеуде тұсынан қан кеткенін растады.
Күдікті 41 жастағы Тецуя Ямагамиді полиция оқиға орнында ұстап, қаруын тәркілеген. Ол ешқандай қарсылық көрсетпеген. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тецуя бұрын Жапонияның теңіздегі өзін-өзі қорғау күштерінің құрамында болған. Жұма күнгі баспасөз мәслихатында полиция қарулы адамның Абэмен байланысы бар деп есептейтін «бір топ адамға» өшпенділік танытқанын мәлімдеді.
Елдің Қорғаныс министрі Нобуо Киши бұрынғы премьер-министрге жасалған шабуылды кешірілмес күнә деп атап өтті. Жапония үкіметінің бас хатшысы Хироказу Мацуно «бұл мүлдем кешірілмейтін айуандық әрекет» деді. «Бұл қаруға иелік ету қатаң шектелген және саяси зорлық-зомбылық жоқ елдің халқы үшін ауыр оқиға болды, елді есеңгіретіп тастады», дейді «Би-Би-Си» ақпарат агенттігінің Токиодағы тілшісі. Елдің қазіргі премьер-министрі Фумио Кишида болса іссапарынан оралып, барлық министрге Токиоға келуді
бұйырған.
Жапонияда мылтықпен зорлық-зомбылық көрсету өте сирек кездеседі. Мұнда тапанша иелену мүмкін емес, саяси шабуылдар да жоқтың қасы. Әлемдік БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Синдзо Абэнің қасында арнайы қызметтің күзетшілері болған. Дегенмен оқ атқан адамның оған бірнеше метр қашықтыққа жақындауына ешқандай кедергі келтіре алмаған.
Синдзо Абэ елдің премьер-министр лауазымына екі рет тағайындалды. Ол –Жапония үкіметінің өзге басшыларына қарағанда бұл қызметті ең ұзақ уақыт атқарған тұлға. Абэ мырза 2020 жылы денсаулығына байланысты отставкаға кетті. Reuters агенттігінің мәліметіне сай, ол билеуші Либералдық-демократиялық партияның ықпалды тұлғасы саналады және партиядағы негізгі фракциялардың бірін бақылаған.
Синдзо Абэ – Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрінің ұлы және бұрынғы премьер-министрдің немересі. Үкімет басына 2006 жылы келіп, Жапонияның соғыстан кейінгі тарихындағы ең жас премьер-министр атанды. Абэ үкімет тізгінін ұстаған бастапқы кезең оның партиясы үшін жанжалдар мен саяси мәселелерге толы болды. Бір жылдан кейін ол отставкаға кетті. Әйтсе де 2012 жылы Синдзо Абэ үкімет басшылығына қайта тағайындалды. Бұл қызметті 2020 жылға дейін үлкен абыроймен атқарған.
Синдзо Абэ билігі кезінде Фукусима апатының салдарымен күресіп, Дональд Трамппен тығыз қарым-қатынас орнатып, Владимир Путинмен Курил аралдары туралы келіссөздер жүргізуге тырысқан. Негізі, Курил аралдары әу баста Жапонияға тиесілі болатын. Осы аралдарды қайтарып алу мақсатымен С.Абэ Ресей президенті Владимир Путинмен 27 рет кездесті. 2019 жылы Кремльдегі кездесуден кейін Абэ мен Путин 1956 жылғы декларацияға негізделген елдер арасындағы бейбіт келісімді талқылауға дайын екендігін мәлімдеді. Осыдан кейін 2019 жылы тағы бірнеше келіссөз өтті. 2020 жылы жапондық БАҚ Абэнің Мәскеудегі Жеңіс шеруіне баратынын жариялады. Бірақ пандемияға байланысты бұл жоспар орындалмады. Биылғы мамырда The Economist басылымына берген сұхбатында Синдзо Абэ оңтүстік Курил аралдарын Жапонияға беру мәселесінде алға ілгерілеу бар екенін, Владимир Путиннің кездесуге дайын екенін айтқан болатын. Бірақ бұл мақсатына жете алмады.
Синдзо Абэ сондай-ақ халықаралық саясатқа қатысты көзқарасы, елдің бұрыннан қалыптасқан антимилитаристік көңіл күйіне қайшы келетіні және «Абеномикс» деп аталатын экономиканы қалпына келтірудің батыл стратегиясы арқылы танымал. Консервативтік ұлтшылдықты жақтаушы Абэ екі жалпы сайлауда жеңіске жеткен Жапонияның Либералдық-демократиялық партиясын (LDP) басқарды.
Синдзо Абэнің кезінде Қытай және Оңтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынастарында түсініспеушілік туындады. Атап айтқанда, 2013 жылдан бері көршілес елдерде жапон милитаризмінің символы саналатын Токиодағы Ясукуни храмына тұрақты түрде барып тұратыны шетелдік әріптестерінің шымбайына батты. Нысан екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаза тапқан жапондықтарды, соның ішінде өлім жазасына кесілген әскери қылмыскерлерді еске алуға арналған. Жапонияның солшыл демократиялық фракциялары да Абэнің осы ғибадатханаға баруын ел тарихын ақтау және жапондық әскерилердің көршілеріне жасаған сұмдық қылмыстарын ұмыту әрекеті ретінде қарастырып, наразылықтарын білдірген еді.
2015 жылы Синдзо Абэ ұжымдық өзін-өзі қорғау туралы заңның қабылдануына қол жеткізді. Құжатқа сәйкес, Жапония билігі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет Жапонияны немесе шабуылға ұшыраған дос елдерді қорғау мақсатында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға өзін-өзі қорғау күштерін жібере алады. Көпшіліктің қарсылығына қарамастан, жапон парламенті бұл заңды қабылдады.
Осылайша, Синдзо Абэ жалпыға жаққанымен, жалқыға жақпай 67 жасында оққа ұшып мерт болды.