Қазақстан • 10 Шілде, 2022

Көбейген киік, кейіген шаруа: Оққа байлаумен оңтайландыру оң шешім бе?

532 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сайын даланың киесі әрі еркесі саналатын киік санының миллионнан әлдеқайда асып кеткені бүгінде әжептәуір мәселеге айналды. Жайы­лым мен егістік алқаптарына жаудай тиген жануарлардан көресіні көрген шарасыз шаруалардың шағымы барған сайын үдеп барады. Бұл ретте Үкімет тарапынан қабылдануы мүмкін киік санын реттеу туралы шешім қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр.

Көбейген киік, кейіген шаруа: Оққа байлаумен оңтайландыру оң шешім бе?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл көктемде Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 млн 318 мыңға жетті. Бұның үштен екісі, яғни 800 мыңнан аса киік Еділ мен Жайық арасын мекендейді. Ақбөкендерден зәрезап болған жұрт­тың да дені – осы өңір­ден. Ба­тыс Қазақстан облысының фер­мер­лері былтырдан бері байбалам салып, киіктердің егістік пен ша­бын­дық жерлерін таптап жат­қа­нын айтып жиі шағымданып келеді.

Аталған жағдай бейжай қал­май, оны ше­шудің түрлі жолдары қарастырылып, жан-жақты талқыланды. Соның ішінде оңтай­лы шешім ретінде көбіне киік санын ату арқылы реттеу аталып отыр. Мұндай ше­­шім биология-
лық негіздеме нәти­же­сінде қа­был­­­дан­ған екен. Бұл тура­лы 29 мау­сымда Эко­логия, гео­логия және табиғи ресурстар ми­­нистрі Серік­қали Брекешевтің Пар­ламент Мә­жі­­лісінде БАҚ өкіл­деріне айтқа­нынан кейін басы ашық мәселе одан сайын күшейіп кетті.

«Биологиялық негіздеме аяқталды. Ға­лым­дар киік санын реттеудің қажеттілігі бар дегенді айтып отыр. Бұл Орал популя­циясына қатысты болады. Қазір бұл популяцияның саны 800 мың бастан асады десек, соның 10 пайызы, яғни 80 мың бас киік реттеуге жатады. Киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейді. Оның ішінде кейбір популяциялардың санын көбейту де көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл – қажетті шара. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тіршілік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз», дейді С.Брекешев.

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы Қуат Шумақаевтың айтуынша, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының фермерлерінен шағым түскен. Бұдан кейін Зоология институты киіктердің санын әрі қарай реттеу бойынша ғылыми-биологиялық негіздеме дайындаған екен.

«Тәжірибе көрсеткендей, 1975 жылы бір рет әуесқойлық ату жүргізілген және ол киік санының күрт төмендеуіне, браконьерліктің артуына алып келді. Ғылыми ұйым ату жұ­мыс­тарын реттеуді сылтауратып киік аулау­ға ниет білдірген аңшыларға емес, орман ша­руашылығы комитетіне бағынышты маман­дандырылған ұйымның жүргізуін ұсынады. Ал киіктерді жаппай атуға жол берілмейді. Биологиялық негізге сәйкес, алдын ала ату көлемі Орал популяциясы бойынша жалпы санының 10%-ы – 80 мың бас, Бетпақдала популяциясының 2,5%-ы немесе 9-10 мың киікті көрсетіп отыр. Ол киіктерді 2025 жыл­ға дейін сатуға тыйым салған конвенция бар. Оны Қазақстан аумағынан тыс жерлер­ге шығару мәселесі тұрған жоқ», дейді Қ.Шумақаев.

Батыс Қазақстан облысындағы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Қайрат Қадешев ақбөкендерді атумен мәселе шешіле қоймайтынын, бұған кешенді ғылыми тұжырым керек екенін алға тартады.

– Мен осы қызметке кіріскен 2009 жылы өңірде киік саны небәрі 17 мың ғана болатын. Содан бері, міне 13 жыл өтті, ал киік саны қаншама есе өскенін бағамдай беріңіз. Ғылыми тұжырымдама бойынша еркін өсіп, көбеюі үшін әрбір киікке кемінде 20 гектар жер қажет. Қазір 8 млн гектарда 800 мың киік жайылып жүр. Сонда әр киікке 10 гектардан келіп тұр. Бірақ жергілікті халық бөкендердің саны бұдан да көп екенін айтып байбалам салуда. Расымен, киіктердің бұлай тез көбеюінің кері әсері шабындық пен егістіктен нәпақасын айырып отырған шаруаларға қатты сезіліп жатыр. Онсыз да қуаңшылық жайлаған өңірде киіктердің тигізіп отырған бұл залалы оңай болмай тұр. Бұл жануарлар, ең болмаса, айдағанға да көнбейді ғой. Өйткені оның ішетін суы да осы маңайда. Әйтпесе, соншама киіктің бәрі бір жерге үйіріліп қалмас еді. Киіктердің Жайықтың арғы бетіне өтпей жүргенінің себебі де – осы. Яғни басқа жаққа айдау үшін, қуу үшін су және басқа да жағдай болу керек. Сондықтан жұрт айтқандай киік санын басқа жаққа қуумен шешу қиын. Қазір өңірдегі киіктердің 10 пайызын, яғни 80 мың киікті атуға рұқсат беру туралы айтылып жатыр ғой. Шындап келгенде, мұның өзі мәселені шеше қоймайды. Өйткені ақбөкеннің саны Орал популяциясы жайлайтын аумақта 250-300 мың шамасында болуы керек, – деді Қ.Қадешев.

Елімізде кейінгі жылдары киіктердің көбеюі үлкен қарқын ала бастады. Орташа есеппен ақбөкендердің саны жылына 40%-ға артып отыр. Мұның басым бөлігі Орал по­пу­ляциясына тиесілі екенін айттық. Ал Бетпақдалада 489 мың, Үстіртте 28 мың киік бар. Бұлардың күрт көбеюіне кейіп, қынжылыс білдірген жұрттың осы аймақ­тардан екені түсінікті. Оның бәрі – нәпақасын егіннен айырып, жер емген шаруалар. Алқаптары майқандалып айран-асыр болған олар зор шығынға батып, Үкіметтен осы мәселені шешіп беруін сұрап отыр. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы фермер Бауыржан Сабанов.

«Статистикада көрсетіліп жатқан киіктер­дің санымен келіскім келмейді. Өйткені олар миллионнан әлдеқайда көп, тіпті 2 миллион­нан асып кетеді. Біздің бір ауданның өзінде көктемде төлдейтін уақытта 500-600 мың киік жиналған. Ал олардан жергілікті халық қалай зардап шегіп отырғанын ешкім біле бермейді. Фермерлерден бөлек, үйінде мал өсіріп, бақша егіп отырған қарапайым тұрғындар да осы киіктің әлегінен әбден қиналды. Киіктерге қамқорлық жасау керек екенін түсінемін, бірақ адам бәрінен жоғары емес пе? Сондықтан жергілікті халықтың да жанайқайына құлақ асып, осы мәселені тезірек шешуді сұраймын», дейді Б.Сабанов.

Ақбөкендерден Арқадағы ағайын да зәре­зап болып отыр. Дәнді дақыл өсіруге дағ­дыланған бұл өңірдегі диқандардың да шағымы көп.

«Былтыр біз 13 мың гектар жерге бидай ектік, оның 6 мың гектарын киіктер таптап тастады. Біз бұл жерлерге қанша комбайн салғанымен, орып алатын ештеңе болмады. Алқапта киіктер 2-3 мыңдап жайылып жүреді. Оларды бұрын мотоциклмен айдайтын, ал қатты ашыққан кезде ешқандай айдауыңа көнбейді. Айналып келгенде, мұның бәрі бізді үлкен шығынға батырып отыр. Сондай-ақ мұны азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер деп те түсіну керек», дейді Қостанай облысындағы шаруа қожалығының басшысы Роза Мурсина.

Бұл пікірді құптаған Ақмола облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жетекшілік ететін орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың айтуынша, өткен жылдың өзінде ақбөкендер фермерлерге 7 млрд теңге шығын келтірген екен.

«Біздің өңір – астықты аймақ. Біз 2 млн тонна астықты сыртқа шығарамыз, 1,5 млн тоннасын ел ішіне бағыттаймыз. Азық-түлік корпорациясы арқылы өңірлерге тасымалданатын арзан әлеуметтік нанды біз жасап жатырмыз. Алқаптарды үнемі аралап жүреміз, байқауымызша, киіктер саны ұсынылған статистикадан гөрі көп. Олардың саны көбейген сайын шығын көлемі де артады», деді облыс әкімінің орынбасары.

Фермерлердің жанайқайы түсінікті. Бірақ олардың өзі де киіктердің табиғи көшу жолдарын бұзып отырған жоқ па деген сауал туады. Жер бөлуде, жайылым мен егістік жерлерді үйлестіруде әкімдіктер қателік жіберген жоқ па? Міне, осындай уәжбен табиғат жанашырлары да қарсылығын білдіріп жатыр.

«Бүгінде киіктердің саны 1,3 млн-нан асады, бірақ бұл бізге оларды атуға ешқандай құқық бермейді. Кем дегенде киіктің популя­циясын 3 млн-ға жеткізу керек. Оның үстіне киіктерді атуға жарияланған мораторий жыл соңына дейін күшінде екені белгілі. Біз оны CITES конвенциясына (Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция) сәйкес жүзеге асыра алмаймыз, бұл контрабанда болып саналады. Бүгінде дала шаруасына ақбөкендер кедергі болды, бірақ бұл мәселеге сол кінәлі ме? Кеңес заманында олар малмен бірге емін-еркін жайылып жүрді. Ал біз қазір не көріп отырмыз? Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дала бөкендерінің көші-қоны жолында автобандар салғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар бір кездері әкімдер жабайы жануарлардың қоныс аударуының жолын ескермей ауылшаруашылық жерлерін бөлді. Мемлекеттік органдардың өз жұмысын дұрыс үйлестірмегендіктен біз үлкен проблемаға тап болдық және киіктер санының өсуі бұл жерде басты себеп емес, – деді тәуелсіз эколог Сәкен Ділдахмет.

Аталған мәселе жөнінде түрлі пікір болға­нымен, түпкілікті шешім ғылыми негізге сүйене отырып жасалуы керек. Бұл ретте Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев киіктерді аулауға қатысты қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Дегенмен ол биыл сынақ ретінде киіктер санын реттеуді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына жүктеу қажет екенін алға тартты.

Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Заңның 45-бабына сәйкес, жануарлар дүниесi түрлерінің санын реттеуге мынадай жағдайлар негіз бола алады: халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтырушылары жануарлар дүниесiнiң объектiлерi болып табылатын ауруларды жұқтыру немесе онымен ауыру қатерiнiң туындауы; экономикаға елеулi зиян келтiру қатерiнiң туындауы; жануарлардың жекелеген түрлерi санының азаюына және басқа жағымсыз салдарларға әкеп соққан жануарлар дүниесi мекендейтiн ортада қалыптасқан табиғи баланстың бұзылуы. Осы орайда Зоология институты тарапынан нормативтік-құқықтық актілерді, оның ішінде киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ғылыми мақсаттарда пайдалануды және олардың санын реттеуді жүргізуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пайдалануға тыйым салуды 2025 жылға дейін ұзарту, киікті «Саны реттеуге жататын жануар­лар түрлерінің тізбесіне» енгізу ұсынылып отыр.

Қазақстанда киік санын реттеу қыркүйектің ортасына қарай басталуы мүмкін. Бұл туралы ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев мәлімдеді.

«Биыл реттелуге тиіс киіктің Орал по­пуляциясының басы жалпы санының 10 пайызына тең. Оның 5 пайызы аталық киік, 47,5 пайызын ұрғашы киік және 47,5 пайы­зын биылғы төлі құрайды. Ал Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы Бетпақдала популяциясы үшін 2022 жылы есепке алынған киік санының 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр. Киік санын биологиялық, сонымен қатар экономикалық тұрғыда реттеудің оңтайлы мерзімі – 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін. Мұны «Охотзоопром» кәсіпорны арқылы жүзеге асыруға болады. Ғылыми қорытындыға сәйкес, киік санын реттеу оның биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен жүргізілуге тиіс. Киік санын реттеу нәтижесінде алынған, табиғи жолмен өлгендерінен жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген мүйіздерді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына оларды міндетті түрде түгендеу және таңбалай отырып жинауға мүмкіндік беру қажет», деді Н.Қылышбаев.

Оның айтуынша, киіктерді аулау процесі мен тетіктері әзірленеді. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр. Киік санын реттеуге халықты араластыру көзделіп отырған жоқ. Бұл браконьерліктің, бақылаусыз аңшылықтың артып кету тәуекелін болдырмау үшін жасалады.

Халық арасында қашаннан кие тұтып келген ақбөкендердің қарасын бұлай оққа байлаумен оңтайландыруға қарсылық танытушылардың қатары да қалың. Бірақ киіктердің күрт көбеюінен туған мәселе де күрделеніп барады. Қалай дегенмен, киіктердің санын реттейміз деп жүріп жарықтық жануардың киесіне жолығып, кепиетіне ұшырап жүрмесек болғаны...