Спорт • 11 Шілде, 2022

Үміткер анықталды

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Испанияның астанасы – Мадридте үміткерлер турнирі өз мәресіне жетті. Аталған жарыста жер жаһанның ең үздік сегіз шахматшысы шеберлік байқасты. 20 тәулік бойы шаршы тақтаға үңілген ойыншылар келесі жылы кімнің әлем чемпионы атағы үшін таласуға лайық екенін анықтады.

Үміткер анықталды

Пиреней түбегіндегі турнир Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталды. Ресей шахматшысы 14 кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, тоғызында тең түсті. Нәтижесінде, 9,5 ұпай жиып, жарыс жеңімпазы атанды. Осы­лайша, Брянск қаласының тумасы өзінің туған күніне тамаша сыйлық жасады. 14 шілдеде Ян 32 жасқа толғалы отыр.

Екінші орынды Дин Лижэнь иеленді. 29 жастағы Қытайдың сайып­қыраны 8 ұпайды өз қоржы­ны­на салды. Ол төрт ойында басым­дық танытқанымен, екі ретінде есе жіберді. Қалған партияларды тең аяқтады. Үшінші сатыға Теймур Раджабов табан тіреді. 35 жастағы Әзербайжанның мақтанышы 7,5 ұпа­йды еншіледі. Дәл сондай ұпай жиған америкалық Хикару Накамура төртінші орынды қанағат тұтты. Ал одан кейінгі сатыларға америкалық Фабиано Каруана (6,5 ұпай), фран­циялық Әлиреза Фирузджа (6 ұпай), польшалық Ян-Кшиштоф Дуда (5,5 ұпай) және мажарстандық Рихард Раппорт (5,5 ұпай) жайғасты.

Турнирдің жеңімпазы 48 мың евро көлемінде сыйақы алса, екінші орынды иеленген ойыншының есепшотына 36 мың аударылды. Үшінші сатыға табан тіреген саңлаққа 24 мың тиесілі. Сонымен қатар олжа­лаған әрбір жарты ұпай үшін қаты­сушыларға 3 555-тен табыс етілді. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры 500 мың евроны құрады. 

Үміткерлер турнирінде топ жарған Ян Непомнящий келесі жылы 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсенмен кездеседі. Новегияның тумасы да 32 жаста. Ол 2013 жылы Үндістанның Ченнай қаласында жергілікті ойыншы Вишванатан Анандты 6,5:3,5 есебімен ұтып, алтын тәжді иеленді. Одан кейінгі жылдары тағы сол Ананд (6,5:4,5), ресейлік Сергей Карякин (6:6, тай-брейк 3:1), америкалық Фабиана Каруана (6:6, тай-брейк 3:0) және Ян Непомнящийді (7,5:3,5) ұтып, өз атағын сәтті қорғады. Яғни соңғы тоғыз жыл аралығында Карлсенді ешкім тұғырдан тайдыра алған жоқ.  

Сантонья сарайында өткен жа­рыс­­тың ұйымдастырылу дең­гейі өте жоғары болғанымен, көпте­ген майталман маман мен осы спорт түрінің шынайы жан­күйер­і үміткерлердің өнеріне мүлде көңілдері толмағандарын ашық айтты. Осы орайда Владимир Крам­ник, Магнус Карлсен, Сергей Каря­кин бастаған бір топ атақты шахматшылар Мадридтегі турнирге қатысушылардың ойынын сынға алғанын да айта кетуге тиіспіз.