Аймақтар • 11 Шілде, 2022

Жаңа заңнамаларда жеңілдіктер көп

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Игорь Панченко, Ирина Унжакова және Зарина Камасова облыс орталығындағы «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесіп, референдумнан кейінгі атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндірді, кәсіпорындағы мәселелерге құлақ түрді.

Жаңа заңнамаларда жеңілдіктер көп

Бірінші болып сөз алған депутат Ирина Унжакованың айтқандай, пандемия мен қаңтар қасіреті Қазақстанға көп өзгеріс әкелді. Бұрын-соңды байқалмаған проблемалар ашылып қалып жатты. Мәселен, пандемиядан кейін биологиялық қауіпсіздік туралы заңға өзгерістер енгізілді.

– Қаңтар қасіреті қоғам қауіпсіздігін де қайта қарауға міндеттеп отыр. Тәр­тіп сақшыларының бүлікті ұйымдас­ты­рушылар ретінде танылуы, ел тыныш­тығын күзетуге арналған қару-жарақтың мемлекеттік төңкеріс жасау үшін қолданылуы қауіпсіздік саласында үлкен мәселелер бар екенін білдіреді. Айтар болсақ, оқ-дәрі қоймаларынан 3 жарым мыңдай қару қолды болды. Өкініштісі, қақтығыс салдарынан жазықсыз адамдар оққа ұшты. Тіпті балалар да қаза тапты, – деді Ирина Унжакова.

Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін депутаттар құқық қорғау жүйесіндегі заңнамаларды, қару­ды сақтау талаптарын күшейтіп отыр. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы шағын және орта бизнеске, өндіріс саласына да зиянын тигізгенін айтып, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге өтемақы төленгенін айтты. Ұлттық қор қаржысын пайдалану жөнінде де сөз болды.

– Елімізде 1 баррель мұнайдың өзіндік құны 50 АҚШ долларына дейін жетеді. Әлемдік нарықта 100 долларға сатылады. Яғни таза пайда – тек 50 доллар. Ал Біріккен Араб әмірліктерінде қара алтынның өзіндік бағасы 8 доллар, таза пайда – 92 доллар. Оның үстіне елімізде мұнай өңдеу зауыттары аз, барлары Ресей мұнайын ғана өңдейді. Осындай ауыр жолмен жинақтаған қорды жай ғана таратып бергеннен ұтарымыз аз. Қазір коронавирус инфекциясы қайта көбейе бастады. Сондықтан қордағы қаржыны тиімді пайдаланғанымыз дұрыс, – деп түсіндірді Ирина Унжакова.

Иә, кездесу болған соң суырылып шығып, сұрақ қоюшылар да болды. Олардың көтерген мәселелері – зейнетақы жасын қысқарту, қымбатшылыққа тоқтау салу, жалақыны көтеру. Депутаттар зейнетақы мәселесі мәжілісте қаралып жатқандығын айтты. Ал азық-түлік бағасына тұсау бола алмаймыз дегендей пікір білдірді.

Жиын соңында депутаттар халық­тың ұсыныс-тілектерін Үкіметке жет­кізетіндерін айтты.

 

Шығыс Қазақстан облысы